عَنْ أَبِي بَكْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَلَا أُنَبِّئُكُمْ بِأَكْبَرِ الْكَبَائِرِ؟ ثَلَاثًا. قُلْنَا: بَلَى. قَالَ: الْإِشْرَاكُ بِاللَّهِ، وَعُقُوقُ الْوَالِدَيْنِ، وَقَتْلُ النَّفْسِ. وَكَانَ مُتَّكِئًا فَجَلَسَ فَقَالَ: أَلَا وَقَوْلُ الزُّورِ، وَشَهَادَةُ الزُّورِ. فَمَا زَالَ يُكَرِّرُهَا حَتَّى قُلْنَا: لَيْتَهُ سَكَتَ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Әбу Бәкрә (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Сендерге үлкен күнәлардың ең ауырын айтайын ба?” – деп үш рет сұрады. Біз: “Иә, айтыңыз”, – дедік. Ол: “Аллаға серік қосу, ата-анаға қарсы келу, адам өлтіру”, – деді. Алғашында сүйеніп отырған еді. Сүйенген жерінен тіктеліп отырып: “Біліңдер, жалған сөз бен жалған куәлік те сондай күнә!” – деді. Соны қайта-қайта айта берген соң, біз іштей “Енді тоқтаса екен” дедік»1.
Түсіндірме
1. Алла Елшісі (с.а.с.) атаған ата-анаға қарсы келу мен жалған сөйлеу жайында Құранда да айтылған. «Алламен қатар әлдекімді немесе әлденені құдай тұтпа! Әйтпесе, айыбың бетіңе басылып, жазғырылып, қолдаусыз әрі жападан жалғыз қалған күйде омаласың да қаласың. Раббың бір Өзіне ғана құлшылық етуді, ата-анаға барынша жақсылық жасауды үкім етті...»2. «Ендеше, нас пұттардан (яғни, пұтқа табынушылық сынды рухани настықтан) іргелеріңді аулақ салыңдар, жалған сөзден де барынша аулақ болыңдар»3.
2. Алла Елшісі (с.а.с.) сүйеніп отырған қалпынан денесін тіктеп, соңғы сөзін бірнеше рет қайталады. Ол жұрттың назарын аударып, ескертудің маңызын ұғындырмақ болған. Сахабалардың «Енді тоқтаса екен» дегені оған деген жанашырлықтан туған. Олар Пайғамбардың (с.а.с.) қиналғанын қаламаған.
3. Хадисте үлкен күнәлардың өзі ауырлығына қарай жіктелген. Алла Елшісі (с.а.с.) «үлкен күнәлардың ең ауыры» деп соны аңғартқан. Ғалымдар кіші күнә ұғымы жөнінде де пікір таластырған. Кейбірі «Алланың әміріне қарсы келудің үлкені мен кішісі болмайды» деген.
Кей хадистерде ғибадаттардың бірқатар күнәға кәффарат болатыны айтылған. Соған сүйенген ғалымдар кәффаратпен өтелетін күнәні кіші, өтелмейтінін үлкен күнәға жатқызған. Бұл хадистердің жеткені анық болғандықтан, көпшілік ғалым күнәлардың үлкен-кіші болып бөлінетінін мойындаған. Күнәнің салмағы істің сипатына да байланысты. Мәселен, жазықсыз кісіні жаралау оны ұрып жібергеннен ауыр, ал оны өлтіргеннен жеңіл. Сол секілді зина жасау бөгде әйелді сүюден ауыр.