Хадис

Кутуб ситтә, № 748

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
84. «Ахзаб» сүресі
Нөмірі
№ 748 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 9
748
Кутуб ситтә, № 748 · тараудағы реті: 9

وَعَنْ عُرْوَةَ عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَتْ خَوْلَةُ بِنْتُ حَكِيمٍ مِنَ اللَّاتِي وَهَبْنَ أَنْفُسَهُنَّ لِلنَّبِىِّ ﷺ. فَقَالَتْ عَائِشَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: أَمَا تَسْتَحِى الْمَرْأَةُ أَنْ تَهَبَ نَفْسَهَا لِرَجُلٍ؟ فَلَمَّا نَزَلَتْ: تُرْجِى مَنْ تَشَاءُ مِنْهُنَّ وَتُؤْوِى إِلَيْكَ مَنْ تَشَاءُ. قُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ: مَا أَرَى رَبَّكَ إِلَّا يُسَارِعُ فِي هَوَاكَ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِىُّ.

Қазақша аудармасы

Уруаның Айшадан (р.а.) жеткізуінше, ол былай деген: «Хаула бинт Хаким (р.а.) Алла елшісіне (с.а.с.) өзімен некелесуді ұсынған әйелдердің бірі еді». Айша (р.а.) сөзін жалғастырып былай деді: «Мен (қызғаныштан): “Әйел адам өзін бір еркекке ұсынуға ұялмай ма екен?!” (деп осылайша Алла Елшісіне (с.а.с.) ұсыныс жасайтындарды айыптайтынмын). Алайда “(Уа, Мұхаммед!) Әйелдеріңе кезекпен бару мәселесіне келсек, қайсыбірінің кезегін кейінге шегеріп, (құжырасына) кейін барсаң да, қайсысын кезегінен бұрын жаныңа шақырып алсаң да өз еркің. Сондай-ақ кезегін кейінге шегерген әйелдеріңнің қайсыбіріне ертерек баруды қалап, кезегін қайтадан алға шығарсаң да күнәға қалмайсың...”1 деген аят түскенде, (өзімді ұстай алмай): “Уа, Алла елшісі, Раббың қалауыңды орындауға асығатын секілді”, – дедім».2

Түсіндірме

1. Әзірет Айша (р.а.) Бұхаридегі басқа риуаятта бұл жайды толығырақ баяндайды: «Алла Елшісіне (с.а.с.) келіп үйленуді ұсынған әйелдерге қарсы қызғаныш сезімім оянып: «Бір әйел өзін қалай бағыштайды екен?!» – дейтінмін». Риуаяттың түпнұсқасында «өзін бағыштайтын» деп берілген. Алайда фиқыһ тұрғысынан ғұламалар «мәһір талап етпестен» деп түсінген, яғни «некенің толық болуы үшін керекті «мәһірді» талап етпестен, өз ақысын бағыштап (һиба етіп), үйленуді ұсыныс жасаған» мағынасында. Сонымен бірге وَهَبَتْ نَفْسَهُ (өзін бағыштады) сөзін осы мағынада түсінетіндерді растайтын риуаят та бар. Мұхаммед ибн Бишр: أَنْ تَهَبَ نَفْسَهَا بِغَيْرِ صَدَاقٍ «Әйел мәһір алмастан өзін бағыштауға ұялмай ма екен?» – дейтінмін».

Ғалымдар хадиске сүйеніп, мәһір белгіленбей қиылған некенің жарамдылығын талқылаған. Көпшілігі мәһірсіз некенің дұрыс болмайтынын айтады. Ханафилер мен Әузағи «болады» дейді. Алайда олар да «сол әйелге теңдес әйелдер алатын мөлшерде мәһір төлеу уәжіп болады» дейді. Әузағи мына түсініктемені де айтқан: «Некені «һиба» сөзімен қиятын кезде, «мәһірсіз» деп шарт қосылатын болса, бұл неке сахих болмайды». Көпшіліктің дәлелі – Пайғамбарымыз үйленуге болатын әйелдерді санамалайтын «Ахзаб» сүресінің 50-аятында жазылған мына сөздер: خَالِصَةً لَكَ مِنْ دُونِ الْمُؤْمِنِينَ «...сондай-ақ мәһір сұрамай-ақ өзін пайғамбарға бағыштаған мүмін әйелді – әрине, егер пайғамбар онымен некелесуді қаласа – адал қылдық». Ендеше, көпшілік ғалымдар осы «мәһір сұрамай-ақ өзін пайғамбарға бағыштаған мүмін әйел» сөйлеміне сүйеніп, «һиба»-мен болған некені Пайғамбарға ғана қатысты үкім деп қабылдап, басқа мүминдерге мұндай некенің харам екендігін айтқан.

