Хадис

Кутуб ситтә, № 5470

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
879. Жерлеуді кешіктірмеу
Нөмірі
№ 5470 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 7
5470
Кутуб ситтә, № 5470 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ أَنْ يُجَصَّصَ الْقَبْرُ، وَأَنْ يُبْنَى عَلَيْهِ، وَأَنْ يُقْعَدَ عَلَيْهِ، وَأَنْ يُكْتَبَ عَلَيْهِ، وَأَنْ يُوطَأَ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا الْبُخَارِيَّ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) қабірді әктеуге, үстіне құрылыс тұрғызуға, үстіне отыруға, жазу жазуға және аяқпен басуға тыйым салды».1

Түсіндірме

Хадисте Алла елшісінің (с.а.с.) қабірге қатысты тыйымдары келтіріледі.

• Қабірдің ішін не сыртын әктеуге тыйым салынған. Шафиғи мәзһабы мен кейбір басқа мәзһабтар мұны мәкрүһ санайды.

• Қабір үстіне құрылыс тұрғызу. Қабір жеке меншік жерде болса, оның үстіне құрылыс салу мәкрүһ, Әбу Юсуфтың пікірінше, тахрими мәкрүһ. Көпшілікке арналған зиратта мұндай құрылыс тұрғызу харам саналады. Алла елшісі (с.а.с.) әзірет Әлиге қабір үстіндегі биік құрылыстарды бұзып, тегістеуді бұйырған. Сахабалар мен басқа да ардақты жандардың қабірі жоғалып кетпес үшін басына белгітас қойып, аты-жөнін жазуға рұқсат етілген. Қарапайым адамның қабіріне де осылай белгі қою жөнсіз саналмайды. Қабірді зиярат ету сүннетін жалғастыру үшін де қабірдің орны мен иесінің есімі белгілі болғаны керек. Бұл жай келесі хадисте айтылады.

• Қабір үстіне отыру. Алла елшісі (с.а.с.) басқа бір хадисінде қабір үстіне отырғаннан, киімі мен денесін күйдіретін шоқ үстіне отырғаны қайырлы екенін айтқан. Қабір үстінде отырған Амр ибн Хазмға: «Түс, қабір иесін қорлама», – деген. Марқұмға Құран оқитын адамның қабір басында отыруы мәкрүһ саналмайды. Мәлики мәзһабы қабір үстінде отырып ұйықтаудың да сөкеттігі жоқ деген пікірді ұстанады.

• Қабірді аяқпен басу. Бірнеше риуаятта қабірді басып өтуге тыйым салынған. Бұл – қабір иесін құрметтемеудің белгісі. Зиярат ететін қабірге басқа жолмен жету мүмкін болмаса, Құран оқып, зікір айтып, дұға ете жүріп өтуге болады.

• Қабірді құлшылық орнына айналдыру. Кейбір хадистерде Алла елшісі пайғамбарлардың қабірін мешітке айналдырғандарға лағынет айтып, қабірге қарап намаз оқуға тыйым салған. Ханафи және Шафиғи ғалымдары қабірді мешітке айналдыру мен қабірге қарап намаз оқуды мәкрүһ санаған.

  1. 1Мүслим, «Жанаиз», 94 (970) • Әбу Дәуіт, «Жанаиз», 76 (3225–3226) • Тирмизи, «Жанаиз», 58 (1052) • Нәсәи, «Жанаиз», 96 (4/86–88).