وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «مَرَّ الْعَبَّاسُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ بِمَجْلِسٍ فِيهِ قَوْمٌ مِنَ الْأَنْصَارِ يَبْكُونَ حِينَ اشْتَدَّ بِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ وَجَعُهُ، فَقَالَ: مَا يُبْكِيكُمْ؟ قَالُوا: ذَكَرْنَا مَجْلِسَنَا مِنْ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ. فَدَخَلَ الْعَبَّاسُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ عَلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَأَخْبَرَهُ، فَعَصَبَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ رَأْسَهُ بِعِصَابَةٍ دَسْمَاءَ، أَوْ قَالَ: بِحَاشِيَةِ بُرْدٍ، وَخَرَجَ فَصَعِدَ الْمِنْبَرَ وَخَطَبَ النَّاسَ، وَأَثْنَى عَلَى الْأَنْصَارِ خَيْرًا وَأَوْصَى بِهِمْ، فَقَالَ: إِنَّ اللَّهَ خَيَّرَ عَبْدًا بَيْنَ الدُّنْيَا وَبَيْنَ مَا عِنْدَهُ، فَاخْتَارَ مَا عِنْدَهُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ. وَفِي رِوَايَةِ أَبِي سَعِيدٍ الْخُدْرِيِّ عِنْدَ الْبُخَارِيِّ: «فَبَكَى أَبُو بَكْرٍ وَقَالَ: فَدَيْنَاكَ بِآبَائِنَا وَأُمَّهَاتِنَا. فَعَجِبْنَا لَهُ، وَقَالَ النَّاسُ: انْظُرُوا إِلَى هَذَا الشَّيْخِ، يُخْبِرُ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنْ عَبْدٍ خَيَّرَهُ اللَّهُ بَيْنَ أَنْ يُؤْتِيَهُ مِنْ زَهْرَةِ الدُّنْيَا وَبَيْنَ مَا عِنْدَهُ، وَهُوَ يَقُولُ: فَدَيْنَاكَ بِآبَائِنَا وَأُمَّهَاتِنَا. فَكَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ هُوَ الْمُخَيَّرَ، وَكَانَ أَبُو بَكْرٍ هُوَ أَعْلَمَنَا بِهِ».
Әнәс (р.а.) тағы былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) сырқаты меңдегенде, Алла елшісінің көкесі Аббас (р.а.) бір жиынның жанынан өтіп бара жатып, ондағы бір топ ансардың жылап отырғанын көрді. “Неге жылайсыңдар?” – деп сұрады. Олар: “Алла елшісімен (с.а.с.) бірге отырған кездеріміз есімізге түсті”, – деді. Аббас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) алдына кіріп, көргенін айтты. Алла елшісі (с.а.с.) басына қара сұр орамал байлады. Рауи шапанның шетімен байлады деп те жеткізеді. Содан соң сыртқа шығып, мінберге көтерілді. Жұртқа сөз сөйлеп, ансарларды мақтады, оларға жақсы қарауды өсиет етті. Сөзін жалғап: “Алла бір құлына осы дүние мен Өз құзырындағының бірін таңдауға ерік берді. Ол Алланың құзырындағыны таңдады”, – деді». Әбу Сағид әл-Худридің (р.а.) Бұхариде келген риуаятында былай делінеді: «Сонда Әбу Бәкір жылап: “Әке-шешеміз сіз үшін құрбан болсын!” – деді. Біз бұған таңғалдық. Жұрт: “Мына қарияға қараңдаршы! Алла елшісі (с.а.с.) Алла бір құлына дүниенің қызығы мен Өз құзырындағының бірін таңдауға ерік бергенін айтып тұр. Ал ол: ‘Әке-шешеміз сіз үшін құрбан болсын!’ – дейді”, – десті. Сөйтсек, таңдау еркі берілген құл Алла елшісінің (с.а.с.) өзі екен. Мұны арамызда ең жақсы түсінген Әбу Бәкір (р.а.) еді».1
Түсіндірме
Жоғарыдағы сегіз хадисте Алла елшісінің (с.а.с.) сырқаттануы мен дүниеден өтуі баяндалады. Пайғамбарымыздың дүниемен қоштасуға әзірленген осы соңғы күндері, яғни сырқаты басталғаннан ақтық демі үзілгенге дейінгі оқиғалар кітабымызда тұтас қамтылмады. Сондықтан хадистерде келтірілмеген кейбір деректерді қоса отырып, сол күндерді ретімен баяндаймыз.
