وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: «أَنَّ عُتْبَةَ بْنَ أَبِي وَقَّاصٍ عَهِدَ إِلَى أَخِيهِ سَعْدٍ أَنَّ ابْنَ وَلِيدَةِ زَمْعَةَ مِنِّي فَاقْبِضْهُ إِلَيْكَ. فَلَمَّا كَانَ عَامُ الْفَتْحِ أَخَذَهُ سَعْدٌ وَقَالَ: ابْنُ أَخِي قَدْ عَهِدَ إِلَيَّ فِيهِ. وَقَالَ عَبْدُ بْنُ زَمْعَةَ: هُوَ أَخِي وَابْنُ وَلِيدَةِ أَبِي، وُلِدَ عَلَى فِرَاشِهِ. فَتَسَاوَقَا إِلَى النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ. فَقَالَ سَعْدٌ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، ابْنُ أَخِي عَهِدَ إِلَيَّ فِيهِ، انْظُرْ إِلَى شَبَهِهِ. وَقَالَ عَبْدٌ: أَخِي وَابْنُ وَلِيدَةِ أَبِي، وُلِدَ عَلَى فِرَاشِهِ. فَنَظَرَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِلَى شَبَهِهِ، فَرَأَى شَبَهًا بَيِّنًا بِعُتْبَةَ، فَقَالَ: هُوَ لَكَ يَا عَبْدُ بْنَ زَمْعَةَ، الْوَلَدُ لِلْفِرَاشِ، وَلِلْعَاهِرِ الْحَجَرُ. ثُمَّ قَالَ لِسَوْدَةَ بِنْتِ زَمْعَةَ: احْتَجِبِي مِنْهُ، لِمَا رَأَى مِنْ شَبَهِهِ بِعُتْبَةَ. فَمَا رَآهَا حَتَّى لَقِيَ اللَّهَ عَزَّ وَجَلَّ، وَكَانَتْ سَوْدَةُ زَوْجَةَ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.
Айша (р.а.) былай дейді: «Ұтба ибн Әбу Уаққас бауыры Сағдқа: “Зәмғаның күңі туған бала менікі. Оны өз қолыңа ал”, – деп өсиет еткен. Мекке алынған жылы Сағд баланы алып: “Бұл – бауырымның баласы. Ол маған осы бала жөнінде өсиет еткен”, – деді. Абд ибн Зәмға: “Ол – менің бауырым. Әкемнің күңі оны әкемнің төсегінде туған”, – деді. Екеуі Алла елшісіне (с.а.с.) жүгінді. Сағд: “Уа, Алланың елшісі! Бұл – бауырымның баласы. Ол маған осы бала жөнінде өсиет еткен. Бауырыма қаншалық ұқсайтынына қараңыз”, – деді. Абд: “Ол – менің бауырым. Әкемнің күңі оны әкемнің төсегінде туған”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.) баланың Ұтбаға анық ұқсайтынын көріп: “Уа, Абд ибн Зәмға, бала саған тиесілі. Бала шаңыраққа тиесілі. Зина жасаған кісі балаға ешқандай құқық иеленбейді”, – деді. Содан соң баланың Ұтбаға ұқсайтынын көргендіктен, Сәуда бинт Зәмғаға: “Одан жамылып жүр”, – деді.
Бала өмірінің соңына дейін Сәуданы көрмеді. Сәуда Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы еді»1.
Түсіндірме
1. Оқиғаны түсіну үшін жаһилия дәуіріндегі арабтардың салтын еске алған жөн. Ол кезде күңдер қожайындарына белгілі мөлшерде ақы төлейтін. Ақша табу үшін кейбір күңдер зина жасауға дейін баратын. Құранда: «Дүниедегі өткінші пайда үшін арын сақтауды қалаған күңдеріңді зинаға мәжбүрлемеңдер»2 делінген. Кейде қожайындардың өзі де күңдерімен жақындасатын. Күң босанған соң қожайын мен онымен зина жасаған кісі баланы өзіне теліп, таласатын. Қожайыны тірісінде баланы өзінікі деп мойындамай тұрып қайтыс болса, бала оның тегіне қосылғанымен, мұрагер бола алмайтын.
Қожайын күңінің баласын өзінікі деп мойындамаса, бала оның тегіне қосылмайтын.
2. Зәмға ибн Қайс – анамыз Сәуданың (р.а.) әкесі. Оның өзі жақындасқан күңі бала көтергенде, Ұтба ибн Әбу Уаққас баланың әкесі өзі екенін айтып, бауыры Сағдқа оған қамқор болуды өсиет еткен. Ұтба Исламды қабылдамай қайтыс болған соң, Сағд өсиетін орындап, баланы өз әулетіне қоспақ болады. Бала Ұтбаға да ұқсайтын. Зәмғаның ұлы Абд болса, баланың әкесі Зәмға екенін алға тартады. Алла Елшісі (с.а.с.) баланың туған шаңырағына тиесілі екеніне үкім етті. Өзге кісіге ұқсауы баланың тегін өзгерткен жоқ.
3. Хадистен шығатын үкімдер
• Әбу Ханифа ер кісі зина жасаған әйелдің сол кісінің ұлына некеленуі харам деп, Пайғамбардың (с.а.с.) Сәудаға «Одан жамылып жүр» деген сөзін дәлел еткен. Имам Мәлик, Шафиғи және Әбу Сәуір мұндай некені харам деп санамаған.
• Баланың тегі нақты дәлелмен айқындалады. Алла Елшісі (с.а.с.) үкімде баланың кімге ұқсағанын емес, оның қай шаңырақта дүниеге келгенін негізге алды.
• «Бала шаңыраққа тиесілі» деген қағидаға сүйенген ғалымдардың пікірінше, әкенің жай ғана бас тартуы баланың тегін өзгертпейді. Тегіне күмән туса, мәселе лиған тәртібімен қаралады.
- 1Бұхари, «Уасая», 4-тарау, «Буюғ», 3, 100-тараулар, «Хусумат», 6-тарау, «Итқ», 8-тарау, «Фараиз», 18, 28-тараулар, «Худуд», 23-тарау, «Ахкам», 29-тарау. Мүслим, «Радағ», № 1457. Мәлик, «Муатта», «Ақдия», 20-тарау (2-том, 739-бет). Әбу Дәуіт, «Талақ», № 2273. Нәсәи, «Талақ», 48–49-тараулар (6-том, 180–181-беттер).
- 2«Нұр» сүресі, 33-аят.