Некені жарамды санайтындар былай дәлел келтірген: «Аятта берілген – Расулалла заманындағы «уаһиба» (өзін бағыштаған әйел) сөзі тура мағынасындағы «һиба»-ның өзі емес. Олай болса, «һиба» сөзімен некелесуге болады, мәһірді нақтылаудың қажеті жоқ».

Хадиске қатысты екінші мәселе – «һиба» сөзімен қиылған некенің жарамдылығы. Шәфиғилер мен бірқатар ғалымдар некенің «неке» немесе «тәзуиж» сөздерімен сахих болатынын айтады. Өйткені бұл екі сөз Құран мен хадисте берілген түсіндірмеге сәйкес. Алайда көптеген ғалымдар неке мен тәзуиж мағыналарын беретін ауыспалы мағыналардың да сахих болатынын айтқан. Тахауи бұл мәселені талақпен салыстырады, себебі талақтың сахих болуы үшін тура мағыналы «талақ» сөзі де қолданылса болады, бұл мағынаны білдіретін ауыспалы мағыналар да қолданылса болады, маңызды болғаны, талақ мағынасын білдіру керек.

2. Айшаның Алла Елшісіне айтқан сөзі мына жағдайға байланысты. «Ахзаб» сүресінің 50-аятында Расулалланың (с.а.с.) үйленуіне болатын әйелдер айтылғаннан кейін, осы аталғандардан қалағанын ала алатынын баяндаған 51-аяттағы: «қайсыбірінің кезегін кейінге шегеріп, (құжырасына) кейін барсаң да, қайсысын кезегінен бұрын жаныңа шақырып алсаң да өз еркің...» деген аят келген кездегі әзірет Айшаның айтқан сөзі назар аудартады: يَارَسُولَ اللَّهِ مَا أَرَى رَبَّكَ إِلَّا يُسَارِعُ فِى هَوَاكَ Мәтінде бұл сөздерді «Уа, Алла елшісі, қарап отырсам, Раббың сені қуантуға кешікпепті» деп аудардық. Сөзбе-сөз аударғанда, бейәдеп сөз болып шығады. Қуртуби бұл сөздің қалай айтылғанын ескеріп, Алла Елшісінің оны дұрыс қабылдағанын басқа бір оқиғамен түсіндіреді: «Бұл сөз еркелеу, қызғану аралас сезіммен айтылған. Өйткені «ифк оқиғасында» өзін ақтаған аят келген кезде ата-анасы әзірет Айшаға: «Тұр, Расулаллаға рахмет айт!» дегенде, әзірет Айша: «Жоқ, саған рахмет айтпаймын, тек Аллаға хамд етемін», – деген. Әзірет Айшаның жоғарыдағы сөзі де осыған ұқсайды. Әйтпесе Расулаллаға нәпсіқұмар деп айту сөздің тура мағынасына негізделмейді. Өйткені ол ﴿وَمَا يَنطِقُ عَنِ ٱلْهَوَىٰٓ﴾ «Ол ешқашан өз әуейілігіне қарай сөйлемейді»3 һәм әуейілігіне қарай әрекет етпейді. Әзірет Айша مَا أَرَى رَبَّكَ إِلَّا يُسَارِعُ فِى مَرْضَاتِكَ яғни «Қарап отырмын, Раббың сені риза етуде кешікпепті» десе, дөп түсетін еді. Сонымен бірге қызғанышпен айтылған мұндай сөздер ерсі қабылданбайды».

Қуртуби сөздің мәнін оның айтылған жағдайымен бірге қарастырады. Бәлағат ілімінде сөзді түсіну үшін мына сұрақтарға мән беріледі: «Кім айтты, кімге айтты, қандай мақсатпен айтты, қандай жерде айтты?» Әйтпесе, әзірет Айша айтты, біз де айта аламыз деп, қандай да бір аятты немесе сүннетті талдағанда осындай сөздерді қолданатын болсақ, әдепсіздік болады һәм пасықтыққа, күпірлікке ұрындыруы да мүмкін.

3. Жоғарыдағы аяттың мазмұнын түсіну үшін одан бұрын түскен, «тахйир» («таңдау») деп аталатын аяттарға назар аударайық: ﴿يَٰٓأَيُّهَا ٱلنَّبِىُّ قُل لِّأَزْوَٰجِكَ إِن كُنتُنَّ تُرِدْنَ ٱلْحَيَوٰةَ ٱلدُّنْيَا وَزِينَتَهَا فَتَعَالَيْنَ أُمَتِّعْكُنَّ وَأُسَرِّحْكُنَّ سَرَاحًا جَمِيلًا ۝ وَإِن كُنتُنَّ تُرِدْنَ ٱللَّهَ وَرَسُولَهُۥ وَٱلدَّارَ ٱلْـَٔاخِرَةَ فَإِنَّ ٱللَّهَ أَعَدَّ لِلْمُحْسِنَٰتِ مِنكُنَّ أَجْرًا عَظِيمًا﴾ «Уа, ардақты Пайғамбар! Жұбайларыңа: “Егер қалағандарың дүниенің қу тіршілігі мен сән-салтанаты болса, келіңдер, тиісті дүниелеріңді берейін де бәріңе талақ айтып, жақсылықпен қоя берейін”. Ал егер Алланы, елшісін һәм мәңгілік ақырет мекенін қаласаңдар, онда біліп қойыңдар, Алла араларыңдағы игілікке құштар ізгі жандарға зор сауап, үлкен сый-сияпат дайындап қойды»4.

