عَنْ سَهْلِ بْنِ سَعْدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: يُحْشَرُ النَّاسُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ عَلَى أَرْضٍ بَيْضَاءَ عَفْرَاءَ كَقُرْصَةِ النَّقِيِّ لَيْسَ فِيهَا عَلَمٌ لِأَحَدٍ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.
Сәһл ибн Сағд (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Қиямет күні адамдар ақ ұннан пісірілген таба нан секілді бозғылт ақ жерге жиналады. Ол жерде ешкімге тиесілі еш белгі болмайды»1.
Түсіндірме
1. Хадисте қиямет орнап, рухтар денелеріне қайтарылғаннан кейін адамдар есеп беруге жиналатын жер сипатталады. Оның түсі бозғылт ақ болады. «Афра» сөзі «дақсыз ақ», «аппақ», «қызғылтым ақ» деген мағыналарда қолданылады. Мұнда оны «ақ» сөзінен кейін келетін күшейткіш деп, «аппақ» мағынасын жөн көргендер бар. Оған ұнның ақтығын мысал еткен.
2. Хашр алаңының екінші сипаты – теп-тегіс болуы. Онда осы дүниені еске салатын тау мен тас, өзен мен тоғай, бау-бақша, үй-жай болмайды. Жер жүзі бұрынғы қалпынан айрылып, мүлде басқа кейіпке енеді.
Ибн Әбу Жамра мұнда жиналатын жердің осы дүниеден де кең болатыны меңзелген дейді. Ибн Хажар хадисте қазіргі жер бетінің жойылып, жаңа мекен әзірленетініне ишара барын айтады. Ол алғашқы буын ғалымдардың «Сол күні жер басқа бір жерге, көктер де басқа көктерге айналады»2 деген аятты түрліше түсіндіргенін жеткізеді. Өзгеретін жердің өзі мен сипаты ма, әлде тек сипаты ма? Ибн Хажар жоғарыдағы хадис бірінші пікірді қуаттайды деп санайды. Ибн Мәсғуд осы аят жайында: «Жер қан төгілмеген, күнә жасалмаған, күмістей тап-таза жерге айналады», – деген. Сөз Ибн Мәсғудқа телініп те (мауқуф), Алла Елшісіне (с.а.с.) телініп те (марфуғ) жеткен. Бәйхақи оны Ибн Мәсғудтың өз жорамалы санап, мауқуф нұсқасын сенімдірек көрген. Табари Әнәстен (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.с.): «Алла бұл жерді күнә жасалмаған күміс жерге айналдырады», – деген сөзін жеткізген. Жер бетінің қиямет күні аппақ, таза, күнәсіз жерге айналатынын қуаттайтын басқа марфуғ риуаяттар да бар.