وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «قَالَتْ هِنْدٌ امْرَأَةُ أَبِي سُفْيَانَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنَّ أَبَا سُفْيَانَ رَجُلٌ شَحِيحٌ، لَيْسَ يُعْطِينِي مَا يَكْفِينِي وَوَلَدِي إِلَّا مَا أَخَذْتُ مِنْهُ وَهُوَ لَا يَعْلَمُ. فَقَالَ: خُذِي مَا يَكْفِيكِ وَوَلَدَكِ بِالْمَعْرُوفِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.
Айша анамыз (р.а.) былай дейді: «Әбу Суфиянның әйелі Һинд: “Уа, Алланың елшісі! Әбу Суфиян сараң кісі. Өзіме және балама жететін нәпақаны бермейді. Тек өзіне білдірмей алғаным ғана бар”, – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Өзіңе және балаңа жететінін әдетке сай ал”, – деді»1.
Түсіндірме
1. Алла Елшісінің (с.а.с.) «ал» деген сөзі бұл жерде рұқсатты білдіреді. Ол міндет жүктемейді.
2. Пәтуа сұрағанда немесе шағым айтқанда адамның өзіне ұнамсыз сипатын атауға болады. Бұл – ғайбатқа рұқсат берілетін жағдайлардың бірі.
3. Хадис екі тараптың бірін екіншісі жоқта тыңдауға болатынын көрсетеді. Шафиғилер осы хадиске сүйеніп, қатыспаған тарапқа қатысты үкім шығаруды құптаған. Ханафилер мұндай үкімді құптамаған. Нәуәуи Әбу Суфиянның бұл жағдайда заң тұрғысынан «жоқ» саналмайтынын және берілген жауаптың сот үкімінен гөрі пәтуа екенін айтады. Ибн Хажар Әбу Суфиянның сол мәжілісте болғаны туралы риуаятты келтірген. Онда Һинд серт беру кезінде ұрлық жасамау шарты айтылғанда: «Мен Әбу Суфиянның малынан алған едім», – дейді. Сонда Әбу Суфиян: «Малымнан алғаның саған адал болсын», – деп жауап береді.
4. Үкім не пәтуа беру кезінде қазы өзіне туыс емес әйелдің сөзін тыңдай алады. Әйелдің дауысын әурет деп санаған ғалымдар мұндай рұқсатты қажеттілікпен түсіндірген.
5. Нәпақаны алды ма деген мәселеде әйелдің сөзі есепке алынады. Егер ер адамның сөзі өздігінен жеткілікті саналса, нәпақа бердім деген сөзінің өзі оны жеткілікті мөлшерде берді деп тануға жетер еді.
6. Әйелдің нәпақасы күйеуіне міндет және мөлшері оған жеткілікті болуы тиіс. Ғалымдардың көбі осы пікірді ұстанған. Жуәйни Шафиғиден де осы пікірді жеткізген. Дегенмен Шафиғиден кең тараған нұсқада нәпақа мүдд өлшемімен белгіленген.
• Ауқатты күйеу күн сайын екі мүдд береді.
• Орташа тұрмыстағы күйеу бір жарым мүдд береді.
• Тұрмысы төмен күйеу бір мүдд береді.
Нәпақаны мүддпен белгілеу имам Мәликтен де риуаят етілген.
Нәуәуи «Мүслімнің шархында» бұл хадисті шафиғилердің пікіріне дәлел етіп келтірген.
Ханафилердің бір пікірінде нәпақа әйелдің жағдайына қарай белгіленеді. Хассаф ерлі-зайыптылардың екеуінің де жағдайын ескеруді құптаған. «Һидаяда» пәтуа осы пікірге сай берілетіні айтылған. Оған осы хадис пен «Ауқатты адам ауқатына қарай нәпақа берсін»2 деген аят дәлел етіледі. Шафиғилер осы аятқа сүйеніп, күйеуінің жағдайын негізге алған. Кейбір ханафилер де осы пікірде.
7. Бала мұқтаж болса, оның нәпақасын өтеу міндет. Шафиғилер баланың жасының кішілігін және еңбекке жарамсыздығын ескерген.
8. Әйелдің қызметшісінің нәпақасы да күйеуінің мойнында.
9. Шафиғи мен кейбір ғалымдардың пікірінше, өзгенің мойнындағы ақысын ала алмай жүрген адам, оның рұқсатынсыз малынан өзіне тиесілі мөлшерді ала алады. Бұл «мәсәләт әз-зафар» деп аталады. Әуелі өзіне тиесілі мүліктің дәл сол түрінен алады. Одан алу мүмкін болмаса, басқа мүліктен ақысының құнынан асырмай алады.
10. Әйел өз баласына және тәрбиесіндегі балаларға қатысты міндетін атқаруда шешім қабылдай алады.
11. Шариғатта арнайы шек қойылмаған мәселеде қалыптасқан әдет ескеріледі.