Бұхаридің риуаяты бойынша, осы аят түскенде Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Айшаға (р.а.) және басқа жұбайларына жеке-жеке барып, аяттарды оқыды да, шешімді өздеріне қалдырды. Барлық әйелдері: «Мен Алланы, Расулалланы және ақыретті қалаймын», – деп жауап берді.

Тәпсірде мүміндердің аналарының таңдауы құпталып, 51-аят пен одан кейін 52-аят түскені айтылады. Ол аятта былай делінеді: ﴿لَّا يَحِلُّ لَكَ ٱلنِّسَآءُ مِنۢ بَعْدُ وَلَآ أَن تَبَدَّلَ بِهِنَّ مِنْ أَزْوَٰجٍ وَلَوْ أَعْجَبَكَ حُسْنُهُنَّ إِلَّا مَا مَلَكَتْ يَمِينُكَ وَكَانَ ٱللَّهُ عَلَىٰ كُلِّ شَىْءٍ رَّقِيبًا﴾ «Бұдан былай саған басқа әйелдермен некелесу, яғни, бұған дейінгі адал жарларыңа талақ айтып, көркіне қанша жерден тәнті болсаң да басқа әйелмен көңіл қосуды харам еттік. Алайда қол астыңдағы күңдеріңнің жөні бөлек. Алла барлық нәрсені толық бақылап тұрушы»5

Осы аяттар Расулаллаға (с.а.с.) бұрынғы жұбайларына басқа әйелді қосуға тыйым салды. Тәпсірлердегі негізгі дерекке сүйенсек, осы аят түскен сәтте Расулалланың тоғыз әйелі бар еді, олар: Айша, Хафса, Үммі Хабиба, Сәуда бинт Замға, Үммі Сәләма, Сәфия, Мәймуна, Зейнеп бинт Жахш, Жуайрия (Алла оларға разы болсын).

4. Айша (р.а.) қызғанышпен сөз еткен әйелдердің арасында ардақты Пайғамбардың (с.а.с.) әйелдері бар ма? Яғни бәлкім, Расулалладан (с.а.с.) мәһір сұрамастан пайғамбар отбасының мүшесі болу мәртебесіне ие болуды ғана ойлап үйленген мүминдердің аналары бар ма еді?

Бұл сұраққа жауап беру қиын. Өйткені Бұхаридің аталмыш хадистерінде бұған дәлел болатын дерек жоқ. Әзірет Айшаның (р.а.) қызғанышпен айтуы орынды, өйткені әйел күйеуін көбінесе басқа әйелінен қызғанады. Сонымен бірге, неке ұсынысымен келген әйелдерден қызғануы да түсінікті.

Алайда Табаридің ибн Аббастан жеткізген хасан риуаятында: «Алла Елшісінің жұбайлары арасында өзіне үйленуді сұрап, мәһірден бас тартқан әйел болған жоқ» делінген. Демек, ондай әйелдерге үйленуге рұқсат етілгенімен, Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) олардың ешқайсысымен үйленбеген. Осындай ұсыныс жасап үйленгендердің аты белгілі. Хаула бинт Хаким, Үммі Шәрик, Фатима бинт Шурайх, Ләйла бинт әл-Хатим, Расулалланың (с.а.с.) әйелі Зейнеп бинт Хузайма мен Мәймуна бинт әл-Харистің мәһірсіз үйленгендігіне қатысты кейбір риуаяттар бар болғанмен олар әлсіз хадиске жатады және ибн Аббастан жеткен аталмыш риуаятқа қайшы келеді. Сондықтан басқа сахих хадистер тұрғанда олар дәлел бола алмайды. Ендеше, кейбір кітаптардағы осы мағыналас сөздерге сақтықпен қарау керек.

  1. 1«Ахзаб» сүресі, 51-аят.
  2. 2Бұхари, Тәпсір, Ахзаб 7, Неке 29; Мүслим, Рида 49, (1464); Әбу Дәуіт, Неке 39, (2136); Нәсәи, Неке 1, (6, 54).
  3. 3«Нәжм» сүресі, 3-аят.
  4. 4«Ахзаб» сүресі, 28–29-аяттар.
  5. 5«Ахзаб» сүресі, 52-аят.