Хадис

Кутуб ситтә, № 746

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
84. «Ахзаб» сүресі
Нөмірі
№ 746 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 7
746
Кутуб ситтә, № 746 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «لَوْ كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ كَاتِمًا شَيْئًا مِنَ الْوَحْىِ لَكَتَمَ هَذِهِ الْآيَةَ: وَإِذْ تَقُولُ لِلَّذِى أَنْعَمَ اللَّهُ عَلَيْهِ. يَعْنِى: بِالْإِسْلَامِ؛ وَأَنْعَمْتَ عَلَيْهِ. بِالْعِتْقِ: أَمْسِكْ عَلَيْكَ زَوْجَكَ إِلَى قَوْلِهِ وَكَانَ أَمْرُ اللَّهِ مَفْعُولًا؛ وَأَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ لَمَّا تَزَوَّجَهَا قَالُوا: تَزَوَّجَ حَلِيلَةَ ابْنِهِ. فَأَنْزَلَ اللَّهُ تَعَالَى: مَا كَانَ مُحَمَّدٌ أَبَا أَحَدٍ مِنْ رِجَالِكُمْ وَلَكِنْ رَسُولَ اللَّهِ وَخَاتَمَ النَّبِيِّينَ. وَكَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ تَبَنَّاهُ وَهُوَ صَغِيرٌ فَلَبِثَ حَتَّى صَارَ رَجُلًا يُقَالُ لَهُ زَيْدُ ابْنُ مُحَمَّدٍ. فَأَنْزَلَ اللَّهُ تَعَالَى: ادْعُوهُمْ لِآبَائِهِمْ الْآيَة. فُلَانُ ابْنُ فُلَانٍ، وَفُلَانُ أَخُو فُلَانٍ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِىُّ وَصَحَّحَهُ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай деген: «Егер Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) түскен уахиден бір нәрсені жасырар болса, мына аятты жасырар еді: ﴿وَإِذْ تَقُولُ لِلَّذِىٓ أَنْعَمَ ٱللَّهُ عَلَيْهِ وَأَنْعَمْتَ عَلَيْهِ أَمْسِكْ عَلَيْكَ زَوْجَكَ وَٱتَّقِ ٱللَّهَ وَتُخْفِى فِى نَفْسِكَ مَا ٱللَّهُ مُبْدِيهِ وَتَخْشَى ٱلنَّاسَ وَٱللَّهُ أَحَقُّ أَن تَخْشَىٰهُ فَلَمَّا قَضَىٰ زَيْدٌ مِّنْهَا وَطَرًا زَوَّجْنَٰكَهَا لِكَىْ لَا يَكُونَ عَلَى ٱلْمُؤْمِنِينَ حَرَجٌ فِىٓ أَزْوَٰجِ أَدْعِيَآئِهِمْ إِذَا قَضَوْا۟ مِنْهُنَّ وَطَرًا وَكَانَ أَمْرُ ٱللَّهِ مَفْعُولًا﴾ “Алла нығметіне бөлеген, өзің де көп жақсылық жасаған адамыңа: ‘Әйеліңнен ажырама, Алладан қорық!’ – деген едің. Сөйтіп, Алланың Өзі жарияға әйгілейін деп тұрған ақиқатты ішіңе бүгіп қалдың. Ел-жұрттан имендің. Дегенмен Алладан қорыққаның әлдеқайда абзал еді. Содан, Зәйд әйелімен біржола ажырасқан кезде, оның талақ еткен әйелін саған қостық. Біз мұны мүміндердің асыранды балалары өз әйелдерімен біржола ажырасқан кезде, өгей балаларының талақ еткен әйелдерін алу мәселесінде қиналмау үшін істедік. Алланың әмірі сөзсіз орындалуға тиіс”. Мұндағы Алланың нығметі – оған исламды нәсіп еткені, ал сенің жақсылығың – оны азат еткенің.1

Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Зейнеппен үйленгенде, жұрт: «Ұлының бұрынғы әйеліне үйленді», – деді. Осыған байланысты Алла Тағала мына аятты түсірді: ﴿مَّا كَانَ مُحَمَّدٌ أَبَآ أَحَدٍ مِّن رِّجَالِكُمْ وَلَٰكِن رَّسُولَ ٱللَّهِ وَخَاتَمَ ٱلنَّبِيِّـۧنَ وَكَانَ ٱللَّهُ بِكُلِّ شَىْءٍ عَلِيمًا﴾ «Мұхаммед араларыңдағы бірде-бір еркек кіндіктінің әкесі емес. Ол Алланың елшісі һәм ең соңғы пайғамбар. Алла барлық нәрсені білуші».2

Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Зәйдті кішкентай кезінде асырап алған еді. Зәйд ержеткенге дейін оның қасында болды. Барлығы оны “Зәйд ибн Мұхаммед” (Мұхаммедұлы Зәйд) деп шақыратын. Осыған байланысты “Асыранды балаларыңды өз әкелерінің атымен атаңдар. Алланың құзырында ең дұрысы сол. Егер олардың әкелерін білмесеңдер, онда олар діндес бауырларың әрі достарың болады”3 деген аят түсті. Яғни “пәленше пәленшенің ұлы”, “пәленше пәленшенің бауыры” деп атаңдар».4

