Хадис

Жаназаны кідіртпеу

Кутуб ситтә, 12-том, 877-тарау · 5 хадис · № 5455–5459

ӨЛІМ БӨЛІМІ

Хадистер

5455
Кутуб ситтә, № 5455 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: أَسْرِعُوا بِالْجَنَازَةِ، فَإِنْ تَكُ صَالِحَةً فَخَيْرٌ تُقَدِّمُونَهَا عَلَيْهِ، وَإِنْ تَكُ سِوَى ذَلِكَ فَشَرٌّ تَضَعُونَهُ عَنْ رِقَابِكُمْ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Табытты тезірек алып жүріңдер. Марқұм ізгі жан болса, оны жақсылыққа тезірек жеткізесіңдер. Олай болмаса, мойындарыңдағы жаман жүктен тезірек құтыласыңдар”, – деді».1

Түсіндірме

Хадис табыт көтергенде адымды ширақ басуды бұйырады. Ибн Хазм мұны уәжіп деп түсінсе, басқа ғалымдар мұстахаб санаған. Ханафилер ширақ жүруді ұсынған. Ғалымдардың басым көпшілігі тым жылдам жүруді мәкруһ көріп, адымды сәл тездету жеткілікті деген. Кей ғалымдар асығуды жаназаға дайындықты тездету деп түсіндірген. Алайда хадисте «мойындарыңдағы» делінуі бұл түсіндірмені қуаттамайды.

  1. 1Бұхари, «Жанаиз», 52 (1315). Мүслим, «Жанаиз», 51 (944). Мәлік, «Муатта», «Жанаиз», 56 (1/243). Әбу Дәуіт, «Жанаиз», 50 (3181). Тирмизи, «Жанаиз», 30 (1015). Нәсәи, «Жанаиз», 44 (4/42).
5456
Кутуб ситтә, № 5456 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Убада ибн әс-Самит (р.а.)

وَعَنْ عُبَادَةَ بْنِ الصَّامِتِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ إِذَا تَبِعَ الْجَنَازَةَ لَمْ يَقْعُدْ حَتَّى تُوضَعَ فِي اللَّحْدِ. فَعَرَضَ لَهُ حَبْرٌ مِنَ الْيَهُودِ فَقَالَ لَهُ: إِنَّا هَكَذَا نَصْنَعُ يَا مُحَمَّدُ. فَقَالَ ﷺ: خَالِفُوهُمْ وَاجْلِسُوا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Убада ибн әс-Самит (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) жаназаға ерсе, мәйіт лақатқа қойылғанша отырмайтын. Бірде бір яһуди ғалымы алдынан шығып: “Мұхаммед, біз де осылай істейміз”, – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Олардан өзгеше істеңдер, отырыңдар”, – деді».1

Түсіндірме

1. Бұл хадис ғалымдар арасында пікірталас туғызған. Мұнда мәйіт қабірге қойылмай тұрып отыру бұйырылады. Басқа риуаяттарда отырмауға негіз болатын сөздер бар.

• Әли әл-Қари: «Табыт көтергендердің иығынан жерге түсірілмейінше, жаназаға ергендер отырмасын. Дұрыс үкім – осы», – дейді. Әбу Сағид әл-Худридің (р.а.) бір риуаятында: «Алып бара жатқан жаназаны көрсеңдер, орындарыңнан тұрыңдар. Мәйіт жерге қойылмайынша, ешкім отырмасын», – делінген. Мәйіт жерге қойылғанша отырмау керек дегендердің қатарында Хасан ибн Әли, Әбу Һурайра, Ибн Омар, Ибн Зубайр, Әузағи, Шам ғалымдары, Ахмад ибн Ханбал және Исхақ ибн Рахуия бар. Ибраһим ән-Нахаи, Шағби мен Мұхаммед ибн әл-Хасан мәйіт жерге қойылмай тұрып отыруды мәкруһ санаған.

Басқа ғалымдар алғашқы үкімнің күші жойылған деп, мәйіт жерге қойылмай тұрып отыруды абзал санаған.

Кей ғалымдар отырса да, түрегеп тұрса да айып жоқ деген. Ибн әл-Қайим: «Бұлай түсіндірген үкімнің күші жойылды дегеннен абзал», – деген. Ахмад ибн Ханбал: «Түрегеп тұрғанның да, отырғанның да айыбы жоқ», – деген.

2. Хадис мұсылман еместердің салтынан мүмкіндігінше өзгеше амал етуге негіз болады. Ислам – өзіне тән ерекшеліктері мен құндылықтары бар дербес дін. Өзге дін өкілдеріне еліктеуге рұқсат етілмейді. Бұл жайында көптеген хадис жеткен.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Жанаиз», 47 (3176). Тирмизи, «Жанаиз», 35 (1020).
5457
Кутуб ситтә, № 5457 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Амир ибн Рабиға (р.а.)

