Хадис

Кутуб ситтә, № 5350

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
863. ЛАҒЫНЕТ АЙТУ ЖӘНЕ СӨГУ
Нөмірі
№ 5350 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 7
5350
Кутуб ситтә, № 5350 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: قَالَ اللَّهُ تَعَالَى: يُؤْذِينِي ابْنُ آدَمَ، يَسُبُّ الدَّهْرَ، وَأَنَا الدَّهْرُ، بِيَدِيَ الْأَمْرُ، أُقَلِّبُ اللَّيْلَ وَالنَّهَارَ». أَخْرَجَهُ الثَّلَاثَةُ وَأَبُو دَاوُدَ. وَقَوْلُهُ «وَأَنَا الدَّهْرُ» كَانَ مِنْ عَادَةِ الْعَرَبِ ذَمُّ الدَّهْرِ عِنْدَ حُدُوثِ النَّوَازِلِ وَالنَّوَائِبِ اعْتِقَادًا مِنْهُمْ أَنَّ الدَّهْرَ، الزَّمَانَ، فَاعِلُ ذَلِكَ. فَقَالَ اللَّهُ تَعَالَى: أَنَا الدَّهْرُ، أَيْ أَنَا الَّذِي أَحَلَّ بِهِمْ ذَلِكَ، الدَّهْرُ الَّذِي يَزْعُمُونَهُ. وَاللَّهُ أَعْلَمُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Алла тағала: “Адам баласы заманды сөгіп, Маған тіл тигізеді. Мен – заманмын. Билік Менің қолымда. Түн мен күндізді алмастырып тұрамын”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Бұл хадис бірнеше нұсқамен жеткен.

2. Алла Елшісі (с.а.с.) бұл хадисте заманды сөгуге тыйым салған. Мәтіндегі «дәһр» сөзі «Ән-Ниһаяда» ұзақ уақыт әрі дүние тіршілігінің мерзімі деп түсіндірілген. Жаһилия дәуірінде арабтар бастарына қиындық түскенде, уақытты кінәлап, заманды сөгетін. Құранда бұл түсінік туралы былай делінген: «Олар: “Осы дүниедегі тіршіліктен басқа өмір жоқ. Біріміз өлеміз, біріміз өмір сүреміз. Бізді тек заман ғана құртады”, – деді. Олардың бұл жайында білімі жоқ. Олар тек жорамалдайды»2.

Жақсылық пен жамандықтың жаратушысы – Алла. Келеңсіз құбылысты уақыттың өзі туғызады деп сену таухид сеніміне қайшы. Сондықтан Алла Елшісі (с.а.с.) заманды сөгуге тыйым салған.

3. Қади Ияд «дәһрді» Алланың есімдерінің бірі деп санауды қате түсінік деп бағалаған. Оның айтуынша, «дәһр» дүние тіршілігінің мерзімін білдіреді.

4. Құртуби Аллаға ешкім зиян келтіре де, пайда тигізе де алмайтынын айтқан. Ол «Аллаға тіл тигізу» тіркесін адамға айтылса, оны ренжітетін сөзді Аллаға қатысты айту деп түсіндіреді. Мұндай сөзді айтқан кісі өзін Алланың қаһарына ұшыратады.

5. Хаттаби «Мен – заманмын» дегенді былай түсіндіреді: «Заманның иесі Менмін. Заманда болатын оқиғаларды да Мен жүзеге асырамын». Кісі басына келген қиындықты заманнан көріп, оған тіл тигізсе, сөзі сол оқиғаны жаратқан Аллаға қайтады.

  1. 1Бұхари, «Әдеп», 101-тарау, «Тәпсір», «Жасия», 1-тарау, «Тәухид», 35-тарау. Мүслим, «Әлфаз», № 2246. Мәлик, «Муатта», «Кәләм», 3-тарау (2-том, 984-бет). Әбу Дәуіт, «Әдеп», № 5274.
  2. 2«Жасия» сүресі, 24-аят.