عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَمَّا خَلَقَ اللَّهُ تَعَالَى الْجَنَّةَ قَالَ لِجِبْرِيلَ عَلَيْهِ السَّلَامُ: اذْهَبْ فَانْظُرْ إِلَيْهَا. فَذَهَبَ، فَنَظَرَ إِلَيْهَا. فَقَالَ: وَعِزَّتِكَ لَا يَسْمَعُ بِهَا أَحَدٌ إِلَّا دَخَلَهَا. فَحَفَّهَا بِالْمَكَارِهِ. ثُمَّ قَالَ اذْهَبْ فَانْظُرْ إِلَيْهَا، فَذَهَبَ، فَنَظَرَ إِلَيْهَا. فَقَالَ: وَعِزَّتِكَ لَقَدْ خَشِيتُ أَنْ لَا يَدْخُلَهَا أَحَدٌ. وَلَمَّا خَلَقَ النَّارَ قَالَ لِجِبْرِيلَ: اذْهَبْ فَانْظُرْ إِلَيْهَا. فَذَهَبَ، فَنَظَرَ إِلَيْهَا. فَقَالَ: وَعِزَّتِكَ لَا يَسْمَعُ بِهَا أَحَدٌ فَيَدْخُلُهَا. فَحَفَّهَا بِالشَّهَوَاتِ. ثُمَّ قَالَ: اذْهَبْ، فَانْظُرْ إِلَيْهَا. فَذَهَبَ، فَنَظَرَ إِلَيْهَا. فَلَمَّا رَجَعَ قَالَ: وَعِزَّتِكَ لَقَدْ خَشِيتُ أَنْ لَا يَبْقَى أَحَدٌ إِلَّا دَخَلَهَا». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ وَصَحَّحَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Алла тағала жәннатты жаратқанда, Жәбірейілге (а.с.): “Бар да, оны көр”, – деді. Жәбірейіл барып көрді де: “Ұлылығыңа ант етемін, ол туралы естіген әр адам оған кіреді”, – деді. Алла жәннатты нәпсіге ауыр істермен қоршап, оған: “Енді барып көр”, – деді. Жәбірейіл барып көрді де: “Ұлылығыңа ант етемін, оған ешкім кірмей қала ма деп қорқамын”, – деді. Алла тозақты жаратқанда, Жәбірейілге: “Бар да, оны көр”, – деді. Ол барып көрді де: “Ұлылығыңа ант етемін, ол туралы естіген ешкім оған кірмейді”, – деді. Алла тозақты құмарлықтармен қоршап: “Енді барып көр”, – деді. Жәбірейіл барып көріп, қайтып келген соң: “Ұлылығыңа ант етемін, бірде-бір адам одан аман қалмай ма деп қорқамын”, – деді»1.
Түсіндірме
Хадис жәннаттың тартымды екенін, оған жету үшін қиындықтарды еңсеру керегін айтады. Тозақ жантүршігерлік болса да, оған жетелейтін құмарлықтар адамды еліктіреді. Жәбірейіл алғаш көргенде екеуінің өз сипатына қарап, жәннаттың сұлулығын естіген әркім оған ұмтылып, тозақтың сұмдығын білген әркім одан бойын аулақ салар деп ойлаған.
Екінші рет көргенде Жәбірейіл жәннатқа жету үшін адам нәпсіге ауыр істерді атқаруы керек екенін байқайды. Оған құлшылықтың машақатына төзу, сабыр, тәуекел, жамандықтан тыйылу, зекет пен садақа беру, жиһад, аштық пен шөлге шыдау, нәпсіні тыю жатады. Нәпсі бұл істерге құштар емес. Ал тозақтың айналасында нәпсіге жағатын, адамды жауапсыздыққа, ысырапқа, өсекке, зина мен өтірікке бастайтын құмарлықтар бар. Оларға бой алдырмау әркімнің қолынан келе бермейді.
Жәннат пен тозақтың айналасын көрген Жәбірейіл (а.с.) әрқайсысына қанша адам баратынына алаңдайды.
Түсіндірушілер хадисті Алла Елшісінің (с.а.с.) мағынасы кең, бейнелі сөздерінің бірі санаған. Онда жәннатқа жету үшін нәпсіге ауыр істерді атқару, тозақтан сақтану үшін нәпсі құмарлығын тежеу керегі шебер теңеумен берілген.
Хадис мүмінге жәннатқа жету мен тозақтан сақтанудың жолын көрсетеді.
- 1Әбу Дәуіт, «Сүннет», № 4744. Тирмизи, «Жәннат», № 2560. Нәсәи, «Ант», 3-тарау.