وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «مَا خُيِّرَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فِي أَمْرَيْنِ إِلَّا أَخَذَ أَيْسَرَهُمَا، مَا لَمْ يَكُنْ إِثْمًا، فَإِنْ كَانَ إِثْمًا كَانَ أَبْعَدَ النَّاسِ مِنْهُ، وَمَا انْتَقَمْ لِنَفْسِهِ مِنْ شَيْءٍ قَطُّ، إِلَّا أَنْ تُنْتَهَكَ حُرْمَةُ اللَّهِ فَيَنْتَقِمُ لِلَّهِ». أَخْرَجَهُ الثَّلَاثَةُ وَأَبُو دَاوُدَ.
Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісіне (с.а.с.) екі істің бірін таңдау ұсынылғанда, күнә болмаса, жеңілін таңдайтын. Егер күнә болса, одан жұрттың бәрінен де аулақ жүретін. Ол жеке басы үшін ешқашан кек алған емес. Алланың тыйымы бұзылғанда ғана Алла үшін жазалайтын».1
Түсіндірме
1. Хадис Алла елшісінің бір ұстанымын көрсетеді. Күнәға апармайтын болса, жеңіл жолды таңдаған. Жеңіл жол күнәға бастаса, одан бас тартып, ауыр болса да адал жолмен жүрген.
Кей ғалымдар жеке басы үшін кек алмауын дүниелік істерге қатысты деп түсіндірген. Хадистің басқа нұсқасында былай делінеді: «Алла елшісі (с.а.с.) мұсылманды жамандап, қарғамаған. Алла жолындағы жағдайдан өзге кезде мұсылманға қол жұмсамаған. Өтінішпен келген кісінің ісі күнәға қатысты болмаса, бетін қайтармаған. Жеке басы үшін ешкімнен кек алмаған. Алланың тыйымы бұзылғанда ғана Алла үшін жазалаған».
2. Екі жолдың нәтижесі бірдей не ұқсас болса, машақаты азын таңдаған жөн. Ол күнәға бастаса немесе жолай күнәға ұрыну қаупі болса, одан барынша аулақ болған дұрыс.
- 1Бұхари, «Мәнәқиб», 23, «Әдеп», 80, «Худуд», 10, 42 • Мүслим, «Фадаил», 77 (2327) • Мәлік, «Муатта», «Хуснул-хулқ», 2 (2/903) • Әбу Дәуіт, «Әдеп», 5 (4785).