وَعَنْ عَامِرِ بْنِ رَبِيعَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِذَا رَأَى أَحَدُكُمْ جَنَازَةً فَإِنْ لَمْ يَكُنْ مَاشِيًا مَعَهَا فَلْيَقُمْ حَتَّى يُخَلِّفَهَا أَوْ تُخَلِّفَهُ أَوْ تُوضَعَ قَبْلَ أَنْ تُخَلِّفَهُ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Амир ибн Рабиға (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Жаназа көрсеңдер әрі оған еріп келе жатпасаңдар, орындарыңнан тұрыңдар. Табытты өздерің басып озғанша, ол сендерден өтіп кеткенше немесе тұстарыңнан өтпей жатып жерге қойылғанша түрегеп тұрыңдар”, – деді».1

  1. 1Бұхари, «Жанаиз», 47–48. Мүслим, «Жанаиз», 74 (958). Әбу Дәуіт, «Жанаиз», 47 (3172). Тирмизи, «Жанаиз», 51 (1042). Нәсәи, «Жанаиз», 45 (4/44).
5458
Кутуб ситтә, № 5458 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ مُحَمَّدِ بْنِ سِيرِينَ: «أَنَّ جَنَازَةً مَرَّتْ بِالْحَسَنِ بْنِ عَلِيٍّ وَابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ، فَقَامَ الْحَسَنُ وَلَمْ يَقُمْ ابْنُ عَبَّاسٍ. فَقَالَ الْحَسَنُ: أَلَيْسَ قَدْ قَامَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ لِجَنَازَةِ يَهُودِيٍّ؟ فَقَالَ ابْنُ عَبَّاسٍ: قَامَ لَهَا ثُمَّ قَعَدَ بَعْدُ». وَفِي رِوَايَةٍ: «إِنَّمَا قُمْتُ لِلْمَلَائِكَةِ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Мұхаммед ибн Сирин былай дейді: «Хасан ибн Әли мен Ибн Аббастың (р.а.) жанынан бір жаназа өтті. Хасан түрегелді, Ибн Аббас орнынан тұрмады. Хасан: “Алла елшісі (с.а.с.) яһудидің жаназасы өткенде орнынан тұрмап па еді?” – деді. Ибн Аббас: “Ол сол кезде тұрды, кейін отырды”, – деп жауап берді».

Бір риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.): «Мен тек періштелер үшін орнымнан тұрдым», – дегені айтылады.1 Яғни жаназамен бірге келе жатқан періштелерді меңзеген.

  1. 1Нәсәи, «Жанаиз», 47 (4/46, 1925).
5459
Кутуб ситтә, № 5459 · тараудағы реті: 5

وَقَالَ الْحَسَنُ بْنُ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «إِنَّمَا مُرَّ بِجَنَازَةِ يَهُودِيٍّ وَرَسُولُ اللَّهِ ﷺ جَالِسٌ عَلَى طَرِيقِهَا، فَكَرِهَ أَنْ تَعْلُوَ رَأْسَهُ جَنَازَةُ يَهُودِيٍّ فَقَامَ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Хасан ибн Әли (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) жол бойында отырғанда, бір яһудидің жаназасы өтіп бара жатты. Табыттың басынан биік өтуін қаламай, орнынан тұрды».1

Түсіндірме

Жоғарыдағы үш хадисте жаназа өтіп бара жатқанда, отырған кісінің орнынан тұруы жөн екені айтылады. Ғалымдар жаназа үшін не себепті, қанша уақыт түрегеп тұру керегін және мұсылман емес адамның жаназасына да тұру қажет пе деген сұрақтарды әртүрлі түсіндірген. Пікір айырмашылығы риуаяттар мазмұнының әркелкілігінен туған.

Бір риуаятта жанынан жаназа өткенде, Алла елшісі (с.а.с.) орнынан тұрған. Жанындағылар марқұмның яһуди екенін айтқанда: «Ол да адам емес пе?» – деген. Осындай тағы бір оқиғада: «Өлім адамға үрей ұялатады. Жаназа көрсеңдер, орындарыңнан тұрыңдар», – деген. Синди былай түсіндіреді: «Мәйітті көре тұра ғапыл күйде қалу жараспайды. Түрегелу – ғапылдықтан арылып, жақсылық жасауға талпынудың белгісі… Түрегелудің мақсаты марқұмды ұлықтау емес, өлімнің адамға ұялатқан үрейі мен алаңын елеу. Осындай ниетпен түрегелгенде, марқұмның мұсылман болу-болмауының айырмасы жоқ». Соңғы хадисте Алла елшісінің (с.а.с.) яһудидің жаназасына түрегелуіне басқа себеп айтылғанымен, жаназа кімнің болса да, түрегеліп, өлімнен ғибрат алып, өзіміздің де ақырында осындай күйге түсетінімізді ойлаған жөн. Осы ой адамның өмірінде бетбұрыс жасап, жаңарудың басы болуы мүмкін.

  1. 1Нәсәи, «Жанаиз», 47 (4/47).