Мәдинаға һижреттің он бірінші жылы, сафар айының он сегізінен он тоғызына қараған сәрсенбіден бейсенбіге өтер түні Пайғамбарымыз (с.а.с.) Мәдинаның сыртына шығып, қараңғыда Бақи қорымын зиярат етті. Қабірдегілерге сәлем беріп, Алладан оларға кешірім тіледі. Сөзін: «Иншалла, жақында біз де сендердің араларыңа қосыламыз», – деп аяқтап, кері қайтты. Тірілермен қоштасқанындай, дүниеден өткендермен де қоштасты. Сол жерден бірден жұбайы Маймунаның (р.а.) үйіне барды.
Үйге келгенде бойындағы өзгерісті сезді. Бұл соңғы сырқатының алғашқы белгісі еді. Ажалға алып баратын қызбаға шалдыққан екен. Содан былай қызуы жиі көтеріліп, араға көп уақыт салмай қайта-қайта ұстай бастады.
Сырқаты басталғанда, жан досы Әбу Бәкір (р.а.): «Уа, Алла елшісі! Рұқсат етсеңіз, айыққанша сізге қызмет етейін», – деді. Алла елшісі (с.а.с.) оның өтінішін қабылдамай: «Уа, Әбу Бәкір, осы күндері маған үй ішім қызмет етсе, олардың жан азабы арта түседі. Алла саған сауабын жазсын», – деді.
Сырқатының алғашқы бес күнін әдеттегідей жұбайларының жанында кезекпен өткізді. Дүйсенбіде сырқаты асқынғанда, жанында болған кездерде өзіне Алладан уахи түсіп жүрген Айшаның (р.а.) бөлмесінде қалуға басқа жұбайларынан рұқсат сұрады. Көңілдеріне тимесін деп, мұны ашық айтпай: «Ертең қай үйде, кімнің жанында боламын?» – деп сұрап жүрді. Жұбайлары оның қалауын түсініп: «Қалаған жеріңізде болыңыз», – деді. Бәрі де Айшаның (р.а.) бөлмесінде қалуына келісім берді.
Қызудан қатты әлсіреп, дәрмені қалмаған еді. Әли мен Аббас (р.а.) оны екі қолтығынан демеп, Айшаның (р.а.) бөлмесіне жеткізді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) ақтық демі үзілгенше сонда болды. Бойы жеңілдеп, әл кірген кездері мешітке барып, жамағатқа намаз оқытты. Дүниеден өтуіне үш күн қалғанға дейін шамасы келген сайын намазға шықты. Жамағатқа өзі оқытқан соңғы намаз бейсенбі күнгі ақшам намазы еді. Басы қатты ауырғандықтан, орамал байлап шықты. Намазда «Мурсалат» сүресін оқыды.
Намаздан соң Айшаның (р.а.) бөлмесіне оралды. Әл-дәрмені құрып, жамағатқа имамдық ете алмайтын күйге жетті. Құптан уақыты кіргенде, Біләл Хабаши (р.а.) әдеттегідей бөлме алдына келіп: «Уа, Алла елшісі! Намаз уақыты кірді», – деді.
Алла елшісі (с.а.с.): «Жамағат намаз оқыды ма?» – деп сұрады. «Жоқ, сізді күтіп отыр», – деді жанындағылар. Мұны естігенде: «Жуынсам, бойым жеңілдер. Шылапшынға су дайындаңдаршы», – деді. Су дайын болғанда, отырып жуынды.
Мешітке бармақ болып түрегелгенде, төсекке құлап, есінен танып қалды. Есін жиған соң қайтадан: «Жамағат намаз оқыды ма?» – деп сұрады. «Жоқ, уа, Алла елшісі, олар сізді күтіп отыр», – деді жанындағылар.
