Хадис

Кутуб ситтә, № 5371

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
865. УАҒЫЗДАР
Нөмірі
№ 5371 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 9
5371
Кутуб ситтә, № 5371 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Шәддад ибн Әус (р.а.)

وَعَنْ شَدَّادِ بْنِ أَوْسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: الْكَيِّسُ مَنْ دَانَ نَفْسَهُ وَعَمِلَ لِمَا بَعْدَ الْمَوْتِ، وَالْعَاجِزُ مَنْ أَتْبَعَ نَفْسَهُ هَوَاهَا وَتَمَنَّى عَلَى اللَّهِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ. «دَانَ نَفْسَهُ» أَيْ: حَاسَبَهَا.

Қазақша аудармасы

Шаддад ибн Аус (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізеді: «Парасатты адам – өзінен есеп алып, өлімнен кейінгі өмір үшін амал еткен адам. Әлсіз адам – нәпсісін өз қалауының жетегіне жіберіп, Алладан үміт ете берген адам».1

Түсіндірме

«Парасатты» деп аударылған «кәййис» сөзі «ісін жақсы атқаратын», «ісін жұмсақтықпен, биязы жүргізетін», «қайырлы мақсатқа жетудің ең дұрыс жолын табатын» деген мағына береді. Өзіңнен есеп алу осы сипаттарға сай. Ибн Араби былай дейді: «Үлкендеріміз айтқан сөзі мен істеген ісін дәптерге жазып, құптан намазынан кейін өздерінен есеп алатын. Дәптерін ашып, айтқаны мен істегенін түгел шолып шығатын. Тәубе етер тұста тәубе етіп, кешірім сұрар тұста кешірім тілеп, шүкір етер тұста шүкір ететін. Осы есептен кейін ғана ұйқыға жататын».

Әлсіз адамның Алладан үміті бос қиял күйінде қалады. Ол нәпсісіне еріп, күнә жасауын жалғастыра береді. Тәубе етпестен, Алла өзін кешіріп, жәннатқа кіргізер деп үміттенеді.

  1. 1Тирмизи, «Қиямет», 25 (2459, Жанан басылымында «Қиямет», 26, №2461).