Хадис

Кутуб ситтә, № 5438

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
874. Аза тұту кезінде тыйым салынған әрекеттер
Нөмірі
№ 5438 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 10
5438
Кутуб ситтә, № 5438 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Хузайфа (р.а.)

وَعَنْ حُذَيْفَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ حِينَ حُضِرَ: «إِذَا أَنَا مِتُّ فَلَا يُؤْذِنْ عَلَيَّ أَحَدٌ، إِنِّي أَخَافُ أَنْ يَكُونَ نَعْيًا، وَإِنِّي سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَنْهَى عَنِ النَّعْيِ. فَإِذَا أَنَا مِتُّ فَصَلُّوا عَلَيَّ وَسُلُّونِي إِلَى رَبِّي سَلًّا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ إِلَى قَوْلِهِ: «عَنِ النَّعْيِ». وَأَخْرَجَ بَاقِيَهُ رَزِينٌ.

Қазақша аудармасы

Хузайфа (р.а.) ажалы таяғанда былай деген: «Мен дүние салғанда, ешкім жұртқа жар салмасын. Мұның қазаны дабыралап жариялау болып кетуінен қорқамын. Алла елшісінің (с.а.с.) қазаны дабыралап жариялауға тыйым салғанын естідім. Дүниеден өткен соң, жаназамды оқып, Раббыма үн-түнсіз аттандырыңдар».1

Түсіндірме

Хадистен Хузайфаның (р.а.) қаза хабарын жар салып жариялауға тыйым салғаны аңғарылады. Бұл тыйымның шарты көрсетілмеген. Ғалымдар басқа хадистерден қазаны естіртуге мысал келтіреді. Мәселен, Зәйд ибн Хариса, Жағфар ибн Әбу Талиб және Абдулла ибн Рауаха (р.а.) Мұта шайқасында шейіт болғанда, Алла елшісі (с.а.с.) олардың қазасын жұртқа естірткен. Нәжәшидің қазасын да жариялаған. Тіпті мешітті сыпырып жүретін әйел дүниеден өткенде: «Маған неге хабар бермедіңдер?» – деген.

Ғалымдардың түсіндіруінше, мұнда жаһилият дәуіріндегідей қазаны дабыралап жариялауға тыйым салынған. Ол кезде атақты, дәулетті адам дүние салса, жақын туысы атқа мініп, ел аралап: «Пәленше қайтыс болды!» – деп жар салатын.

Ибн әл-Араби қаза хабарын естіртудің үкімдерін былай түсіндірген:

• Жақын туыстың, достың немесе ізгі адамның қазасын естірту – сүннет.

• Мақтану, ел назарын аудару үшін қаза хабарын жариялау – мәкруһ.

• Қазаны бақырып-шақырып, дауыс салып жоқтау арқылы естірту – харам.

  1. 1Тирмизи, «Жанаиз», 12 (986). Ибн Мәжа, «Жанаиз», 14 (1476). Соңғы сөйлем Разиннен алынған.