وَعَنْ جَابِرِ بْنِ عَتِيكٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنَّ مِنَ الْغَيْرَةِ مَا يُحِبُّ اللَّهُ تَعَالَى، وَمِنْهَا مَا يُبْغِضُ اللَّهُ تَعَالَى. فَأَمَّا الَّتِي يُحِبُّ اللَّهُ تَعَالَى فَالْغَيْرَةُ فِي الرِّيبَةِ، وَأَمَّا الْغَيْرَةُ الَّتِي يُبْغِضُهَا اللَّهُ فَالْغَيْرَةُ فِي غَيْرِ رِيبَةٍ. وَإِنَّ مِنَ الْخُيَلَاءِ مَا يُبْغِضُ اللَّهُ، وَمِنْهَا مَا يُحِبُّ اللَّهُ. فَأَمَّا الَّتِي يُحِبُّهَا اللَّهُ تَعَالَى فَاخْتِيَالُ الرَّجُلِ بِنَفْسِهِ عِنْدَ الْقِتَالِ، وَاخْتِيَالُهُ عِنْدَ الصَّدَقَةِ. وَأَمَّا الَّتِي يُبْغِضُهَا اللَّهُ تَعَالَى فَاخْتِيَالُهُ فِي الْبَغْيِ وَالْفَخْرِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ. وَعِنْدَ النَّسَائِيِّ: «فَالِاخْتِيَالُ فِي الْبَاطِلِ».
Жабир ибн Атик (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Алла қызғаныштың бір түрін ұнатады, бір түрін ұнатпайды. Алла ұнататын қызғаныш – күдікке негіз болғанда туған қызғаныш. Алла ұнатпайтын қызғаныш – күдікке негіз жоқта туған қызғаныш. Алла паңдықтың да бір түрін ұнатады, бір түрін ұнатпайды. Алла адамның шайқас үстінде және садақа бергенде көрсеткен айбарын ұнатады. Ал озбырлық жасап, мақтанғанда көрсеткен паңдығын ұнатпайды»1. Нәсәи жеткізген нұсқада «жөнсіз істе көрсетілген паңдық» делінген.
Түсіндірме
Бұл хадистерде адамның кей мінезі әр жағдайға қарай әртүрлі бағаланатыны мысалмен айтылған. Кісі туысының жаман іске барғанын көрсе, уайымдап, оны сол іске қимайды. Бұл – Алла ұнататын қызғаныш. Ал оны жақсы істен қызғану – Алла ұнатпайтын мінез. Мәселен, неке секілді шариғат адал еткен іске разы болу – әрі діни, әрі адамдық міндет.
Адамның паң мінезі де жағдайға қарай бағаланады. Соғыста қарсыласының алдында қаймықпай, айбар көрсетуіне рұқсат етілген. Ол қарсыласының мысын басып, жеңіске жетуге ықпал етуі мүмкін. Хадисте осындай айбар құпталған.
Шайқаста айбар көрсетуге рұқсат етілгенімен, адамшылық шегінен асуға болмайды. Қарсыластың денесін қорлау немесе мал-мүлкін зорлықпен алу секілді озбырлықты Алла ұнатпайды.
Байлығын, тегін, атақ-дәрежесін алға тартып, өзгені төмен санау да – Алла ұнатпайтын паңдық. Жақсылығын жария етіп мақтану, жұрттың мақтауы үшін жомарттық жасау да соған жатады.
- 1Әбу Дәуіт, «Жиһад», 114-тарау, № 2659. Нәсәи, «Зекет», 66-тарау (5-том, 78-бет).