وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ لَمْ يَذَرِ الْمُخَابَرَةَ فَلْيُؤْذِنْ بِحَرْبٍ مِنَ اللَّهِ وَرَسُولِهِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. «الْمُخَابَرَةُ» نِسْبَةٌ إِلَى خَيْبَرَ، لِأَنَّ النَّبِيَّ ﷺ أَقَرَّهَا فِي يَدِ أَهْلِهَا عَلَى النِّصْفِ مِنْ ثِمَارِهِمْ وَزَرْعِهِمْ. فَقِيلَ: خَابَرَهُمْ، أَيْ: عَامَلَهُمْ فِي خَيْبَرَ.
Жәбир (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізеді: «Кім мухабараны қоймаса, Алла мен Оның елшісі тарапынан соғыс жарияланғанын білсін».1
Түсіндірме
Соңғы хадистердегі «мухабара» сөзі Хайбар атауынан шыққан. Ол жерді Хайбардағы тәртіппен жалға беруді білдіреді. Алла елшісі (с.а.с.) Хайбар яһудилеріне жерін жеміс пен егін өнімінің жартысын беру шартымен қалдырған. Жоғарыдағы хадиске сүйенсек, жерді осылай жалға беруге кейін тыйым салынып, бұрынғы рұқсат күшін жойған. Алайда ғалымдар бұған қатысты әртүрлі пікір айтқан. Абдулхақ Дәһләуи мәселені былай түйіндеген: «Мусақат – біреудің өз жеміс ағаштарын суарып, күтіп, баптап, өнім алу үшін басқа адамға өнімнің жартысы, үштен бірі не төрттен бірі секілді белгілі үлесі есебінен тапсыруы. Музараға – егістіктен алынатын өнімнің бір үлесіне қатысты келісім. Мусақат жеміс ағаштарына, музараға жерге қатысты. Екеуінің үкімі бірдей. Әбу Ханифа екі келісімді де жарамсыз санаған. Оның екі шәкірті мен өзге имамдар екеуіне де рұқсат берген.
Кей авторлар: “Әбу Ханифадан басқа бұған тыйым салған ғалымды білмейміз”, – деген. Алайда Зуфардың да Әбу Ханифамен пікірлес болғаны айтылады.
“Әл-Һидая” еңбегінде “Пәтуа екі имамның пікірі бойынша берілген” делінген. Рұқсат бергендердің дәлелі – Алла елшісінің (с.а.с.) Хайбар яһудилерімен жасасқан келісімі. Сол келісімге сай, егін мен жеміс өнімінің жартысы Алла елшісіне (с.а.с.) берілетін. Әбу Ханифаның дәлелі – Алла елшісінің (с.а.с.) мухабараға, яғни музарағаға тыйым салғаны туралы риуаят».
Ғалымдар мухабара туралы және осыған қатысты өзге тыйымдарды «тахрим», яғни харамдық үкімі емес, «тәнзиһ», яғни аулақ болуға үндеу деп түсіндірген. Осыған сүйеніп, мусақатқа да, музарағаға да рұқсат деген.
Ғалымдар кей риуаяттағы тыйымды жер иесінің алқаптың белгілі бөлігінің өнімін өзіне шарт етуіне қатысты түсіндірген. Бұл №5386 хадисте анық айтылған. Мысалы, жер иесі: «Жалға берген жерімнің суармалы бөлігінің өнімі менікі, қалған бөлігінің өнімі сенікі», – деуі мүмкін. Тыйым осындай шартпен жасалған келісімге қатысты деген пікір бар. Демек, ғалымдардың көпшілігі, соның ішінде ханафи мәзһабы, мусақат пен музараға келісімдеріне рұқсат берген.
- 1Әбу Дәуіт, «Сауда», 34 (3406).