Хадис

Кутуб ситтә, № 5567

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
886. Алғашқы уахи
Нөмірі
№ 5567 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 5
5567
Кутуб ситтә, № 5567 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَعْرِضُ نَفْسَهُ بِالْمَوْقِفِ، فَيَقُولُ: أَلَا رَجُلٌ يَحْمِلُنِي إِلَى قَوْمِهِ؟ فَإِنَّ قُرَيْشًا مَنَعُونِي أَنْ أُبَلِّغَ كَلَامِ رَبِّي». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) қажылық маусымында қажылар аялдайтын жерде өзін жұртқа таныстырып: “Мені өз қауымына ертіп баратын бір кісі бар ма? Құрайыштар Раббымның сөзін жеткізуіме бөгет болып отыр”, – дейтін».1

Түсіндірме

1. Бұл хадистер Алла елшісіне (с.а.с.) уахидың алғаш түсуі туралы баяндайды. «Уахи» тілде «жасырын білдіру» дегенді білдіреді. Бұл сөз «жазу», «жазылған нәрсе», «жіберу», «илһам», «әмір», «тұспал», «ишарат» және «бірінен соң бірі үн шығару» мағынасында да қолданылады. Шариғат тілінде уахи – Алланың шариғатты білдіруі. Бұл сөз «уахи етілген нәрсе» мағынасында да қолданылады. Сондықтан Алланың ардақты Елшісіне түсірілген сөзі де «уахи» деп аталады.

2. Алғашқы хадисте (5563) Алла елшісіне уахи әуелі шынайы түс түрінде келгені айтылады. Кей риуаятта «жақсы түс» делінеді. Оның мәні – ұйқыда көргені өңінде айна-қатесіз орындалуы. Бұл Алла елшісін ояу кезінде көретін жайттарға дайындаған. Кейін ол ояуында сәуле көріп, дауыс естіген, жолдағы ағаштар мен тастар оған сәлем берген. Бәйһақи шынайы түс көру кезеңі алты айға созылған деп есептейді. Ибн Хажар: «Пайғамбарлық қырық жасқа толған рәбиғул-әууәл айында түспен басталып, сол жылдың рамазанында ояу кездегі уахи басталған болуы керек», – деген.

3. Уахи басталар алдында Алла елшісі оңаша қалуды ұнатып, Хира үңгірінде ғибадат ететін. «Таханнус» сөзі «таханнуф», яғни ханифтердің жолымен жүру дегенді білдіреді. Ханифтік – әзірет Ибраһимнің діні. Кей нұсқада Зуһри бұл сөзді «тағаббуд», яғни «ғибадат ету» деп түсіндірген. Алла елшісі рамазан айында бір айдай үңгірде оңашаланған.

Осы кезеңде Алла елшісі Жәбірейілді (а.с.) Меккенің Әжяд деген жерінде көрді. Жәбірейіл: «Уа, Мұхаммед!» – деп дауыстады. Ол оңына да, солына да, алды-артына да қарады, ешкімді көрмеді. Басын көтергенде, аспанды көз жеткенше алып, тақта отырған Жәбірейілді көрді.

Жәбірейіл: «Уа, Мұхаммед! Мен Жәбірейілмін! Жәбірейілмін!» – деді. Алла елшісі қорқып, қалың жұртқа араласып кетті. Содан кейін ештеңе көрінбеді. Жұрт арасынан шыққанда, әлгі дауыс қайта шақырды. Ол тағы да жұрт арасына қарай қашты. Уахи қабылдау ауыр еді.

Кейін Жәбірейіл (а.с.) Хирада көрініп, «Оқы!» деп әмір етті. Кей риуаятта Жәбірейіл сол кезде көз қарықтырар жақұттай екі қанатымен көрінген делінеді. Бұл риуаят әлсіз саналған. Сахих риуаяттар бойынша, Алла елшісі Жәбірейілді жаратылған бейнесінде екі рет көрген. Алғашқысы Алла елшісінің өтінішімен болды, екіншісі Миғраж кезінде болған. Жәбірейілді көргені жөнінде әртүрлі риуаят барын ескерген жөн.

4. Алла елшісі (с.а.с.) қорыққан сәтте Хадиша оған демеу болып, жұбатты. Оның пайғамбар екеніне сеніп, алғаш иман келтіргендердің бірі болды. Өйткені Алла елшісін бұрыннан жақсы білетін, адалдығын, адамгершілігін, сөзіне беріктігін өз көзімен көрген еді.

Ғалымдар осы оқиғаға сүйеніп, қайғыға ұшыраған немесе басына ауыртпалық түскен кісіні жұбатуды мұстахаб санаған. Қиналған кісіге ішкі қайғысын өзіне жақын, өзін түсінетін жанға айтып, көңілін босатуды жөн көрген. Іштен тыну қайғыны жеңілдетпейді.

5. Алла елшісінің Уарақаға баруы да мәнді. Бұрынғы қасиетті кітаптарды жақсы білген Уарақа оның пайғамбарлығын бірден мойындап, демеу білдірді, қауымының оған қарсы шығатынын ескертті. Бұдан бұрынғы кітаптарда Алла елшісінің келетіні және соңғы пайғамбар болатыны егжей-тегжейлі жазылғаны аңғарылады.

6. «Фатратул-уахи» – алғашқы уахидан кейінгі үзіліс. Ғалымдар бұл үзіліс Алла елшісінің үрейі басылып, уахиды аңсауы үшін болған дейді. Үзілістің ұзақтығы туралы пікір көп. Бірнеше күн деген риуаят та, үш жыл деген риуаят та бар. Ғалымдардың көбі үш жылға созылғаны туралы риуаятты қуатты санаған. Сүһәйли екі жарым жыл туралы деректі қисынды көрген. Оған алты айлық шынайы түс кезеңін қосқанда үш жыл шығады.

