Хадис

Алғашқы уахи

Кутуб ситтә, 12-том, 886-тарау · 5 хадис · № 5563–5567

ПАЙҒАМБАРЛЫҚ БӨЛІМІ

Хадистер

5563
Кутуб ситтә, № 5563 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Айша (р.а.)

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: أَوَّلُ مَا بُدِئَ بِهِ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ مِنَ الْوَحْيِ الرُّؤْيَا الصَّالِحَةُ فِي النَّوْمِ، وَكَانَ لَا يَرَى رُؤْيَا إِلَّا جَاءَتْ مِثْلَ فَلَقِ الصُّبْحِ، وَحُبِّبَ إِلَيْهِ الْخَلَاءُ فَكَانَ يَخْلُو بِغَارِ حِرَاءَ فَيَتَحَنَّثُ فِيهِ وَهُوَ التَّعَبُّدُ اللَّيَالِي ذَوَاتِ الْعَدَدِ قَبْلَ أَنْ يَنْزِعَ إِلَى أَهْلِهِ، وَيَتَزَوَّدُ لِذَلِكَ ثُمَّ يَرْجِعُ إِلَى خَدِيجَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا. فَيَتَزَوَّدُ لِمِثْلِهَا، حَتَّى جَاءَهُ الْحَقُّ وَهُوَ فِي غَارِ حِرَاءَ. فَجَاءَهُ الْمَلَكُ فَقَالَ: اقْرَأْ. فَقَالَ: مَا أَنَا بِقَارِئٍ. قَالَ: فَأَخَذَنِي فَغَطَّنِي حَتَّى بَلَغَ مِنِّي الْجَهْدُ، ثُمَّ أَرْسَلَنِي فَقَالَ: اقْرَأْ. فَقُلْتُ: لَسْتُ بِقَارِئٍ. فَغَطَّنِي الثَّانِيَةَ حَتَّى بَلَغَ مِنِّي الْجَهْدُ. ثُمَّ أَرْسَلَنِي فَقَالَ: اقْرَأْ. فَقُلْتُ: مَا أَنَا بِقَارِئٍ. فَأَخَذَنِي فَغَطَّنِي الثَّالِثَةَ حَتَّى بَلَغَ مِنِّي الْجَهْدُ. ثُمَّ أَرْسَلَنِي فَقَالَ: ﴿اقْرَأْ بِاسْمِ رَبِّكَ الَّذِي خَلَقَ ۝ خَلَقَ الْإِنْسَانَ مِنْ عَلَقٍ ۝ اقْرَأْ وَرَبُّكَ الْأَكْرَمُ ۝ الَّذِي عَلَّمَ بِالْقَلَمِ ۝ عَلَّمَ الْإِنْسَانَ مَا لَمْ يَعْلَمْ﴾. فَرَجَعَ بِهَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَرْجُفُ فُؤَادُهُ، فَدَخَلَ عَلَى خَدِيجَةَ، فَقَالَ: زَمِّلُونِي زَمِّلُونِي. فَزَمَّلُوهُ حَتَّى ذَهَبَ عَنْهُ الرَّوْعُ. فَقَالَ لِخَدِيجَةَ، وَأَخْبَرَهَا الْخَبَرَ وَقَالَ: لَقَدْ خَشِيْتُ عَلَى نَفْسِي. قَالَتْ لَهُ خَدِيجَةُ: كَلَّا فَوَاللَّهِ مَا يُخْزِيكَ اللَّهُ أَبَدًا، إِنَّكَ لَتَصِلُ الرَّحِمَ، وَتَصْدُقُ الْحَدِيثَ، وَتَحْمِلُ الْكَلَّ، وَتُكْسِبُ الْمَعْدُومَ، وَتَقْرِي الضَّيْفَ، وَتُعِينُ عَلَى نَوَائِبِ الْحَقِّ، ثُمَّ انْطَلَقَتْ بِهِ خَدِيجَةُ إِلَى وَرَقَةَ بْنِ نَوْفَلَ بْنِ أَسَدِ ابْنِ عَبْدِ الْعُزَّى بْنِ قُصَيٍّ، وَهُوَ ابْنُ عَمِّ خَدِيجَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا، وَكَانَ امْرَأً قَدْ تَنَصَّرَ فِي الْجَاهِلِيَّةِ، وَكَانَ يَكْتُبُ الْعِبْرَانِيَّ فَيَكْتُبُ مِنَ الْإِنْجِيلِ بِالْعِبْرَانِيَّةِ مَا شَاءَ اللَّهُ أَنْ يَكْتُبَ، وَكَانَ شَيْخًا كَبِيرًا قَدْ عَمَى. فَقَالَتْ خَدِيجَةُ: يَا ابْنَ عَمِّ، اسْمَعْ مِنْ ابْنِ أَخِيكَ مَا يَقُولُ، فَقَالَ لَهُ وَرَقَةُ: يَا ابْنَ أَخِي، مَاذَا تَرَى؟ فَأَخْبَرَهُ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ خَبَرَ مَا رَأَى. فَقَالَ لَهُ وَرَقَةُ: هَذَا النَّامُوسُ الَّذِي أُنْزِلَ عَلَى مُوسَى. يَا لَيْتَنِي فِيهَا جَذَعًا، لَيْتَنِي أَكُونُ حَيًّا إِذْ يُخْرِجُكَ قَوْمُكَ. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: أَوَمُخْرِجِيَّ هُمْ؟ قَالَ: نَعَمْ، لَمْ يَأْتِ رَجُلٌ قَطُّ بِمِثْلِ مَا جِئْتَ بِهِ إِلَّا عُودِيَ، وَإِنْ يُدْرِكْنِي يَوْمُكَ أَنْصُرْكَ نَصْرًا مُؤَزَّرًا. ثُمَّ لَمْ يَنْشَبْ وَرَقَةُ أَنْ تُوُفِّيَ وَفَتَرَ الْوَحْيُ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісіне (с.а.с.) уахи әуелі шынайы түс түрінде келе бастады. Түсінде көргені таңғы жарықтай анық күйінде өңінде айна-қатесіз орындалатын. Содан оңаша қалуды ұнатып, Хира үңгіріне барып, үйіне оралмай, бірнеше түн ғибадат ететін. Сол күндерге жетерлік азық алып шығатын. Азығы таусылғанда Хадишаға (р.а.) келіп, қайтадан сонша азық алып кететін. Ақыры Хира үңгірінде оған хақ уахи келді. Періште келіп: “Оқы!” – деді. Ол: “Мен оқи алмаймын”, – деп жауап берді. Алла елшісі сөзін былай жалғады: “Періште мені ұстап алып, әл-дәрменім таусылғанша қысты. Содан соң босатып: ‘Оқы!’ – деді. ‘Мен оқи алмаймын’, – дедім. Екінші рет те әл-дәрменім таусылғанша қысты. Сосын босатып: ‘Оқы!’ – деді. Мен тағы: ‘Оқи алмаймын’, – дедім. Үшінші рет те әл-дәрменім таусылғанша қысты. Содан кейін босатып, мына аяттарды оқыды: ﴿اقْرَأْ بِاسْمِ رَبِّكَ الَّذِي خَلَقَ ۝ خَلَقَ الْإِنْسَانَ مِنْ عَلَقٍ ۝ اقْرَأْ وَرَبُّكَ الْأَكْرَمُ ۝ الَّذِي عَلَّمَ بِالْقَلَمِ ۝ عَلَّمَ الْإِنْسَانَ مَا لَمْ يَعْلَمْ﴾ ‘Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды жабысқақ жасушадан жаратты. Оқы! Сенің Раббың – асқан жомарт! Ол қаламмен жазуды үйретті. Адам баласына білмегенін үйретті.’1”

