وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: جَاءَ رَجُلٌ فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ! إِنَّ لِي مَمْلُوكِينَ يَكْذِبُونَنِي وَيَخُونُونَنِي وَيَعْصُونَنِي فَأَشْتِمُهُمْ وَأَضْرِبُهُمْ. فَكَيْفَ أَنَا مِنْهُمْ؟ فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِذَا كَانَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ يُحْسَبُ مَا خَانُوكَ وَكَذَّبُوكَ وَعَصَوْكَ وَعِقَابُكَ إِيَّاهُمْ. فَإِنْ كَانَ عِقَابُكَ إِيَّاهُمْ بِقَدْرِ ذُنُوبِهِمْ كَانَ كَفَافًا، لَا لَكَ وَلَا عَلَيْكَ، وَإِنْ كَانَ عِقَابُكَ إِيَّاهُمْ دُونَ ذَنْبِهِمْ كَانَ فَضْلًا لَكَ، وَإِنْ كَانَ عِقَابُكَ إِيَّاهُمْ فَوْقَ ذُنُوبِهِمْ اقْتُصَّ لَهُمْ مِنْكَ الْفَضْلُ. فَتَنَحَّى الرَّجُلُ فَجَعَلَ يَبْكِي وَيَهْتِفُ. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَمَا تَقْرَأُ قَوْلَ اللَّهِ عَزَّ وَجَلَّ؛ وَنَضَعُ الْمَوَازِينَ الْقِسْطَ لِيَوْمِ الْقِيَامَةِ فَلَا تُظْلَمُ نَفْسٌ شَيْئًا وَإِنْ كَانَ مِثْقَالَ حَبَّةٍ مِنْ خَرْدَلٍ أَتَيْنَا بِهَا وَكَفَى بِنَا حَاسِبِينَ. فَقَالَ الرَّجُلُ: وَاللَّهِ، يَا رَسُولَ اللَّهِ مَا أَجِدُ لِي وَلِهَؤُلَاءِ شَيْئًا خَيْرًا مِنْ مُفَارَقَتِهِمْ. أُشْهِدُكَ أَنَّهُمْ كُلَّهُمْ أَحْرَارٌ. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Айша (р.а.) былай жеткізген: «Бір кісі келіп: “Уа, Алланың елшісі! Құлдарым маған өтірік айтады, қиянат жасайды, айтқанымды тыңдамайды. Мен оларды балағаттап, ұрамын. Олардың алдындағы жағдайым не болмақ?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Қиямет күні олардың саған жасаған қиянаты, өтірігі мен бағынбағаны, сенің оларға берген жазаң есепке алынады. Жазаң олардың айыбына сай болса, есеп теңеседі: саған пайда да, зиян да жоқ. Жазаң айыбынан жеңіл болса, артықшылығы саған қалады. Жазаң айыбынан ауыр болса, артық кеткенінің ақысы сенен алынады”, – деді. Әлгі кісі шетке шығып, жылап, дауыстай бастады. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Алланың мына сөзін оқымап па едің? ‘Қиямет күні сол күнге тән дәл тартатын әділет таразыларын құрамыз да, адамдардың дүниедегі істерін түгелдей тартамыз. Ол күні ешбір жанға титтей де әділетсіздік жасалмайды. Істелген (жақсы-жаман) іс қышаның дәнегіндей мысқалдай болса-дағы оны таразыға тартамыз. Біз жауапқа тартушылар ретінде жеткіліктіміз (яғни Біздің жауапқа тартқанымыз әбден жеткілікті болады)’1”, – деді. Сонда әлгі кісі: “Аллаға ант етемін, уа, Алланың елшісі, олармен ажырасудан өзіме де, оларға да қайырлы іс көріп тұрған жоқпын. Куә болыңыз, бәрін азат еттім”, – деді»2.