وَفِي أُخْرَى: بَيْنَ نَحْنُ مَعَ النَّبِيِّ ﷺ بِمِنًى، إِذِ انْفَلَقَ الْقَمَرُ فَلْقَتَيْنِ: فَلْقَةً وَرَاءَ الْجَبَلِ، وَفَلْقَةً دُونَهُ. فَقَالَ لَنَا ﷺ: اشْهَدُوا.
Басқа бір риуаятта: «Біз Алла елшісімен (с.а.с.) Минада жүргенде, Ай екіге бөлінді. Бір бөлігі таудың ар жағында, екінші бөлігі бергі жағында еді. Алла елшісі бізге: “Куә болыңдар!” – деді».1
Түсіндірме
Айдың қақ жарылуы – Құранда айтылған мұғжизалардың бірі. Бұл оқиға һижреттен шамамен бес жыл бұрын Меккеде болған. Мүшріктер Алла елшісінен бір мұғжиза көрсетуін сұрағанда, ол осы мұғжизаны паш еткен. Кейбір ғалымдар Айдың қақ жарылуын өзге пайғамбарларда теңдесі болмаған ұлы мұғжиза деп бағалаған.
Мұғжизаны теріске шығарған кейбір адамдар: «Мұндай оқиға болса, оны бүкіл әлем көрер еді әрі мутауатир жолмен жетер еді», – деген уәж айтқан. Ғалымдар бұған оқиғаның түнде болғанын, ол кезде көпшіліктің ұйықтап жатқанын, Айдың шығатын және бататын мезгілі әр жерде әртүрлі екенін, кей тұсты бұлт басып, жауын жаууы мүмкін екенін және жұрттың бәрі бірдей Айды бақылап отырмағанын ескертіп жауап берген. Құранда да бұл оқиға анық айтылған: اقْتَرَبَتِ السَّاعَةُ وَانشَقَّ الْقَمَرُ «Қиямет жақындады және Ай қақ жарылды!»2 Мұғжиза жайында көптеген сахаба риуаят жеткізген. Құранда айтылған соң, мүміннің бұл оқиғаның болғанына күмән келтіруіне негіз жоқ. Оны теріске шығару Құранды жалғанға шығарумен тең. Алла одан сақтасын!