Хадис

Кутуб ситтә, № 5280

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
848. Қызыл түс
Нөмірі
№ 5280 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 5
5280
Кутуб ситтә, № 5280 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Имран ибн Хусайн (р.а.)

وَعَنْ عِمْرَانَ بْنِ حُصَيْنٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: “لَا أَرْكَبُ الْأُرْجُوَانَ، وَلَا أَلْبَسُ الْمُعَصْفَرَ، وَلَا الْقَمِيصَ الْمَكْفُوفَ بِالْحَرِيرِ. أَلَا وَطِيبُ الرِّجَالِ رِيحٌ لَا لَوْنَ لَهُ، أَلَا وَطِيبُ النِّسَاءِ لَوْنٌ لَا رِيحَ لَهُ”». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. «الْأُرْجُوَانُ» صِبْغٌ أَحْمَرُ شَدِيدُ الْحُمْرَةِ.

Қазақша аудармасы

Имран ибн Хұсайн (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.): “Қою қызыл төсенішке отырмаймын. Сарыға боялған киімді де, жиегі жібекпен көмкерілген көйлекті де кимеймін. Біліп қойыңдар, ерлердің әтірі хош иісті, түссіз болады. Әйелдердің жағатын заты түсті, иіссіз болады”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Хадистегі «ұржуән» деген сөзбен «мәйсарат әл-ұржуән», яғни мініс малының еріне салынатын қою қызыл төсеніш меңзелген. «Ән-Ниһаяда» ол қызыл жібек пен атластан тігіліп, ішіне жүн немесе мақта салынған шағын жұмсақ төсеніш деп сипатталған. Алла Елшісі (с.а.с.) осындай төсеніш салынған көлікке мінбейтінін айтқан.

Түсіндірмешілер бұл тыйымды ысыраптан сақтану және төсеніштің ерлерге лайық саналмауымен байланыстырған. Мүслімде Әсмадан жеткен риуаят бойынша, Алла Елшісінің (с.а.с.) шапанының жеңі мен жағасына жібек жолақ жүргізілген. Қади Ияд мұны алдыңғы хадиске қайшы көрмейді. Жібек жолақты шапан киілгенімен, жиегі жібекпен көмкерілген көйлек әсіре сәнге жататындықтан киілмеген деп түсіндіреді. Әли әл-Қари мұндағы жолақтың ені рұқсат етілген төрт еліден асуы мүмкін деген. Тағы бір түсіндірмеде көйлектен бас тарту тақуалыққа, ал шапанды кию берілген рұқсатқа жатқызылған. Тыйым шапанды кигеннен бұрын айтылған болуы мүмкін деген жорамал да бар.

2. Ибн Хажар қызыл киімге қатысты риуаяттардан шығарылған үкімдерді жеті пікірге топтастырып, әрқайсының дәлелін келтірген. Пікірлердің қысқаша мазмұны мынадай.

1) Кез келген жағдайда рұқсат.

2) Кез келген жағдайда тыйым салынған.

3) Қызыл түсі басым киімді кию мәкруһ.

4) Көзге түсу, сән көрсету үшін қызыл киім кию харам. Үйде немесе жұмыста киюге рұқсат.

5) Қызыл жіптен тоқылған матаға рұқсат. Тоқылып болғаннан кейін қызылға боялған матаға тыйым салынған.

6) Қызылға боялған киім кию Алла Елшісіне (с.а.с.) тән болған. Кейінгілерге тыйым салынған.

7) Тыйым тұтастай қызылға боялған киімге қатысты. Басқа түс араласқан қызыл киімді киюге болады.

Ибн Хажардың пайымынша, тыйымның мәні себебіне байланысты. Егер қызыл киім кәпірлердің айрықша киімі болғандықтан тыйылса, оның үкімі қызыл ертөсенішке қатысты үкіммен бірдей. Егер ол әйелдерге тән киім саналса, тыйым әйелдерге еліктеуге қатысты. Егер киім жұрттың назарын аудару не адамның абыройына нұқсан келтіру себепті тыйылса, үкім сондай жағдайға ғана жүреді. Олай болмаған жағдайда, Имам Мәликтің үйде кию мен көпшілік жиналған жерде киюді ажыратқан пікірі күшейе түседі.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Киім», № 4048. Тирмизи, «Әдеп», № 2789.