Алла елшісі (с.а.с.) осы аяттарды жадында сақтаған күйі жүрегі дірілдеп қайтты. Хадишаның қасына келіп: “Үстімді жабыңдар! Үстімді жабыңдар!” – деді. Үрейі басылғанша үстін жауып қойды. Сосын Хадишаға басынан өткенін айтып: “Өзім үшін қорқып кеттім”, – деді. Хадиша: “Қорықпа, Аллаға ант етейін, Алла сені ешқашан масқара етпейді. Сен туған-туыспен байланысты үзбейсің, шын сөйлейсің, әлсіздің жүгін көтересің, мұқтажға жәрдем бересің, қонақты күтесің, ақиқат жолында басына қиындық түскенге көмектесесің”, – деді. Содан соң Хадиша оны Уарақа ибн Нәуфәл ибн Әсад ибн Абдул-Узза ибн Құсайға ертіп апарды. Уарақа Хадишаның әкесінің бауырының ұлы еді. Жаһилиятта христиан дінін қабылдаған. Ибранише жазуды білетін, Алланың қалауынша Інжілдің біразын ибрани тілінде жазған. Көз жанарынан айырылған қарт кісі еді. Хадиша оған: “Немере ағам, бауырыңның ұлын тыңдашы”, – деді. Уарақа Алла елшісінен: “Бауырымның ұлы, не көрдің?” – деп сұрады. Алла елшісі көргенін айтып берді. Сонда Уарақа: “Бұл – Мұсаға түскен періште. Шіркін, сол кезде жас болсам ғой! Қауымың сені қуып шығарғанда, тірі болсам екен!” – деді. Алла елшісі: “Олар мені қуып шыға ма?” – деп сұрады. Уарақа: “Иә. Сен әкелгендей хабарды жеткізген әрбір кісі дұшпандыққа тап болған. Сол күніңе жетсем, саған бар күшіммен жәрдем беремін”, – деді. Көп ұзамай Уарақа дүние салды, уахи да біраз уақытқа үзілді».2

