وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «اللَّحْدُ لَنَا وَالشَّقُّ لِغَيْرِنَا». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.
Ибн Аббас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Лахд – бізге, шаққ – өзгелерге», – дегенін жеткізеді.1
Түсіндірме
«Лахд» – мәйітті жатқызу үшін қабірдің құбыла жақ қабырғасынан ойып жасалатын ақым. Мәйітті ақымға жатқызып, аузын тақтаймен не басқа лайық затпен жабады. Үстінен салынған топырақ ақымға түспеуі керек. Бұл – мәйітке көрсетілген құрмет.
«Шаққ» – мәйітті жатқызу үшін қабірдің орта тұсынан бойлай қазылатын шұңқыр.
Хадис ақым қазып жерлеудің абзалдығын білдіреді. Шаққ әдісімен де жерлеуге болады. Алла елшісін (с.а.с.) жерлеу туралы тарауда бұл жайды айтқанбыз. Сахабалардың ішінде Әбу Убәйда ибн әл-Жаррах шаққ әдісімен қабір қазуға шебер еді. Алла елшісі дүние салғанда, қабір қазуды тапсыру үшін оны іздеп барса, үйінде жоқ екен. Ақым қазатын ансарлық Әбу Талха бұл істі өз мойнына алды. Шариғатта екі әдіске де рұқсат бар.
Ақымды топырағы қатты жерге қазған ыңғайлы. Топырағы бос, құмды жерде ақым қазу мүмкін болмай қалса, мәйітті табытпен жерлеуге болады. Табытты тақтайдан не металдан жасауға рұқсат етіледі.
- 1Әбу Дәуіт, «Жанаиз», 65 (3208) • Тирмизи, «Жанаиз», 53 (1045) • Нәсәи, «Жанаиз», 85 (4/80).