وَعَنْ جُبَيْرِ بْنِ مُطْعِمٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «لِيَ خَمْسَةُ أَسْمَاءٍ: أَنَا مُحَمَّدٌ، وَأَنَا أَحْمَدُ، وَأَنَا الْمَاحِي الَّذِي يَمْحُو اللَّهُ بِيَ الْكُفْرَ، وَأَنَا الْحَاشِرُ الَّذِي يُحْشَرُ النَّاسُ عَلَى قَدَمِي، وَأَنَا الْعَاقِبُ». وَالْعَاقِبُ الَّذِي لَيْسَ بَعْدَهُ نَبِيٌّ. أَخْرَجَهُ الثَّلَاثَةُ.
Жубәйр ибн Мұтғим (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізеді: «Менің бес есімім бар. Мен – Мұхаммед, мен – Ахмад. Мен – әл-Махи, Алла мен арқылы күпірді жояды. Мен – әл-Хашир, адамдар менің ізіммен жиналады. Мен – әл-Ақиб». Әл-Ақиб – өзінен кейін пайғамбар келмейтін кісі.1
Түсіндірме
1. Алла елшісі (с.а.с.) өзін Алла Тағала берген есімдермен таныстырған. Ең кең тарағандары – Мұхаммед пен Ахмад. Мұхаммед есімі жиірек қолданылады әрі Құранда бірнеше рет аталады.2 Ахмад есімі Құранда әзірет Исаның сөзінде айтылады.3
• Мұхаммед – «мақтаулы» деген сөз. Түбірлес Махмұд есімі де «мақталған, мақтаулы» дегенді білдіреді. Мұхаммед есімінде «көп мақталған», «қайта-қайта мақталған» деген мағына бар.
• Ахмад – «ең көп мадақтаушы» деген сөз. Алла елшісіне бұл есімнің берілуін ғалымдар былай түсіндіреді. Бұхаридегі хадис бойынша Алла Тағала елшісіне ешкімге үйретілмеген мадақ сөздерін үйретеді. Алла елшісі Раббысын ешбір жаратылыс бұрын айтпаған сөздермен мадақтайды.
Тағы бір түсіндірме бойынша, пайғамбарлардың бәрі Раббысын көп мадақтаған. Алла елшісі (с.а.с.) олардың бәрінен де көбірек мадақ айтқандықтан, оған Ахмад есімі берілген.
Қади Ияд былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Мұхаммед аталмастан бұрын Ахмад атанған. Өйткені дүниеге келместен бұрын Тәурат, Інжіл секілді кітаптарда Ахмад есімі берілген. Ал Құранда Мұхаммед атымен аталған. Ақыретте Алла елшісі Раббысын мадақтайды. Алла оған шапағат етуге рұқсат берген соң, адамдар да оны мадақтайды». Мұхаммедтің үмбеті Раббысын мадақтауға айрықша мән береді. Сондықтан ас ішкен соң, сапардан оралғанда немесе бір игілікке жеткенде «Әлхамду лилләһ», яғни «Барлық мадақ Аллаға тән» дейміз.
• Әл-Махи – «жоюшы», «жоқ етуші» деген сөз. Күпірдің жойылуына себеп болғандықтан немесе өзіне ергендерді жамандықтан тыйғандықтан, оған осы есім берілген.
• Әл-Хашир – «жинаушы» деген сөз. Қиямет күні ол бірінші болып тіріледі, содан кейін басқалар да тіріліп, оның соңынан жиналады. Басқа хадисте Алла елшісі: «Жер қақ айырылғанда одан бірінші болып шығатын – мен», – деген.
• Әл-Ақиб – «соңғы» деген сөз. Кей риуаятта ол «өзінен кейін пайғамбар келмейтін кісі» деп түсіндірілген. Алла елшісінен кейін пайғамбар келмейтініне аяттар мен хадистерде көптеген дәлел бар. Бұл есім оның соңғы пайғамбар екеніне байланысты берілген.
2. Алла елшісінің өзге есімдері де бар. Ғалымдар хадисте неліктен осы бес есім аталғанын әртүрлі түсіндірген. Ибн Хажар былай дейді: «Мұның мәні: “Маған тән бес есім бар. Бұл есімдер менен бұрын өткен қауымдардың бірде-бір беделді адамына берілмеген” дегенге саяды». Алла елшісі Құранда Рауф, Рахим, әл-Мүбәшшир, ән-Нәзир, әл-Мүбәйин, әс-Сиражул-мунир, әл-Мүзәккир, әр-Рахмат, ән-Ниғмат, әл-Һади, әш-Шәһид, әл-Әмин, әл-Мүззәммил, әл-Мүддәссир және басқа есімдермен де аталған. Оның есімдерін арнайы зерттеген ғалымдар болған. Ибн Дихия Алланың көркем есімдері секілді Алла елшісінің де тоқсан тоғыз есімі барын айтып: «Тереңірек зерттеген адам үш жүз есімін табады», – деген. Ибн әл-Араби бір сопының «Алланың мың есімі бар, Алла елшісінің де мың есімі бар» деген сөзін келтіреді.
Ибн Хажардың тағы бір түсіндірмесі бойынша, бұл бес есім өзгелерінен кеңірек тараған әрі бұрынғы кітаптар мен қауымдарға да мәлім болған. Хадисте соларға назар аударылған.