  1. 1«Аләқ» сүресі, 1–5-аяттар.
  2. 2Бұхари, «Бәдул-уахи» (3), «Әнбия», 21, «Тәпсір», «Аләқ», «Тағбир», 1 • Мүслим, «Иман», 252 (160) • Тирмизи, «Мәнәқиб», 13 (3636).
5564
Кутуб ситтә, № 5564 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ يَحْيَى بْنِ أَبِي كَثِيرٍ قَالَ: سَأَلْتُ أَبَا سَلَمَةَ بْنَ عَبْدِ الرَّحْمَنِ عَنْ أَوَّلِ مَا نَزَلَ مِنَ الْقُرْآنِ. فَقَالَ: ﴿يَا أَيُّهَا الْمُدَّثِّرُ﴾. قُلْتُ: إِنَّهُمْ يَقُولُونَ: ﴿اقْرَأْ بِاسْمِ رَبِّكَ الَّذِي خَلَقَ﴾. قَالَ أَبُو سَلَمَةَ: سَأَلْتُ جَابِرًا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ عَنْ ذَلِكَ فَقَالَ: لَا أُحَدِّثُكَ إِلَّا مَا حَدَّثَنَا بِهِ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ قَالَ: جَاوَرْتُ بِحِرَاءَ شَهْرًا، فَلَمَّا قَضَيْتُ جِوَارِي هَبَطْتُ فَنُودِيتُ فَنَظَرْتُ عَنْ يَمِينِي فَلَمْ أَرَ شَيْئًا، وَنَظَرْتُ عَنْ شِمَالِي فَلَمْ أَرَ شَيْئًا، وَنَظَرْتُ خَلْفِي فَلَمْ أَرَ شَيْئًا، فَرَفَعْتُ رَأْسِي فَرَأَيْتُ شَيْئًا فَلَمْ أَثْبُتْ لَهُ. فَأَتَيْتُ خَدِيجَةَ، فَقُلْتُ: دَثِّرُونِي. فَنَزَلَ: ﴿يَا أَيُّهَا الْمُدَّثِّرُ ۝ قُمْ فَأَنْذِرْ ۝ وَرَبَّكَ فَكَبِّرْ ۝ وَثِيَابَكَ فَطَهِّرْ ۝ وَالرُّجْزَ فَاهْجُرْ﴾ وَذَلِكَ قَبْلَ أَنْ تُفْرَضَ الصَّلَاةُ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Яхия ибн Әбу Кәсир былай дейді: «Әбу Сәләмә ибн Абдуррахманнан Құранның әуелі қай аяты түскенін сұрадым. Ол ﴿يَا أَيُّهَا الْمُدَّثِّرُ﴾ “Уа, жамылғыға бүркенуші!” деген аятты атады. Мен: “Жұрт әуелі ﴿اقْرَأْ بِاسْمِ رَبِّكَ الَّذِي خَلَقَ﴾ ‘Жаратқан Раббыңның атымен оқы!’ деген аят түсті дейді ғой”, – дедім. Әбу Сәләмә мұны Жәбирден (р.а.) сұраған екен. Жәбир Алла елшісінің (с.а.с.) өз аузынан естігенін ғана жеткізетінін айтып, мына сөзін келтіріпті: “Хирада бір ай оңаша болдым. Сол мерзім бітіп, төмен түскенде, маған біреу үн қатты. Оңыма, солыма, артыма қарадым, ештеңе көрінбеді. Басымды көтергенімде, бір нәрсе көрдім. Оған қарап тұра алмадым. Хадишаға келіп: ‘Үстімді жабыңдар!’ – дедім. Сонда мына аяттар түсті: ﴿يَا أَيُّهَا الْمُدَّثِّرُ ۝ قُمْ فَأَنْذِرْ ۝ وَرَبَّكَ فَكَبِّرْ ۝ وَثِيَابَكَ فَطَهِّرْ ۝ وَالرُّجْزَ فَاهْجُرْ﴾ ‘Уа, жамылғыға бүркенуші! Тұр, ескерт! Раббыңды ұлықта! Киіміңді тазарт! Ластық атаулыдан аулақ бол!’1 Бұл намаз парыз етілмей тұрып болған еді”».2