Меккедегі пайғамбарлық мерзімінің он не он үш жыл екені жайындағы пікір алшақтығы осы үзіліске байланысты. Кей ғалымдар оны пайғамбарлық мерзіміне қосса, кейбірі есепке алмаған.

7. Алғаш түскен сүре туралы риуаяттарда айырма бар. Бірінші риуаятта «Аләқ» сүресінің алғашқы аяттары аталады. Екіншісінде «Мүддәссир» сүресі көрсетілген. Соған сүйеніп, алғаш түскен сүре «Мүддәссир» деп кесіп айтқан ғалым да болған. Бұхаридегі бір риуаят бойынша, «Мүддәссир» – уахи үзілісінен кейін түскен алғашқы сүре. Жәбир (р.а.) Алла елшісінің мына сөзін жеткізеді: «Жолда келе жатып, аспаннан дауыс естідім. Сол жаққа қарасам, Хирада көрінген періште жер мен көктің арасында тақта отыр екен. Қатты қорқып, үйге қайттым да: “Үстімді жабыңдар!” – дедім. Сонда Алла Тағала ﴿يَا أَيُّهَا الْمُدَّثِّرُ ۝ قُمْ فَأَنْذِرْ﴾ “Уа, жамылғыға бүркенуші! Тұр, ескерт!”2 деп басталатын сүрені бесінші аятқа дейін түсірді. Содан кейін уахи жиілей берді».

Ибн Хажар риуаяттағы осы қосымша түсіндірме кей кісілердің күмәнін сейілтетінін айтқан.

8. Омар (р.а.) уахи келгендегі құбылыстың бірін баяндайды. Сол кезде Алла елшісінің бас жағынан ара ұясының гуіліндей дыбыс естілетін. Бұл дерек уахидың келуі туралы хабар береді. Жаратушы мен адам арасындағы осы байланыстың табиғатын сөзбен қалай жеткізуге болады? Өзге риуаяттарда да уахидың сырттай байқалған кейбір белгілері айтылады. Уахидың өзін сол сәтте оны қабылдаған жан ғана сезіне алады.

Өзге риуаяттарда мына жайлар айтылады:

• Уахи Алла елшісіне ауыр тиетін. Қақаған аязда да қара терге түсетін. Түйе үстінде отырған кезде уахи түссе, түйенің аяқтары иіліп, бауыры жерге тиердей шөгетін. Бір жолы уахи түсіп жатқанда, Зәйд ибн Сәбиттің тізесі Алла елшісінің тізесіне тиіп тұрды. Зәйдке аяғы езіліп, енді жүре алмайтындай сезілген. Уахи аяқталғанда, ол қалпына келді. Уахидың салмағы Құранда да айтылады: ﴿إِنَّا سَنُلْقِي عَلَيْكَ قَوْلًا ثَقِيلًا﴾ «Біз саған өте салмақты сөз түсіреміз.»3

• Уахи түскенде, Алла елшісі үстін жаптырып, әдеттегіден бөлек күй кешетін. Уахи аяқталған соң, көкірегіне түскен сөздер жадында жатталған күйде қалатын. Алла елшісі соғыс кезінде де уахи хатшысын жанынан қалдырмай, уахиды айтып жаздыратын. Жазылғанын қайта оқытып, қатесі болса түзеттіретін. Алғашқы кезде уахиды ұмытып қалудан қауіптеніп, түсіп жатқан сөздерді іле қайталайтын. Құран оған түскен уахидың жадында сақталатынын білдіріп, көңілін орнықтырды: ﴿لَا تُحَرِّكْ بِهِ لِسَانَكَ لِتَعْجَلَ بِهِ ۝ إِنَّ عَلَيْنَا جَمْعَهُ وَقُرْآنَهُ ۝ فَإِذَا قَرَأْنَاهُ فَاتَّبِعْ قُرْآنَهُ ۝ ثُمَّ إِنَّ عَلَيْنَا بَيَانَهُ﴾ «Оны бірден жаттап алайын деп, тіліңді асығыс қимылдатпа. Өйткені оны толық жинау һәм өзіңе оқыту Бізге тиесілі іс! Ендеше, Біз оны оқыған кезде, сен оның оқылуына ілесіп отыр. Содан кейін, оны тәптіштеп түсіндіру де Бізге тиесілі іс!»4

Бұл жайт Алла елшісінің уахи түскенде санасы сергек болғанын көрсетеді. Ол өзіне түскен сөзді ұғып, ұмытып қалудан қауіптеніп, жаттап алу үшін ернін қимылдатып, қайталап отырған. Осы аяттар түскен соң, уахидың қалай жадында сақталатынын біліп, іле қайталауын қойды.

Алла елшісіне уахи бірнеше түрде келген:

• Қоңыраудың сыңғырындай үнмен келген. Бұл – Алла елшісіне ең ауыр тиген түрі. Сырттағы кісілерге араның ызыңындай естілгені айтылады.

• Жүрегіне тікелей салынған.

• Түсінде білдірілген.

• Миғраж кезіндегідей Алладан тікелей алынған. Мұндайда періште дәнекер болмаған.

• Илһам түрінде келген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Сүннет», 22 (4734) • Тирмизи, «Сауабул-Құран», 24 (2926).
  2. 2Бұхари, «Бәдул-уахи» (4) • «Мүддәссир» сүресі, 1–5-аяттар.
  3. 3«Муззәммил» сүресі, 5-аят.
  4. 4«Қиямет» сүресі, 16–19-аяттар.