Алла елшісі (с.а.с.) тағы да су дайындатып, салқын сумен жуынды. Мешітке бару үшін орнынан тұрғанда, тағы да есінен танып құлады. Есін жиған соң: «Жамағат намаз оқыды ма?» – деп сұрады. Жанындағылар жамағаттың әлі намаз оқымай, өзін күтіп отырғанын айтты. Қайта су дайындатып, отырып салқын сумен жуынды. Мешітке бармақ болып түрегелгенде, есінен тағы танды.
Төртінші рет есін жиғанда да сол жағдай қайталанды. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): «Әбу Бәкірге айтыңдар, жамағатқа намаз оқытсын», – деді. Айша (р.а.) әкесінің жүрегі жұмсақ, көңілі бос кісі екенін білетін. Сондықтан Алла елшісінің орнына тұрып, намаз оқыта алмас деп ойлап, ол міндеттің әкесіне жүктелмеуін қалады. «Уа, Алла елшісі! Әбу Бәкір – жүрегі жұмсақ адам. Құран оқыса, жылап жібереді. Сіздің орныңызға тұрып, намаз оқыта алмас», – деді. Кей риуаяттарда Айшаның бұл сөзді Хафсаға айтқызғаны баяндалады. Алла елшісі (с.а.с.): «Әбу Бәкірге айтыңдар, жамағатқа намаз оқытсын», – деп тапсырмасын қайталады. Олар да уәждерін қайта айтты. Сонда ол сәл ренжіп: «Сендер Жүсіптің қасындағы әйелдер секілдісіңдер. Қане, Әбу Бәкірге айтыңдар, жамағатқа намаз оқытсын», – деді.
Алла елшісі (с.а.с.) бұл ісімен мұсылмандарға кейін билік пен кімнің оған лайықты екені туралы мәселе туғанда, ақиқаттың қай жағында екенін аңғартқысы келген еді. Ол көзі тірісінде Әбу Бәкірді намаз сияқты аса маңызды діни міндетте мұсылмандарға имам етті. Оның артында өзі де намаз оқымақ еді. Осылайша әр мәселеде сүннетке сүйенетін әһлі сүннет уәл-жамағатқа халифалыққа Әбу Бәкірдің лайығырақ екеніне сүннеттен дәлел қалдырды.
Жанындағылар Алла елшісінің (с.а.с.) тапсырмасымен Әбу Бәкірге барып, жамағатқа имамдық етуді бұйырғанын жеткізді. Ол жұмаға қараған түнгі құптаннан дүйсенбі күнгі таң намазына дейін Алла елшісінің (с.а.с.) өкілі ретінде жамағатқа он жеті уақыт намаз оқытты.
Әбу Бәкір (р.а.) жамағатқа намаз оқытып жүрген күндердің бірінде Алла елшісі (с.а.с.) түс кезінде бойы сәл жеңілдегенін сезді. Риуаяттарда бұл оның дүниеден өтуінен бес күн бұрынғы бесін немесе екінді кезі екені айтылады2. Сонда: «Айша, жеті құдықтан жеті торсыққа су толтыртып, аузын байлаған күйі әкелсін. Суды үстіме құйыңдар. Бәлкім, сырқатым жеңілдеп, жұртқа насихат айта алармын», – деді. Суды айтқанындай әкелді. Оны Хафсаның (р.а.) шылапшынына отырғызып, үстіне су құя бастады. Біраздан соң ол қолымен жеткілікті деген ишара жасады.
Жуынып, біраз сергіген соң, Әли мен Фазл ибн Аббас (р.а.) оны екі қолтығынан демеп мешітке алып барды. Әлсіздіктен аяқтары жер сыза басып келе жатты. Әбу Бәкір (р.а.) намазды бастап кеткен еді. Алла елшісінің (с.а.с.) келгенін сезіп, имамдық орнын бермек болып кейін шегіне берді. Алла елшісі (с.а.с.) орнында қала беруін ишаралап, өзін Әбу Бәкірдің сол жағына отырғызуды тапсырды. Отырған күйі имамдық етті де, Әбу Бәкір оқып жатқан сүрені тоқтаған жерінен жалғады. Әбу Бәкір Алла елшісіне (с.а.с.), ал жамағат Әбу Бәкірге ұйыды. Әбу Бәкір тәкбірлерді жамағатқа естіртіп тұрды.