  1. 1«Мүддәссир» сүресі, 1–5-аяттар.
  2. 2Бұхари, «Бәдул-уахи» (4), «Бәдул-халқ», 6, «Тәпсір», «Мүддәссир», «Аләқ», «Әдеп», 118 • Мүслим, «Иман», 257 (161) • Тирмизи, «Тәпсір», «Мүддәссир».
5565
Кутуб ситтә, № 5565 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Омар (р.а.)

وَعَنْ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ إِذَا نَزَلَ عَلَيْهِ الْوَحْيُ يُسْمَعُ عِنْدَ وَجْهِهِ كَدَوِيِّ النَّحْلِ، فَأُنْزِلَ عَلَيْهِ يَوْمًا فَمَكَثَ سَاعَةً، ثُمَّ سُرِّيَ عَنْهُ فَقَرَأَ: ﴿قَدْ أَفْلَحَ الْمُؤْمِنُونَ﴾ إِلَى عَشْرِ آيَاتٍ مِنْ أَوَّلِهَا، وَقَالَ: مَنْ أَقَامَ هَذِهِ الْعَشْرَ الْآيَاتِ دَخَلَ الْجَنَّةَ. ثُمَّ اسْتَقْبَلَ الْقِبْلَةَ وَرَفَعَ يَدَيْهِ وَقَالَ: اللَّهُمَّ زِدْنَا وَلَا تَنْقُصْنَا، وَأَكْرِمْنَا وَلَا تُهِنَّا، وَأَعْطِنَا وَلَا تَحْرِمْنَا، وَآثِرْنَا وَلَا تُؤْثِرْ عَلَيْنَا، اللَّهُمَّ أَرْضِنَا وَارْضَ عَنَّا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісіне (с.а.с.) уахи түскенде, жүзіне жақын тұстан араның ызыңындай дыбыс естілетін. Бір күні оған уахи түсіп, біраз уақыт сол күйінде отырды. Ол күй басылған соң “Муминун” сүресінің алғашқы он аятын оқыды: ﴿قَدْ أَفْلَحَ الْمُؤْمِنُونَ ۝ الَّذِينَ هُمْ فِي صَلَاتِهِمْ خَاشِعُونَ ۝ وَالَّذِينَ هُمْ عَنِ اللَّغْوِ مُعْرِضُونَ ۝ وَالَّذِينَ هُمْ لِلزَّكَاةِ فَاعِلُونَ ۝ وَالَّذِينَ هُمْ لِفُرُوجِهِمْ حَافِظُونَ ۝ إِلَّا عَلَى أَزْوَاجِهِمْ أَوْ مَا مَلَكَتْ أَيْمَانُهُمْ فَإِنَّهُمْ غَيْرُ مَلُومِينَ ۝ فَمَنِ ابْتَغَى وَرَاءَ ذَلِكَ فَأُولَئِكَ هُمُ الْعَادُونَ ۝ وَالَّذِينَ هُمْ لِأَمَانَاتِهِمْ وَعَهْدِهِمْ رَاعُونَ ۝ وَالَّذِينَ هُمْ عَلَى صَلَوَاتِهِمْ يُحَافِظُونَ ۝ أُولَئِكَ هُمُ الْوَارِثُونَ﴾ “Мүміндер мақсат-мұратына, нағыз жетістікке жетті. Олар – намазда шын пейілімен мойынсұнып, барынша кішіпейілділік танытатындар. Олар – бос сөз, пайдасыз істен іргесін аулақ салатындар. Олар – шын пейілімен зекет беретіндер. Олар – абиырларын күнә атаулыдан барынша сақтайтындар. Тек адал жарлары мен қоластындағы күңдерінің жөні бөлек. Өйткені олар ол үшін жазғырылмайды. Ал кімде-кім одан ары асуды көксесе, міне, солар нағыз шектен шыққандар. Олар – өздеріне сеніп тапсырылған аманаттар мен міндеттерге асқан жауапкершілікпен қарап, берген уәделерінде тұратындар. Һәм намаздарын кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқитындар. Міне, солар нағыз мұрагерлер”1. Содан кейін: “Кім осы он аятта айтылғандарды орындаса, жәннатқа кіреді”, – деді. Сосын құбылаға бұрылып, қолын көтеріп: “Уа, Алла, игілігімізді арттыр, кемітпе. Құрметке бөле, қор қылма. Нәсіп ет, мақұрым қалдырма. Бізге басымдық бер, өзгелерді бізден артық көрме. Уа, Алла, бізді разы ет, Өзің де бізге разы бол!” – деп дұға етті».2

