وَعَنْ مَالِكٍ أَنَّهُ بَلَغَهُ أَنَّ ابْنَ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «لَا يَزَالُ الْعَبْدُ يَكْذِبُ وَيَتَحَرَّى الْكَذِبَ، فَيُنْكَتُ فِي قَلْبِهِ نُكْتَةٌ سَوْدَاءُ حَتَّى يَسْوَدَّ قَلْبُهُ، فَيُكْتَبُ عِنْدَ اللَّهِ مِنَ الْكَذَّابِينَ». «التَّحَرِّي» الْقَصْدُ.
Имам Мәлікке жеткен хабарда Ибн Мәсғуд (р.а.) былай деген: «Құл өтірік айтып, әдейі жалған сөйлеуін жалғастырса, жүрегіне қара дақ түседі. Ақырында жүрегі тұтас қарайып, ол Алланың құзырында өтірікшілердің қатарына жазылады»1.
Түсіндірме
Бұл риуаятта әр өтіріктің жүрекке қара дақ түсіретіні айтылған. Дақ көбейе келе жүректі түгел басады. Осылайша риуаят әдейі жалған сөйлеудің зардабын ескертіп, одан сақтануға шақырады. Әуелде адам өтірік айтқанынан қысылады, ар азабын тартады. Күнәсіне тәубе етіп, өкініп, одан бойын аулақ салмаса, өтірік айту әдетке айналады. Бара-бара кез келген жерде қымсынбай жалған сөйлейтін болады. Бұл – жүрек нұрының сөніп, қара дақтың көбейгенінің белгісі. Адам осы халінен арылмаса, Алланың құзырында өтірікші деп жазылады.
Дәйләмиден жеткен бір мәрфуғ риуаятта «Өтірікші жалған сөйлеп, өз қадірін түсіруін қоя алмайды» делінген.
- 1Мәлік, «Муатта», «Кәләм», 18-тарау (2-том, 990-бет). Бұл сөз Ибн Мәсғудтан жеткен.