Түсіндірме

Риуаят Алла Елшісінің (с.а.с.) асыранды ұлы Зәйд ибн Харисамен ажырасқан Зейнеп бинт Жахшқа үйленуін баяндайды. Жаһилият салтында асыранды ұлдың бұрынғы әйеліне үйленуге тыйым салынатын. Сондықтан жұрт бұл некені тосырқап қарсы алды. Мәдинада исламға қарсы сылтау іздегендер өсек таратты. Аят бұл некенің Алланың әмірімен қиылғанын және асыранды балаға қатысты бұрынғы құқықтық ұстанымды өзгерткенін баяндайды.

• Қан туыстығы мен асырап алудан туған қатынастың арасы ажыратылды.

• Асыранды ұлымен ажырасқан әйелге үйленуге рұқсат етілді.

• Некенің Алланың әмірімен қиылғаны айтылды.

Негізінде, әзірет Зейнеп – Алла Елшісінің әкесінің қарындасы Үмәйма бинт Абдулмутталибтің қызы еді. Текті отбасынан шыққан. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ел арасында азаттық алған кісілерді кемсітуді тоқтату, мүминдер өзара тең деген түсінікті орнату секілді ұлы мақсаттарды жүзеге асыру үшін әуелі өз жақындарынан үлгі көрсеткісі келіп, әрі өз әулетінен үлгі көрсетіп Зейнеп пен Зәйдті үйлендірген. Зейнеп бұл некені қаламады, бірақ Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өтінген соң, келіскен болатын.

Екеуі тіл табыса алмай, ақыры ажырасады. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) олардың ажырасқанын қаламады. Негізінде, ажырасу – Алла ұнатпайтын іс. Сондай-ақ бұл неке өзінің өтінішімен, қалауымен болған еді, соған байланысты Зәйдтің ажырасуын құптамай, «әйеліңмен ажыраспа» деп кеңес берген. Зәйд қайта-қайта қоймаған соң: سُبْحَانَ اللَّهِ مُقَلِّبَ الْقُلُوبِ «Жүректерді құбылтушы Алла пәк» деп, таңданысын білдіреді. Өйткені Зейнептей жас әрі сұлу әйелге Зәйд үйренісе алмай, барынша тезірек ажырасқысы келді, бұнысы шынымен де таңғалдыратын жағдай еді.

Алайда Зейнеп құрайыштық текті әулеттен шыққандықтан, құлдықтан азат болған Зәйдтен өзін жоғары санауы Зәйдтің осылай шешім қабылдауына себеп болған. Әзірет Зәйд болса, құлдықтан азат болғанымен, Алла Елшісінің (с.а.с.) ант іше отырып: «Ол (яғни Зәйд) қолбасшылыққа лайықты» деп мақтағанындай, асқақ рухты, кемсітуге көнбейтін тұлға еді. Осы жағдай ажырасуға түрткі болды. Аятта айтылғандай, ғиддат мерзімі аяқталып, әзірет Зәйдпен байланысы үзілген соң әзірет Зейнеп пен Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) илаһи әмірмен үйленді.

Кейбір тәпсір кітаптарында хадис ілімі тұрғысынан сахих тізбекке негізделмеген, хадис деуге келмейтін біршама риуаяттарда Расулалланың исматы (күнәсіз) мен пәктігіне үйлеспейтін жорамалды кездестіруге болады. Онда Расулалла әзірет Зейнепті жеңіл-желпі киімімен көріп қалып ұнатып қалыпты-мыс... Әзірет Зәйд осыны сезіп қалып, әзірет Зейнеппен ажырасыпты-мыс. Бұл пікір қарама-қайшылыққа толы. Себебі әзірет Зейнеп Расулалла бірінші рет көретіндей бейтаныс әйел емес, әкесінің қарындасының қызы еді, оны бала кезінен танитын. Орану аяты да кейіннен түскен, оған дейін қаншама рет жеңіл-желпі киімімен көрген болуы мүмкін. Сондай-ақ Зәйд пен Зейнептің үйленуіне бастамашы болған – ардақты Пайғамбардың өзі. Осыған дейін Зейнеппен үйленгісі келгенде, оған ешқандай кедергі жоқ еді. Ең маңыздысы, осы жолғы некесі илаһи әмірмен қиылған еді, аятта زَوَّجْنَاكَهَا «Оны саған біз некелестірдік» делінген. Тіпті әйелдер өзара мақтанған кезде, Зейнеп бинт Жахш әзірет Айшадан басым түсу үшін: «Менің некемді Алла қиды» дейді екен.

  1. 1«Ахзаб» сүресі, 37-аят.
  2. 2«Ахзаб» сүресі, 40-аят.
  3. 3«Ахзаб» сүресі, 5-аят.
  4. 4Тирмизи, «Тәпсір», «Ахзаб» (№3208, Ибраһим Жанан басылымында №3206). Мүслим, «Иман», 287 (№177). Бұхари, «Тәухид», 22.