  1. 1«Муминун» сүресі, 1–10-аяттар.
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Муминун» (3173, кей басылымда 3172).
5566
Кутуб ситтә, № 5566 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «آخِرُ آيَةٍ نَزَلَتْ عَلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ آيَةُ الرِّبَا». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.): «Алла елшісіне (с.а.с.) түскен соңғы аят – өсімқорлық туралы аят», – дейді.1

  1. 1Бұхари, «Тәпсір», «Бақара», 53 (4544).
5567
Кутуб ситтә, № 5567 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَعْرِضُ نَفْسَهُ بِالْمَوْقِفِ، فَيَقُولُ: أَلَا رَجُلٌ يَحْمِلُنِي إِلَى قَوْمِهِ؟ فَإِنَّ قُرَيْشًا مَنَعُونِي أَنْ أُبَلِّغَ كَلَامِ رَبِّي». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) қажылық маусымында қажылар аялдайтын жерде өзін жұртқа таныстырып: “Мені өз қауымына ертіп баратын бір кісі бар ма? Құрайыштар Раббымның сөзін жеткізуіме бөгет болып отыр”, – дейтін».1

Түсіндірме

1. Бұл хадистер Алла елшісіне (с.а.с.) уахидың алғаш түсуі туралы баяндайды. «Уахи» тілде «жасырын білдіру» дегенді білдіреді. Бұл сөз «жазу», «жазылған нәрсе», «жіберу», «илһам», «әмір», «тұспал», «ишарат» және «бірінен соң бірі үн шығару» мағынасында да қолданылады. Шариғат тілінде уахи – Алланың шариғатты білдіруі. Бұл сөз «уахи етілген нәрсе» мағынасында да қолданылады. Сондықтан Алланың ардақты Елшісіне түсірілген сөзі де «уахи» деп аталады.

2. Алғашқы хадисте (5563) Алла елшісіне уахи әуелі шынайы түс түрінде келгені айтылады. Кей риуаятта «жақсы түс» делінеді. Оның мәні – ұйқыда көргені өңінде айна-қатесіз орындалуы. Бұл Алла елшісін ояу кезінде көретін жайттарға дайындаған. Кейін ол ояуында сәуле көріп, дауыс естіген, жолдағы ағаштар мен тастар оған сәлем берген. Бәйһақи шынайы түс көру кезеңі алты айға созылған деп есептейді. Ибн Хажар: «Пайғамбарлық қырық жасқа толған рәбиғул-әууәл айында түспен басталып, сол жылдың рамазанында ояу кездегі уахи басталған болуы керек», – деген.

3. Уахи басталар алдында Алла елшісі оңаша қалуды ұнатып, Хира үңгірінде ғибадат ететін. «Таханнус» сөзі «таханнуф», яғни ханифтердің жолымен жүру дегенді білдіреді. Ханифтік – әзірет Ибраһимнің діні. Кей нұсқада Зуһри бұл сөзді «тағаббуд», яғни «ғибадат ету» деп түсіндірген. Алла елшісі рамазан айында бір айдай үңгірде оңашаланған.