Намаз біткен соң, Алла елшісі (с.а.с.) мінбердің төменгі басқышына отырды. Жамағат оған барынша жақындап, тізе бүкті. Аллаға мадақ айтып, сахабаларымен бақұлдасты. Содан соң: «Уа, жұрт! Кімнің арқасынан ұрған болсам, міне, арқам, келсін де, мені ұрсын. Кімнің менен алашағы болса, келіп алсын!» – деді.
Жамағаттан бір кісі тұрып: «Уа, Алла елшісі! Бірде сіздің бұйрығыңызбен біреуге үш дирһам садақа беріп едім», – деді. Алла елшісі (с.а.с.) сол ақшаны дереу өтеп берді. Сөзін жалғап: «Алла тағала бір құлына дүниенің тіршілігі мен нығметтерін немесе ақыреттің өмірі мен нығметтерін таңдауға ерік берді. Ол құл ақыреттің өмірі мен нығметтерін таңдады», – деді.
Сөздің төркінін бірден ұққан Әбу Бәкірдің (р.а.) көңілі босап, жылап жіберді. Алла елшісі (с.а.с.): «Уа, Әбу Бәкір, жылама! Достығы мен дүние-мүлкі жағынан маған ең көп жақсылық жасаған кісі – Әбу Бәкір. Үмбетімнен біреуді жан досым етіп таңдар болсам, Әбу Бәкірді таңдар едім. Ислам бауырластығы бәрімізді жақындастырды. Ол туыстықтан да берік байланыс. Мешітке ашылатын есіктердің бәрі жабылсын. Әбу Бәкірдің есігі ашық қалсын!» – деді.
Алла елшісі (с.а.с.) дүниеден өтерінен төрт күн бұрын, сәрсенбіде, жанында бірқатар беделді сахаба отырған кезде, кейін тууы мүмкін даулардың алдын алу үшін өсиет жаздырғысы келді. «Маған жазу құралын әкеліңдер. Менен кейін жолдан таймауларың үшін сендерге өсиет жаздырайын», – деді. Баста Омар (р.а.) бар бірқатар сахаба: «Алла елшісінің сырқаты меңдеп тұр. Қолымызда Құран бар. Бізге Алланың кітабы жеткілікті», – деп, өсиет жаздырудың қажеті жоқ деп білді. Жиналғандар екі пікірге бөлінді. Бірі: «Жазу құралын әкелейік, өсиетін жазсын», – десе, екіншісі: «Бізге Құран жеткілікті», – деді. Дауыс көбейіп, сөз таласы күшейгенде, Алла елшісі (с.а.с.): «Қане, тұрыңдар! Алла елшісінің алдында дауласпаңдар. Мені оңаша қалдырыңдар. Қазір Раббыма қайтуға қамданып, ойымды Оған бұрған күйім сендер мені айналыстырмақ болған істен қайырлы», – деді. Сөйтіп өсиет жаздырмай, мына үш өсиетті ауызша айтты:
1) Араб түбегінде мұсылман еместерді қалдырмаңдар.
2) Қауымдар мен тайпалар жіберген елшілер мен делегацияларға жақсы қараңдар, сый-сияпат көрсетуді естен шығармаңдар.
3) Риуаятты жеткізген Ибн Аббас үшінші өсиетті ұмытып қалғанын айтады. Кей риуаяттарда Алла елшісінің (с.а.с.) соңғы сөзі намаздарды уақытында оқу жөнінде болғаны айтылады.
Алла елшісінің (с.а.с.) сырқаты бірде жеңілдеп, бірде асқынып отырды.
Сенбіде Жәбірейіл (а.с.) келіп, халін сұрады. Жексенбіде тағы келіп, жағдайын білген соң, өзін пайғамбар деп жариялаған Әсуад әл-Ансидің қаза тапқанын жеткізді. Кейін жеткен хабарлар мұны растады.
