وَعَنْ أُمِّ سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: لَمَّا انْقَضَتْ عِدَّتِي بَعَثَ إِلَيَّ أَبُو بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَخْطِبُنِي فَلَمْ أَتَزَوَّجْهُ. فَبَعَثَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عُمَرَ بْنَ الْخَطَّابِ يَخْطُبُهَا عَلَيْهِ، فَقَالَتْ: أَخْبِرْ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ أَنِّي امْرَأَةٌ غَيْرَى، وَأَنِّي امْرَأَةٌ مُصْبِيَةٌ، وَلَيْسَ أَحَدٌ مِنْ أَوْلِيَائِي شَاهِدٌ. فَذَكَرَ ذَلِكَ لَهُ. فَقَالَ: ارْجِعْ إِلَيْهَا، فَقُلْ لَهَا: أَمَّا غَيْرَتُكِ فَسَأَدْعُو اللَّهَ أَنْ يُذْهِبَهَا عَنْكِ، وَأَمَّا صِبْيَتُكِ فَسَتُكْفَيْنَ أَمْرَهُمْ؛ وَأَمَّا أَوْلِيَاؤُكِ فَلَيْسَ أَحَدٌ مِنْهُمْ شَاهِدٌ وَلَا غَائِبٌ يَكْرَهُ ذَلِكَ. فَقَالَتْ لِابْنِهَا: يَا عُمَرُ! قُمْ فَزَوِّجْ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ فَزَوَّجَهُ. أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.
Үммі Сәләма (р.а.) былай дейді: «Ғиддат мерзімім аяқталғанда, Әбу Бәкір (р.а.) кісі жіберіп, некелесуді ұсынды. Мен қабылдамадым. Кейін Алла елшісі (с.а.с.) мені айттыруға Омар ибн әл-Хаттабты жіберді. Омарға: “Алла елшісіне менің қызғаншақ әйел екенімді, кішкентай балаларым барын әрі қамқоршыларымның ешқайсысы мұнда жоқ екенін айтыңыз”, – дедім. Омар оған сөзімді жеткізді. Сонда Алла елшісі: “Оған қайтып барып былай де: ‘Қызғанышыңды бассын деп Аллаға дұға етемін. Балаларың қамқорлықсыз қалмайды. Ал қамқоршыларыңның мұндағысы да, басқа жақтағысы да бұл некеге қарсы болмас’”, – деді. Сонда Үммі Сәләма ұлына: “Омар, тұр да, мені Алла елшісіне некелеп бер”, – деді. Ұлы некесін қиды».1
Түсіндірме
Үммі Сәләманың (р.а.) есімі – Һинд. Әкесі – Әбу Умәйя Хузайфа ибн әл-Мұғира. Алла елшісі (с.а.с.) Үммі Сәләмамен һижреттің төртінші жылы, жұмада әл-ахира айында некелескен. Үммі Сәләма мен күйеуі алғаш мұсылман болғандардың әрі Хабашстанға қоныс аударғандардың қатарында еді. Кейін Меккеге оралып, одан Мәдинаға көшкен. Риуаятта айтылғандай, кішкентай балалары бар еді. Олардың есімдері – Сәләма, Омар, Дурра және Зейнеп.
Үммі Сәләма күйеуі Әбу Сәләмамен бірге көшпек болғанда, мүшрік туыстары оны жібермей ұстап қалды. Ал ұлы Сәләманы күйеуінің туыстары алып қалды. Әбу Сәләма Мәдинаға жалғыз кетті. Күйеуі мен баласынан айырылған Үммі Сәләма күн сайын таңнан кешке дейін жылады. Бұл бірнеше күнге созылды. Ақыры жаны ашыған туыстары оның көшуіне рұқсат етті. Ұлын ертіп Мәдинаға барған Үммі Сәләма күйеуімен қайта қауышты.
Үммі Сәләма Алла елшісімен некелескенде, қызы Зейнеп әлі емшекте еді. Алла елшісі (с.а.с.) сәбиді анасының қасында көрген сайын жақындаспайтын. Мұны байқаған Аммар ибн Ясир сәбиді алып кетті. Содан кейін Алла елшісі жұбайымен жақындасты.
Үммі Сәләма (р.а.) көркімен, ақылымен және орынды кеңесімен танылған. Хұдайбияда бітім жасалғанда, Алла елшісі сахабаларына құрбандық шалып, шаштарын алғызып, ихрамнан шығуды бұйырды. Қағбаны тауап етеміз деп келген сахабаларға осы рәсімдерді тауапсыз атқару ауыр тиді. Алла елшісі бұйрығын бірнеше рет қайталағанымен, ешкім орнынан тұра қоймады. Ол көңілі түсіп, шатырына кірді. Себебін білген Үммі Сәләма: «Уа, Алланың елшісі! Құрбандығыңызды шалып, шашыңызды алғызып, ихрамнан шығыңыз. Сахабаларыңыз сізге еріп, солай істейді», – деп кеңес берді. Алла елшісі оның айтқанын істеді. Сахабалар да орындарынан тұрып, рәсімдерді бірінен соң бірін атқарды. Үммі Сәләманың парасаты сөз болғанда, осы оқиға үнемі мысалға келтіріледі.
Үммі Сәләма (р.а.) һижреттің 59-жылы, шәууәл айында дүние салды. Бұдан кейінгі жылы қайтыс болғанын айтатын риуаяттар да бар.
- 1Нәсәи, «Неке», 28 (6/81).