Осы кезеңде Алла елшісі Жәбірейілді (а.с.) Меккенің Әжяд деген жерінде көрді. Жәбірейіл: «Уа, Мұхаммед!» – деп дауыстады. Ол оңына да, солына да, алды-артына да қарады, ешкімді көрмеді. Басын көтергенде, аспанды көз жеткенше алып, тақта отырған Жәбірейілді көрді.

Жәбірейіл: «Уа, Мұхаммед! Мен Жәбірейілмін! Жәбірейілмін!» – деді. Алла елшісі қорқып, қалың жұртқа араласып кетті. Содан кейін ештеңе көрінбеді. Жұрт арасынан шыққанда, әлгі дауыс қайта шақырды. Ол тағы да жұрт арасына қарай қашты. Уахи қабылдау ауыр еді.

Кейін Жәбірейіл (а.с.) Хирада көрініп, «Оқы!» деп әмір етті. Кей риуаятта Жәбірейіл сол кезде көз қарықтырар жақұттай екі қанатымен көрінген делінеді. Бұл риуаят әлсіз саналған. Сахих риуаяттар бойынша, Алла елшісі Жәбірейілді жаратылған бейнесінде екі рет көрген. Алғашқысы Алла елшісінің өтінішімен болды, екіншісі Миғраж кезінде болған. Жәбірейілді көргені жөнінде әртүрлі риуаят барын ескерген жөн.

4. Алла елшісі (с.а.с.) қорыққан сәтте Хадиша оған демеу болып, жұбатты. Оның пайғамбар екеніне сеніп, алғаш иман келтіргендердің бірі болды. Өйткені Алла елшісін бұрыннан жақсы білетін, адалдығын, адамгершілігін, сөзіне беріктігін өз көзімен көрген еді.

Ғалымдар осы оқиғаға сүйеніп, қайғыға ұшыраған немесе басына ауыртпалық түскен кісіні жұбатуды мұстахаб санаған. Қиналған кісіге ішкі қайғысын өзіне жақын, өзін түсінетін жанға айтып, көңілін босатуды жөн көрген. Іштен тыну қайғыны жеңілдетпейді.

5. Алла елшісінің Уарақаға баруы да мәнді. Бұрынғы қасиетті кітаптарды жақсы білген Уарақа оның пайғамбарлығын бірден мойындап, демеу білдірді, қауымының оған қарсы шығатынын ескертті. Бұдан бұрынғы кітаптарда Алла елшісінің келетіні және соңғы пайғамбар болатыны егжей-тегжейлі жазылғаны аңғарылады.

6. «Фатратул-уахи» – алғашқы уахидан кейінгі үзіліс. Ғалымдар бұл үзіліс Алла елшісінің үрейі басылып, уахиды аңсауы үшін болған дейді. Үзілістің ұзақтығы туралы пікір көп. Бірнеше күн деген риуаят та, үш жыл деген риуаят та бар. Ғалымдардың көбі үш жылға созылғаны туралы риуаятты қуатты санаған. Сүһәйли екі жарым жыл туралы деректі қисынды көрген. Оған алты айлық шынайы түс кезеңін қосқанда үш жыл шығады.

Меккедегі пайғамбарлық мерзімінің он не он үш жыл екені жайындағы пікір алшақтығы осы үзіліске байланысты. Кей ғалымдар оны пайғамбарлық мерзіміне қосса, кейбірі есепке алмаған.

7. Алғаш түскен сүре туралы риуаяттарда айырма бар. Бірінші риуаятта «Аләқ» сүресінің алғашқы аяттары аталады. Екіншісінде «Мүддәссир» сүресі көрсетілген. Соған сүйеніп, алғаш түскен сүре «Мүддәссир» деп кесіп айтқан ғалым да болған. Бұхаридегі бір риуаят бойынша, «Мүддәссир» – уахи үзілісінен кейін түскен алғашқы сүре. Жәбир (р.а.) Алла елшісінің мына сөзін жеткізеді: «Жолда келе жатып, аспаннан дауыс естідім. Сол жаққа қарасам, Хирада көрінген періште жер мен көктің арасында тақта отыр екен. Қатты қорқып, үйге қайттым да: “Үстімді жабыңдар!” – дедім. Сонда Алла Тағала ﴿يَا أَيُّهَا الْمُدَّثِّرُ ۝ قُمْ فَأَنْذِرْ﴾ “Уа, жамылғыға бүркенуші! Тұр, ескерт!”2 деп басталатын сүрені бесінші аятқа дейін түсірді. Содан кейін уахи жиілей берді».