Алла елшісі (с.а.с.) Усаманың (р.а.) қолбасшылығымен Сирияға аттандырмақ болған әскер Пайғамбардың сырқаты күшейгендіктен сенбіде де, жексенбіде де жолға шықпады. Усама келіп, оның халін біліп тұрды.
Жексенбіде сырқаты әбден меңдегенде, жұбайлары Аббаспен (р.а.) ақылдасып, зәтулжәнбке қарсы дәрі бермек болды. Алла елшісі (с.а.с.) дәріден бас тартты. «Дәріні ішіңіз, зәтулжәнбке ем болады», – десе де, көнбеді. Есінен танған сәтте дәріні аузына құйды. Есін жиғанда, дәрі ішкізгендерін сезіп: «Мен зәтулжәнбпен ауырған жоқпын. Менің емім басқа. Сол дәріден өздерің де ішесіңдер», – деді де, сол жердегілерге жаза ретінде дәріден ішкізді. Алла елшісінің (с.а.с.) сырқаты қызбадан болғандықтан, салқын сумен жуынғанда ыстығы басылып, бойы сәл сергитін.3
Дүниеден өткен дүйсенбі күні таңертең бойы едәуір жеңілдеді. Пердені ашып, мешітке қарады. Жамағат қаз-қатар сап түзеп, таң намазын оқып жатыр екен. Оларды көріп, қатты қуанды. Қуанышы жүзінен де, үнінен де білінді. Бойына сәл әл кіргенде, мешітке барғысы келіп, ішке өтті. Әбу Бәкір (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) келгенін сезіп, имамдық орнын бермек болды. Алла елшісі (с.а.с.) оған орнында қала беруін ишаралады. Бұл жолы таң намазын Әбу Бәкірге ұйып, отырып оқыды.
Намаздан соң Айшаның (р.а.) бөлмесіне қайтты. Пердені түсірмек болғанда, дәрмені жетпей, жанындағылар түсіріп берді.
Алла елшісінің (с.а.с.) қатарларына қосылғанын көрген жамағат оны айықты деп қуанды. Тіпті Әбу Бәкір (р.а.) рұқсат сұрап, Мәдина маңындағы Сунхта тұрған үйіне кетті. Бірақ бұл кей адамның ақтық демі үзілер алдында бой жазып қалатынындай өткінші жеңілдік еді. Түстен кейін сырқаты меңдеп, есінен жиі тана бастады. Әкесінің қиналғанына шыдамаған Фатима (р.а.): «Әкешім-ай, неткен ауыр азап! Әкешім-ай, шақырған Раббысының шақыруына үн қатқан әкешім! Мекені Фирдаус жәннаты болған әкешім! Қазаңды Жәбірейілге естіртеміз, әкешім!» – деп күңіренді. Алла елшісі (с.а.с.): «Қызым, бүгіннен кейін әкең қиналмайды», – деп жұбатты.
Сол кезде Айшаның (р.а.) бауыры Абдуррахман қолына мисуак ұстап кірді. Басын Айшаның кеудесіне сүйеген Алла елшісінің (с.а.с.) назары мисуакқа түсті. Мұны байқаған Айша мисуакты Абдуррахманнан алып, ұшын тісімен шайнап жұмсартып, Алла елшісінің қолына берді. Ол мисуакпен тісін тазалады.
Сол кезде Усама (р.а.) кірді. Оны көрген Алла елшісі (с.а.с.): «Алланың берекесімен енді жолға шық!» – деді. Усама дереу Мәдина сыртындағы әскеріне барып, аттануға бұйрық берді. Сол сәтте Алла елшісінің (с.а.с.) қайтыс болғаны туралы хабар жетті. Усама әскерді тоқтатты.
Дүйсенбі күні түстен кейін Алла елшісінің (с.а.с.) халі ауырлап, тынысы тарылды. Бойы бір сәт жеңілдегенде, құлдарға жақсы қарауды, намазға салғырт болмауды өсиет етті.
