Хадис

Кутуб ситтә, № 5215

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
834. Алла Елшісінің атынан жалған сөйлеу
Нөмірі
№ 5215 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
5215
Кутуб ситтә, № 5215 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Мұғира ибн Шуғба (р.а.)

وَعَنِ الْمُغِيرَةِ بْنِ شُعْبَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنَّ كَذِبًا عَلَيَّ لَيْسَ كَكَذِبٍ عَلَى أَحَدٍ، فَمَنْ كَذَبَ عَلَيَّ مُتَعَمِّدًا فَلْيَتَبَوَّأْ مَقْعَدَهُ مِنَ النَّارِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Мұғира ибн Шуғба (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Менің атымнан өтірік айту өзге біреудің атынан өтірік айтумен бірдей емес. Кім менің атымнан әдейі өтірік айтса, тозақтағы орнын әзірлей берсін»1.

Түсіндірме

1. №5209 хадисте көрсетілген үш жағдайдан өзге кезде өтірікке қатаң тыйым салынған. Бұл хадис Алла Елшісінің (с.а.с.) атынан өтірік айтудың күнәсі ерекше ауыр екенін білдіреді. Басқа кісінің атынан жалған сөйлеудің де харам екені өзге діни мәтіндерде айтылған. Өзгенің атынан өтірік айту харам болса, Алла Елшісінің (с.а.с.) атынан өтірік айтудың жазасы одан да ауыр.

Түсіндірмешілер бұйрық райдағы «әзірлесін» сөзін алдағы жазаны білдіретін хабар деп ұққан. Яғни, ондай адам өз қолымен тозақтағы орнын әзірлеген болады.

2. Ғалымдар Алла Елшісінің (с.а.с.) атынан әдейі өтірік айтқан адамға қатысты екі түрлі пікір білдірген.

а) Бір топ ғалым әдейі өтірік айтқан адам діннен шығады деген. Әбу Мұхаммед әл-Жууәйни осы көзқарасты ұстанған. Оның ұлы Имамул-Харамайн және кейінгі ғалымдар бұл пікірді әлсіз деп санаған. Ибн әл-Мунир әл-Жууәйнимен келісіп: «Алла Елшісінің атынан жалған сөйлеу – харамды халалға шығарумен тең. Харамды халал деп тану – күпірлік», – деген. Ғалымдардың көпшілігі Алла Елшісінің атынан жалған сөйлеуді халал деп санаған адам күпірлікке түсерін айтқан.

ә) Екінші көзқарас бойынша, Алла Елшісінің (с.а.с.) атынан өтірік айту үлкен күнәға, өзгенің атынан жалған сөйлеу кіші күнәға жатады. Екеуінің жазасы мен тозақта қалу мерзімі де бірдей болмауы мүмкін. «Әзірлесін» деген ескертуден тозақта мәңгі қалуды ұғуға болғанымен, Құран мен хадистің анық дәлелдерінде онда кәпірлер ғана мәңгі қалатыны айтылған.

3. Бұл хадис көптеген риуаят тізбегі арқылы мүтәуатир дәрежесінде жеткен. Кейбір ғалымдар мүтәуатирге қойылатын талапқа осы хадис қана толық сай келеді деген. Ибн Хажар бұл пікірмен келіспеген. Ол مَنْ بَنَى لِلَّهِ مَسْجِدًا, الْمَسْحُ عَلَى الْخُفَّيْنِ, رَفْعُ الْيَدَيْنِ, الشَّفَاعَةُ, الْحَوْضُ, رُؤْيَةُ اللَّهِ және الْأَئِمَّةُ مِنْ قُرَيْشٍ секілді хадистерді де мүтәуатир деп көрсетеді. Бұл хадисті жеткізген сахабалардың саны жөнінде бірнеше пікір бар. Нәуәуидің келтіруінше, оны екі жүз сахаба жеткізген. Ең дұрысын Алла біледі.

  1. 1Бұхари, «Жаназа», 34-тарау. Мүслим, «Кіріспе», № 4. Тирмизи, «Ілім», 9-тарау, № 2664.