وَفِي أُخْرَى: «لَا يَدْخُلُ النَّارَ أَحَدٌ فِي قَلْبِهِ مِثْقَالُ حَبَّةٍ مِنْ خَرْدَلٍ مِنْ إِيمَانٍ، وَلَا يَدْخُلُ الْجَنَّةَ أَحَدٌ فِي قَلْبِهِ مِثْقَالُ حَبَّةٍ مِنْ خَرْدَلٍ مِنْ كِبْرٍ». وَالْمُرَادُ بِالْكِبْرِ هُنَا كِبْرُ الْكُفْرِ وَالشِّرْكِ لِمُقَابَلَتِهِ إِيَّاهُ بِالْإِيمَانِ. «بَطَرُ الْحَقِّ» رَدُّهُ. وَ«غَمْطُ النَّاسِ» احْتِقَارُهُمْ.
Басқа риуаятта «Жүрегінде қыша дәніндей иманы бар адам тозаққа кірмейді, ал жүрегінде қыша дәніндей тәкаппарлығы бар адам жәннатқа кірмейді» делінген1.
Түсіндірме
1. Алла Елшісі (с.а.с.) жүрегінде тәкаппарлығы бар адамның жәннатқа кірмейтінін айтқан. Хаттаби бұл сөзге екі түсінік ұсынады. Біріншісінде «тәкаппарлық» күпірлікті білдіреді. Адам тәкаппарланып иманнан бас тартса, сол күйде дүниеден өтіп, жәннатқа кірмейді. Екіншісінде жәннатқа кірер кезде адамның жүрегінде тәкаппарлық қалмайды деген мағына бар. Құранда «Олардың көкірегіндегі (жүрегіндегі) өшпенділік, ыза-кек, қызғаныш сынды жағымсыз сезімдерді суырып алып тастаймыз» делінген2.
Нәуәуи Хаттабидің түсіндірмесін жеткілікті көрмеген. Оның айтуынша, хадистің мақсаты – көпке белгілі, өзгені кемсітуден көрінетін тәкаппарлықтан тыю. Осы түсінік бойынша, тәкаппар адам күнәсінің жазасын тартып, сол күнәдан тазарғанша жәннатқа кірмейді.
Дегенмен Алла мұндай күнәні кешірмейді деген кесімді дәлел жоқ. Хадисті «Алла кешірмесе, адам тәкаппарлығының жазасын тартпай жәннатқа кірмейді» деп түсінуге болады. Жүрегінде қыша дәніндей иманы бар адам тозақта мәңгі қалмайтыны секілді, тәкаппарлықтың өзі де адамды мәңгі тозаққа байламайды.
2. Әдемі киінуді ұнатқан сахабаның кім екені жайында бірнеше пікір бар. Нәуәуи Қади Иядтан оның Мәлік ибн Мурара әр-Рахауи болғаны туралы пікірді келтіреді.
3. Ғалымдар жүрегінде қыша дәніндей иманы бар адамның тозаққа кірмейтіні жөніндегі хадисті «Ол кәпірлер сияқты тозақта мәңгі қалмайды» деп түсіндірген. Иманмен қатар күнә мен астамшылық та болуы мүмкін. Кісі ол күнәсі кешіріліп немесе жазасын тартып тазармайынша жәннатқа кірмейді. Алайда түйірдей иманы бар адам аздаған тәкаппарлығы үшін тозақта мәңгі қалады деген қорытынды шықпайды. Үкімді бір Алла береді.
4. Хадисте Алланың көркемдікті жақсы көретіні айтылған. Ғалымдар мұны әртүрлі түсіндірген. Себебі «Жәмил» есімі Құранда да, мүтәуатир хадистерде де келмеген. Бірқатар түсіндірмеші бұл сөзді Алланың анық белгілі есімдерімен байланыстырған. Кейбірі: «Оның әр әмірі көркем. Көркем есімдер де, сұлулық пен кемелдік сипаттары да Оған тән», – деген.
Кей ғалымдар «Кәрим» есімін «Мүкрим», яғни құрмет көрсетуші, «Сәмиғ» есімін «Мүсмиғ», яғни естіртуші, «Жәмил» есімін «Мүжмил», яғни көркемдік сыйлаушы мағынасында түсіндірген.
Хаттаби «Жәмил» сипатын нұр мен көркемдік мағынасында түсіндірген.
Кейбір ғалымдар оны «Құлдарына мейіріммен, жұмсақтықпен қарайды, көтере алмайтын жүк артпайды, міндетін атқаруға жәрдемдесіп, жақсылықтың сауабын еселейді» деп түсінген.
Нәуәуи кей ғалымдардың «Жәмил» есімі ахад хабармен жеткен күннің өзінде, оны Аллаға қатысты қолдануға рұқсат бергенін жеткізеді.
Имамул-Харамайн сахих мәтінмен бекіген шариғат үкіміне қарсы шығуға болмайтынын айтады. Бір істің халал не харам екені анықталмаса, оған өз бетімізбен үкім бермейміз. Оның пікірінше, Аллаға бір есімді қолдану үшін міндетті түрде бұлтартпас дәлел керек деген қағида бекітілмеген. Бұлтартпас білімге жеткізбесе де, амал етуге негіз бола алатын дәлел де жеткілікті болуы мүмкін.