Алла елшісі (с.а.с.) қасындағы тостағанға әлсін-әлсін қолын малып, жүзін сулап отырды. «Лә иләһа иллаллаһ», – деп, аяттар оқып, дұға етті. Оқыған аяттарының бірі – وَمَنْ يُطِعِ اللَّهَ وَالرَّسُولَ فَأُولَٰئِكَ مَعَ الَّذِينَ أَنْعَمَ اللَّهُ عَلَيْهِمْ مِنَ النَّبِيِّينَ وَالصِّدِّيقِينَ وَالشُّهَدَاءِ وَالصَّالِحِينَ ۚ وَحَسُنَ أُولَٰئِكَ رَفِيقًا «Кімде-кім Аллаға және расулына тиісінше бойсұнса, міне, солар Алланың шексіз нығметіне бөленген пайғамбарлармен, сыддықтармен, шейіттермен және ізгі жандармен бірге болады. Бұлар қандай керемет жолдастар десеңші!»4
Оның оқыған дұғаларының бірі мынау еді: «Лә иләһа иллаллаһ, лә иләһа иллаллаһ, лә иләһа иллаллаһ. Өлімнің де өз ауыртпалығы, жанды есеңгіретер азабы бар. Уа, Раббым, өлімнің азабын тартқан шағымда маған жәрдем бер. Уа, Раббым, мені кешір! Уа, Раббым, мені кешір!»
Алла елшісінің (с.а.с.) мүбәрак жүзі бірде сарғайып, бірде қызарды. Ақыры тынысы тарылып, қимылы ауырлады. Қолын көтеріп, мүбәрак саусағымен көкті нұсқап, үш мәрте: «Рафиқ ағлаға, ұлық әрі мәртебесі биік Досқа, мені Рафиқ ағлаға жеткіз», – деді. Бұл оның соңғы сөзі еді. Қолы сылқ түсіп, қимылсыз қалды. Ашық қалған көзі төбеге қарады. Мүбәрак рухы өзі қалаған ең ұлық Досына, Рахымды Раббысына қауышты. Аллаһумма салли уә сәллим уә бәрик ала сәйидинә Мұхаммадин уә ала әли сәйидинә Мұхаммадин би-адади сәуаби умматиһи уә би-адади зарратил-каинат. (Уа, Алла! Пайғамбарымыз Мұхаммедке және оның әулетіне үмбетінің сауаптары мен ғалам бөлшектерінің санындай салауат, сәлем және береке нәсіп ет!)
Барлық пәни жан секілді Алла елшісі (с.а.с.) де дүниеден өтті. Артында исламды өркениетті дүниенің төрт бұрышына жеткізер ізгі жамағат – сахабалар қалды. Олар Құран мен сүннет жолында ештеңесін аямады. Сүннеттің бір сөзін, тіпті бір әрпін анықтау үшін бір айлық машақатты сапардан тайынбады. Бір ғана хадиске қатысты күмәнін сейілту үшін Мәдинадан Мысырға дейін барды. Алла елшісінің (с.а.с.) көңілі тоқ еді. Ол Раббысы жүктеген дінді жеткізу міндетін толық атқарып, соның есебін беруге әзір болды.
Раббымыз бізді оның шапағатынан мақұрым етпесін, шариғатынан айырмасын, сүннетінен ажыратпасын. Әумин.
- 1Бұхари, «Салат», 80 (466), «Фадаил асхаб ән-нәби», 3 (3654). Аббас пен Әбу Бәкірдің ансарлармен кездесуі және ансарлар туралы құтпа Бұхаридің «Мәнәқиб әл-ансар» тарауында (3799–3800) келтірілген. Жинақтың арабша мәтінінде Тирмизи аталған. Әбу Бәкірдің сөздері мен жұрттың жауабы Бұхаридің №3904 риуаятында Әбу Сағид әл-Худриден жеткен.
- 2Ибн Хажар риуаяттарда бесін мен екінді уақыттарының қатар аталуын осы оқиғаның екі бөлек күні қайталанғанымен түсіндіреді. Бірі бесінге, екіншісі екіндіге тура келген.
- 3Кітабымыздың медицинаға арналған бөлімінде қызуды түсіру үшін салқын су қолдану қазіргі медицинада да кездесетінін айттық (11-том, 228-бет). (Ибраһим Жанан.).
- 4«Ниса» сүресі, 69-аят.