Хадис

Кутуб ситтә, № 5194

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
826. Мал шағылыстыру ақысы
Нөмірі
№ 5194 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
5194
Кутуб ситтә, № 5194 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَأَلَ رَجُلٌ مِنْ كِلَابٍ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَنْ عَسْبِ الْفَحْلِ فَنَهَاهُ، فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنَّا نُطْرِقُ الْفَحْلَ فَنُكْرَمُ. فَرَخَّصَ لَهُ فِي الْكَرَامَةِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ. «عَسْبُ الْفَحْلِ» مَاؤُهُ، وَالْمَنْهِيُّ عَنْهُ ثَمَنُهُ وَأَخْذُ الْأَجْرِ عَلَيْهِ، وَإِلَّا فَإِعَارَتُهُ حِلٌّ وَإِطْرَاقُهُ مُبَاحٌ جَائِزٌ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Килаб руынан бір адам Алла елшісінен (с.а.с.) еркек малды шағылыстырғаны үшін ақы алуды сұрады. Ол тыйым салды. Сонда әлгі кісі: “Уа, Алланың елшісі! Біз еркек малымызды шағылыстыруға береміз. Сөйтіп, бізге ризашылық білдіріп сый береді”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.) ондай сыйға рұқсат берді»1.

Түсіндірме

Ғалымдар еркек малды шағылыстыруға ақысыз беруді құптаған. Кейбірі бұл іске ақы алуға тыйымды келісімдегі белгісіздікпен түсіндірген. Өйткені жалға берілетін қызметтің қандай екені және мөлшері белгілі болуы керек.

Ибн Хажардың пікірінше, еркек малдың ұрығын сатуға да, осы мақсатта жалға беруге де тыйым салынған. Өйткені тапсыратын нәрсенің мөлшері мен жеткізу мүмкіндігі белгісіз. Ал шафиғилер мен ханбалилер малды белгілі мерзімге жалдауға рұқсат берген.

2. Хадисте еркек малын ақысыз берген кісіге кейін ризашылықпен сый беруге рұқсат етілгені айтылады. Ибн Хажар малды осы мақсатта ақысыз пайдалануға беруге ғалымдардың келіскенін, алдын ала шарт қойылмаған сыйды алуға болатынын айтқан. Ибн Хиббан жеткізген риуаятта биені шағылыстырып, құлындауына себеп болған адамға жетпіс аттың сауабы берілетіні айтылған.

  1. 1Тирмизи, «Буюғ», № 1274. Нәсәи, «Буюғ», 94-тарау.