وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَيْسَ مِنَّا مَنْ ضَرَبَ الْخُدُودَ وَشَقَّ الْجُيُوبَ وَدَعَا بِدَعْوَى الْجَاهِلِيَّةِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ.
Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Қайғы үстінде бетін ұрғылап, киімінің өңірін жыртып, жаһилият дәуіріндегідей зар салған адам бізден емес”, – деді».1
Түсіндірме
1. Алла елшісі (с.а.с.) бұл хадисінде жақыны дүниеден өткенде есінен адасқандай денесін ұрып-соғып, үсті-басын жыртудың, өзіне бәле мен қасірет тілеудің жөнсіздігін білдірген. Жаһилият дәуірінде мұндай әдет болған. Ислам оған тыйым салған.
2. Ғалымдар «бізден емес» деген сөзді «біздің сүннетімізді ұстанғандардан емес» деп түсіндірген. Оны «иман тұрғысынан бізден емес, яғни күпірлік еткен» деп түсіндіргендер де бар. Ғалымдар сөздің осылай қатқыл айтылуын сол қылықтан барынша тыюдың бір жолы деп бағалаған. «Дінімізді кемел түрде ұстанғандардан емес» деп те түсіндірген. Өйткені адам дінін кемел ететін бір амалдан бас тартады.
Ибн Хажар әл-Асқалани былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) осы тыйымының мәнін Әбу Мұса (р.а.) жеткізген бір хадис айқындай түседі. Ол хадисте Алла елшісі (с.а.с.) аза тұтып бақырып-шақырғаннан, үсті-басын жыртқаннан және шашын тақырлап алғаннан аулақ екенін білдіреді. “Аулақ болу” бір нәрседен бөлініп, одан ажырауды білдіреді. Осы хадисте Алла елшісі (с.а.с.) мұндай адамды, мысалы, шапағатынан тыс қалуы мүмкін екенін айтып, сақтандырған секілді». Ибн Хажар сөзін жалғап: «Суфиян әс-Сәуриден жеткен риуаят бойынша, ол мұндай хадистерді жоруды ұнатпаған. “Бұлай жорудан тартынған жөн. Сонда хадис адамның иманынан айырылып қаламын деген қаупін оятып, жүрегіне тереңірек әсер етеді, мұндай қылықтан пәрмендірек тыяды”, – деген», – дейді.
- 1Бұхари, «Жанаиз», 36, 39–40, «Мәнәқиб», 8. Мүслим, «Иман», 165 (103). Тирмизи, «Жанаиз», 22 (999). Нәсәи, «Жанаиз», 19 (4/20).