Хадис

Кутуб ситтә, № 5599

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
891. Расулалланың дұғаларының қабыл болуы
Нөмірі
№ 5599 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
5599
Кутуб ситтә, № 5599 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

وَعَنْ جَابِرِ بْنِ عَبْدِ اللَّهِ الْأَنْصَارِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَنَّ أَبَاهُ تُوُفِّيَ وَتَرَكَ عَلَيْهِ ثَلَاثِينَ وَسْقًا لِرَجُلٍ مِنَ الْيَهُودِ. فَاسْتَنْظَرَهُ جَابِرٌ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فَأَبَى أَنْ يُنْظِرَهُ. فَكَلَّمَ جَابِرٌ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ لِيَشْفَعَ إِلَيْهِ. فَكَلَّمَهُ ﷺ لِيَأْخُذَ ثَمَرَ نَخْلِهِ بِالَّذِي لَهُ. فَأَبَى؛ فَدَخَلَ ﷺ النَّخْلَ وَمَشَى فِيهِ؛ ثُمَّ قَالَ لِجَابِرٍ: جُدَّ لَهُ فَأَوْفِ لَهُ، فَجَدَّ لَهُ فَأَوْفَاهُ ثَلَاثِينَ وَسْقًا، وَفَضَّلَتْ سَبْعَةَ عَشَرَ وَسْقًا. فَأَتَى جَابِرٌ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ لِيُخْبِرَهُ، فَوَجَدَهُ يُصَلِّي الْعَصْرَ. فَلَمَّا انْصَرَفَ أَخْبَرَهُ بِالْفَضْلِ. فَقَالَ: أَخْبِرْ بِذَلِكَ ابْنَ الْخَطَّابِ. فَذَهَبْتُ إِلَيْهِ فَأَخْبَرْتُهُ. فَقَالَ عُمَرُ: لَقَدْ عَلِمْتُ حِينَ مَشَى فِيهَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ لِيُبَارَكَنَّ فِيهَا. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Жәбир ибн Абдулланың (р.а.) әкесі қайтыс болғанда, бір яһудиге отыз уасқ қарыз қалдырған. Жәбир қарызды өтеуге мұрсат сұрады, бірақ әлгі кісі келіспеді. Сонда Жәбир араша түсуін сұрап, Алла елшісіне (с.а.с.) жүгінді. Расулалла қарызға Жәбирдің құрма бағының өнімін алуын ұсынды. Ол бұған да келіспеді. Расулалла бақты аралап шығып, Жәбирге «Құрмаңды жинап, қарызыңды түгел өте», – деді. Жәбир құрмасын жинап, отыз уасқты түгел берді. Он жеті уасқ құрма артылып қалды. Ол осыны айтуға барғанда, Расулалла екінті намазын оқып жатыр екен. Намаздан соң артылған құрманы хабарлады. Расулалла «Осыны Ибн әл-Хаттабқа айт», – деді. Жәбир сөзін былай аяқтады: «Омарға барып, жайтты баяндадым. Ол “Расулалла (с.а.с.) бақ ішінде жүргенде, оның өніміне береке даритынын білген едім” деді».1

Түсіндірме

1. Бұл хадис – Расулалланың (с.а.с.) дұғасының шарапатымен келген берекенің тағы бір мысалы. Ибн Хажардың түсіндіруінше, Жәбирдің құрма бағынан алынатын өнім отыз уасқ қарызды өтеуге жетпейтін еді. Пайғамбарымыз қарыз иесіне бақтың өнімін қарыздың өтеуіне алуды ұсынды. Ол қарыздың түгел өтелуін талап етіп, ұсынысты қабылдамады. Келесі күні Пайғамбарымыз әзірет Әбу Бәкір мен әзірет Омарды ертіп келіп, бақты аралады. Әр ағаш түбінде біраз кідіріп, береке тіледі. Расулалла кеткеннен кейін жиналған құрма қарыздың отыз уасғын толық өтеуге жетіп, тағы он жеті уасқ артылды.

2. Исламда сауда кезінде тауарды көз мөлшерімен бағалауға тыйым салынған. Сатып алушы да, сатушы да алданбауы үшін тауар дәл өлшенуге тиіс. Бұл жолы қарызды уақытында өтеу, міндеттемені орындау үшін мұндай келісімге рұқсат берілгенін ғалымдар атап өткен.

3. Береке туралы әзірет Омарға хабарлау тапсырылғанын оның осы іске ерекше көңіл бөлгенімен түсіндіреді. Алла елшісі (с.а.с.) баққа дұға етуге келгенде, Омарды арнайы ертіп келген. Басқа нұсқада Расулалла жайтты әзірет Әбу Бәкірге де, әзірет Омарға да айтуды тапсырған.

4. Хадистен мынадай қорытындылар шығады.

• Қарызды өтеуге мұрсат сұрауға болады.

• Қарыз өтелетін мүліктің мүддесіне сай болса, қарыз иесінің өтеу мерзімін ұзартуына рұқсат.

• Имам борышкер мен қарыз иесінің арасында араағайын бола алады.

• Расулалланың дұғасымен аздың молаюы – пайғамбарлық мұғжизасының бір көрінісі.

  1. 1Бұхари, Буюғ, 51, Истиқраз, 8, 9, 18, Сулх, 13, Уасая, 36, Манақиб, 25, Мағази, 18; Нәсәи, Уасая, 4 (6/245–246); Әбу Дәуіт, Уасая, 17 (2884).