وَعَنْ أَبِي الدَّرْدَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَا يَكُونُ اللَّعَّانُونَ شُفَعَاءَ وَلَا شُهَدَاءَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ.
Әбу Дәрданың (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Лағынетті көп айтатындар қиямет күні шапағатшы да, куәгер де болмайды», – деген1.
Түсіндірме
Хадисте қиямет күні мүміндер мұқтаж жандарға шапағат еткенде, тілінен лағынет арылмағандар осы мәртебеден қағылатыны айтылған.
Нәуәуи лағынет айтушының куәгер болмайтынын үш түрлі мағынада түсіндірген.
1) Ең кең тараған пікір бойынша, ол қиямет күні пайғамбарлардың өз үмбеттеріне Алланың хабарын жеткізгеніне куәлік ете алмайды.
2) Бұл дүниеде пасықтығы себепті оның куәлігі қабылданбайды.
3) Оған шейіт болу бақыты бұйырмайды.
Кей ғалымдар аят пен хадисте лағынетке лайық деп аталған істерді жасаған адамдарға қатысты жалпы айтылатын ескертулерді бұл тыйымнан бөлек қарастырған.
- 1Мүслим, «Бирр», № 2598. Әбу Дәуіт, «Әдеп», № 4907.