وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أَمَرَنَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ أَنْ نَحْثُوَ فِي أَفْوَاهِ الْمَدَّاحِينَ التُّرَابَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ. «الْمَدَّاحُونَ» هُمُ الَّذِينَ اتَّخَذُوا مَدْحَ النَّاسِ عَادَةً يَسْتَأْكِلُونَ بِهِ الْمَمْدُوحَ. فَأَمَّا مَنْ مَدَحَ عَلَى الْأَمْرِ الْحَسَنِ وَالْفِعْلِ الْمَحْمُودِ تَرْغِيبًا لَهُ فِي أَمْثَالِهِ وَتَحْرِيضًا لِلنَّاسِ عَلَى الِاقْتِدَاءِ بِهِ فِي أَشْبَاهِهِ، فَلَيْسَ بِمَدَّاحٍ. وَالْمُرَادُ «بِالتُّرَابِ» عَيْنُهُ، أَوْ يَكُونُ مُؤَوَّلًا بِمَعْنَى الْخَيْبَةِ وَالْحِرْمَانِ.
Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) жағымпаз мақтаушылардың аузына топырақ шашуды бұйырды».1
Түсіндірме
1. Соңғы екі хадис адамды бетіне мақтауға тыйым салады. Алғашқы хадисте Алла елшісі (с.а.с.) оны «жолдасының мойнын үзуге» теңеген. Түсіндірушілер: «Мақталған адам желігіп, көкіректенеді. Бұл оның түбіне жетуі мүмкін. Алла елшісі оның рухани күйреуін “мойнын үзу”, басқа хадисте “арқасын сындыру” деп бейнелеген», – дейді. Ибн Батталдың айтуынша, амалын жеткілікті санап, өзіне сүйсінген адам мақтаушы әсірелеген дәрежеге жеттім деп ойлайды. Өзі жетпеген сол дәрежеге сеніп, амалын әрі қайырын арттыруға ұмтылмай қалады. Осы хал оны құрдымға әкеледі. Омар (р.а.): «Мақтау – бауыздаумен тең», – деген.
2. Бұхаридің бір хадисінде: «Алла елшісі (с.а.с.) бір адамның екіншісін шектен шыға мақтағанын естіп: “Оны құрттыңдар”, – деді немесе: “Арқасын сындырдыңдар”, – деді», – делінген. №5392 хадистегі «итра» сөзі мұнда да кездеседі. Ол адамның бойында жоқ қасиетті қосып, әсірелеп мақтауды білдіреді. Түсіндірушілер тыйымды асыра мақтау мен мақтауды тым созуға қатысты деп түсінген. Қажет болса, әсірелемей, шектен шықпай, адамды бетіне мақтауға рұқсат деген. Бұхари тиісті тарауды «Мақтауды созудың мәкруһтығы және адамды мақтағанда білгенін ғана айту туралы» деп атаған. Түсіндірушілер Алла елшісінің (с.а.с.) адамды бетіне қысқаша мақтап, жақсы сөз айтқан кісіні жазғырмағанына мысалдар келтіреді. Хаттаби адамды жақсы ісі үшін жігерлендіру және өзгелерді одан үлгі алуға ынталандыру мақсатымен мақтауды рұқсат санаған. Мұндай мақтау хадистегі тыйымға жатпайды.
3. Ибн Хажар біреудің жақсы мінезін растау, яғни тазкия туралы мынадай түсініктеме береді: «Алғашқы буын ғалымдары адамды жақсы мінез иесі деп тану үшін екі куә керек пе, әлде біреуі жеткілікті ме деген мәселеде келіспеген. Шафиғилер, мәликилер және ханафилерден имам Мұхаммед куәлік берудегідей екі адам болғанын абзал санаған. Тахауи де осы пікірді таңдаған. Тазкия етуші төреші орнында деп қарағанда, төрешілердің санына шарт қойылмайды. Әбу Убәйд: “Тазкияда үш адамнан аз кісінің сөзі қабылданбайды. Риуаятта дұрыс деп танылған пікір бойынша, бір адамның сөзі жеткілікті. Егер ол басқа біреуден жеткізсе, бұл – хабар. Хабарға куәгер талап етілмейді. Өз атынан айтса, ол төреші орнында, мұнда да сан шарт емес”, – деген».