Ибн Хажар риуаяттағы осы қосымша түсіндірме кей кісілердің күмәнін сейілтетінін айтқан.

8. Омар (р.а.) уахи келгендегі құбылыстың бірін баяндайды. Сол кезде Алла елшісінің бас жағынан ара ұясының гуіліндей дыбыс естілетін. Бұл дерек уахидың келуі туралы хабар береді. Жаратушы мен адам арасындағы осы байланыстың табиғатын сөзбен қалай жеткізуге болады? Өзге риуаяттарда да уахидың сырттай байқалған кейбір белгілері айтылады. Уахидың өзін сол сәтте оны қабылдаған жан ғана сезіне алады.

Өзге риуаяттарда мына жайлар айтылады:

• Уахи Алла елшісіне ауыр тиетін. Қақаған аязда да қара терге түсетін. Түйе үстінде отырған кезде уахи түссе, түйенің аяқтары иіліп, бауыры жерге тиердей шөгетін. Бір жолы уахи түсіп жатқанда, Зәйд ибн Сәбиттің тізесі Алла елшісінің тізесіне тиіп тұрды. Зәйдке аяғы езіліп, енді жүре алмайтындай сезілген. Уахи аяқталғанда, ол қалпына келді. Уахидың салмағы Құранда да айтылады: ﴿إِنَّا سَنُلْقِي عَلَيْكَ قَوْلًا ثَقِيلًا﴾ «Біз саған өте салмақты сөз түсіреміз.»3

• Уахи түскенде, Алла елшісі үстін жаптырып, әдеттегіден бөлек күй кешетін. Уахи аяқталған соң, көкірегіне түскен сөздер жадында жатталған күйде қалатын. Алла елшісі соғыс кезінде де уахи хатшысын жанынан қалдырмай, уахиды айтып жаздыратын. Жазылғанын қайта оқытып, қатесі болса түзеттіретін. Алғашқы кезде уахиды ұмытып қалудан қауіптеніп, түсіп жатқан сөздерді іле қайталайтын. Құран оған түскен уахидың жадында сақталатынын білдіріп, көңілін орнықтырды: ﴿لَا تُحَرِّكْ بِهِ لِسَانَكَ لِتَعْجَلَ بِهِ ۝ إِنَّ عَلَيْنَا جَمْعَهُ وَقُرْآنَهُ ۝ فَإِذَا قَرَأْنَاهُ فَاتَّبِعْ قُرْآنَهُ ۝ ثُمَّ إِنَّ عَلَيْنَا بَيَانَهُ﴾ «Оны бірден жаттап алайын деп, тіліңді асығыс қимылдатпа. Өйткені оны толық жинау һәм өзіңе оқыту Бізге тиесілі іс! Ендеше, Біз оны оқыған кезде, сен оның оқылуына ілесіп отыр. Содан кейін, оны тәптіштеп түсіндіру де Бізге тиесілі іс!»4

Бұл жайт Алла елшісінің уахи түскенде санасы сергек болғанын көрсетеді. Ол өзіне түскен сөзді ұғып, ұмытып қалудан қауіптеніп, жаттап алу үшін ернін қимылдатып, қайталап отырған. Осы аяттар түскен соң, уахидың қалай жадында сақталатынын біліп, іле қайталауын қойды.

Алла елшісіне уахи бірнеше түрде келген:

• Қоңыраудың сыңғырындай үнмен келген. Бұл – Алла елшісіне ең ауыр тиген түрі. Сырттағы кісілерге араның ызыңындай естілгені айтылады.

• Жүрегіне тікелей салынған.

• Түсінде білдірілген.

• Миғраж кезіндегідей Алладан тікелей алынған. Мұндайда періште дәнекер болмаған.

• Илһам түрінде келген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Сүннет», 22 (4734) • Тирмизи, «Сауабул-Құран», 24 (2926).
  2. 2Бұхари, «Бәдул-уахи» (4) • «Мүддәссир» сүресі, 1–5-аяттар.
  3. 3«Муззәммил» сүресі, 5-аят.
  4. 4«Қиямет» сүресі, 16–19-аяттар.