عَنِ ابْنِ مُحَيِّصَةَ الْأَنْصَارِيِّ عَنْ أَبِيهِ: «أَنَّهُ اسْتَأْذَنَ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فِي إِجَارَةِ الْحَجَّامِ فَنَهَاهُ، وَكَانَ لَهُ مَوْلًى حَجَّامًا، فَلَمْ يَزَلْ يَسْأَلُهُ وَيَسْتَأْذِنُهُ حَتَّى قَالَ لَهُ آخِرًا: اعْلِفْهُ نَاضِحَكَ وَأَطْعِمْهُ رَقِيقَكَ». أَخْرَجَهُ الْأَرْبَعَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ.
Мұхаййиса әл-Ансаридің ұлы әкесінен мына оқиғаны жеткізген: «Мұхаййиса Алла елшісінен (с.а.с.) хижама жасағаны үшін ақы алуға рұқсат сұрады. Ол тыйым салды. Мұхаййисаның хижама жасайтын қоластындағы адамы бар еді. Мұхаййиса қайта-қайта рұқсат сұраған соң, Алла елшісі (с.а.с.): “Сол ақыдан су таситын түйеңді жемде және қоластыңдағы адамдарыңды тамақтандыр”, – деді»1.
Түсіндірме
Мұхаййиса хижама жасауды білетін адамның еңбегінен табыс тапқысы келіп, Алла Елшісінен (с.а.с.) рұқсат сұраған. Әуелде тыйым салынған соң, ол тағы өтініш білдірген. Ақырында ол ақыдан түйесін жемдеп, қоластындағы адамдарын асырауға рұқсат алған.
Өзге риуаяттарды ескерген Нәуәуи мұны харам ететін тыйымға жатқызбайды. Оның пайымынша, мұндағы тыйым – танзиһи мәкруһ. Хадис кісіні өзгенің еңбегіне сүйенбей, абыройлы кәсіппен күн көруге үндейді. Ақы арам болғанда, оның үкімі азат адам мен құлға бірдей болар еді.
Ахмад ибн Ханбал және кейбір ғалымдар хижама ақысын құлға адал, азат адамға мәкруһ деп санаған. Олардың пікірінше, азат адамның осы кәсіптен тапқан ақысын өз асына жұмсауына болмайды. Ал қоластындағы адамдарын асырауға және малын жемдеуге жұмсауына болады. Олар осы хадисті дәлел еткен.
Ғалымдардың көпшілігі бұл пікірге қосылмай, хижама ақысын танзиһи мәкруһ деп санаған. Олар Тирмизиде Әнәстан жеткен мына риуаятқа сүйенген: «Алла Елшісіне (с.а.с.) Әбу Тайба хижама жасады. Ол Әбу Тайбаға екі сағ азық беруді бұйырды және қожайынымен алымын азайту жөнінде сөйлесті. Содан кейін: “Ем ретінде қолданған тәсілдеріңнің ең абзалы – хижама”, – деді».
Тахауи және кейбір ғалымдар алғашқы тыйымның кейін күші жойылғанын айтқан. Дегенмен бұған берік дәлелдің жоқтығы ескертілген. Ибн әл-Араби Алла Елшісінің (с.а.с.) хижамаға ақы төлегенін және хижама ақысын «жағымсыз табыс» деген сөзін былай үйлестіреді: «Ақы нақты бір жұмыс үшін берілсе, рұқсат. Істелетін жұмыс белгісіз болса, ақы алуға рұқсат жоқ».
Хадис ем жасаған адамға ақы төлеуге және ақы иесіне оны жеңілдету жөнінде өтініш айтуға болатынын көрсетеді.
- 1Мәлик, «Муатта», «Истиғзан», 28-тарау (2-том, 970-бет). Әбу Дәуіт, «Ижара», № 3422. Тирмизи, «Буюғ», № 1277. Ибн Мәжа, «Тижарат», № 2166.