4. Соңғы хадистегі «мақтаушының аузына топырақ шашу» сөзіне келсек, мұнда адамды бетіне орынсыз мақтаған жағымпаздар айыпталады. Олар біреуге бойында жоқ қасиетті теліп, әсірелеп мақтайды. Ғалымдар адамның бойында бар қасиетін айтуды осы тыйымға жатқызбаған.
Топырақ шашуды ғалымдар әртүрлі түсіндірген. Бірі «Қылығы үшін сөгіп, оны төмендету» десе, енді бірі «Жағымпаздығына жол ашпаңдар, сый-сыяпат көрсетпеңдер, құр қалсын» деген. Тағы бірі мұны оның сөзі мен қылығының құпталмайтынын білдіру деп ұққан. Мұнда мақталған адамға да ескерту бар: «Мақтауға мастанба, мадақ сені астамшылыққа итермелемесін. Барар жерің – осы топырақ». Кейбірі топырақ шашуды мақтаушыға қалағанын беру деп түсінген. Тиби: «Оған бірдеңе беріп, өзіңнен алыстату, тілінен келетін кесірден ар-намысыңды сақтау меңзелген болуы да мүмкін», – дейді.
5. Орынды мақтау мен тыйым салынған мақтаудың айырмасы
Ибн Хажар түсіндірмесін былай жалғастырады: «Ғалымдар рұқсат етілетін әсіре мақтауды тыйым салынған әсіре мақтаудан ажыратқан. Рұқсат етілген мақтауда шарт не теңеу болады, ал тыйым салынған мақтауда мұндай шек қойылмайды. Қателіктен сақталған адамның мақтауына мұндай шарт қажет емес. Алла елшісінің (с.а.с.) кейбір сахабаларға берген сипаттамалары осындай. Мысалы, ол Ибн Омар жайында: “Абдулла қандай жақсы құл!” – деген».
Ғазали «Ихияда» былай дейді: «Мақтау мақтаушының өзіне де зиян келтіреді. Ол кейде өтірік айтады, кейде мақтаған адамы пасық не озбыр болса да, оған жағыну үшін рияға барады. Әнас жеткізген хадисте: “Пасық адам мақталса, Раббы ашуланады”, – делінген. Мақтаушы кейде анығына жете алмайтын нәрсені айтады. Сондықтан Алла елшісі (с.а.с.): “Осылай деп ойлаймын”, – десін деген. Мысалы, бір кісі пәленшені “күмәнді істен сақтанатын, тақуа, дүниеге құмартпайтын адам” деп сипаттайды. Одан гөрі “Намаз оқығанын, қажылық өтегенін немесе құрбан шалғанын көрдім” дегені орынды. Мұны өз көзімен көруі мүмкін. Әйтсе де, мақталған адамға келетін қатер бар. Мақтау оны тәкаппарлыққа не өзіне сүйсінуге салмайтынына, әйгіленген қасиетіне сеніп, амалға салғырт болып қалмайтынына кепіл жоқ. Әдетте амалына тұрақты адамдар өзін жеткіліксіз санайды. Мақтау осы зияннан ада болса, оған рұқсат, тіпті кей жағдайда құпталады». Ибн Уяйна: «Өзін жақсы таныған адамға мақтау зиян келтірмейді», – дейді. Алғашқы буынның кейбірі: «Адамды бетіне мақтаса, ол: “Уа, Алла! Адамдар білетін істерім үшін мені кешір. Олардың айтқаны үшін мені жауапқа тартпа. Мені олар ойлағаннан да жақсы ете гөр!” – деп дұға етсін», – деген.
- 1Тирмизи, «Зүһд», 55 (2394, Жанан басылымында 2396).