Хадис

Үммі Хабиба (р.а.)

Кутуб ситтә, 12-том, 899-тарау · 1 хадис · № 5616

НЕКЕ БӨЛІМІ

Хадистер

5616
Кутуб ситтә, № 5616 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Үммі Хабиба (р.а.)

وَعَنْ أُمِّ حَبِيبَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: أَنَّهَا كَانَتْ تَحْتَ عُبَيْدِ اللَّهِ بْنِ جَحْشٍ فَمَاتَ بِأَرْضِ الْحَبَشَةِ فَزَوَّجَهَا النَّجَاشِيُّ رَحِمَهُ اللَّهُ مِنَ النَّبِيِّ ﷺ وَأَمْهَرَهَا أَرْبَعَةَ آلَافِ دِرْهَمٍ، وَبَعَثَ بِهَا إِلَيْهِ مَعَ شُرَحْبِيلَ بْنِ حَسَنَةَ، فَقَبِلَ النَّبِيُّ ﷺ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Үммі Хабиба (р.а.) туралы мына риуаят жеткен: «Үммі Хабиба Убайдулла ибн Жахштың некесінде еді. Күйеуі Хабашстанда дүние салған соң, Нәжаши оны Алла елшісіне (с.а.с.) некелеп, төрт мың дирхам мәһір берді. Үммі Хабибаны Шурахбил ибн Хасанамен бірге Алла елшісіне жіберді. Алла елшісі оны қабыл алды».1

Түсіндірме

Үммі Хабибаның (р.а.) есімі – Рәмлә бинт Әбу Суфиян Сахр ибн Харб. Әкесі Әбу Суфиян ол кезде Меккенің көсемі әрі мүшрік еді. Мекке алынған күні Исламды қабылдағандардың қатарында болды.

Үммі Хабиба күйеуі Убайдулламен бірге Хабашстанға екінші һижрет кезінде барған. Убайдулла сол жақта ішімдікке салынып, христиан дінін қабылдаған. Артынша сол жерде дүние салған. Үммі Хабиба күйеуіне ермей, иманына берік болды.

Үммі Хабибаның Алла елшісімен қашан, қай жерде некелескені жөнінде пікір әртүрлі. Кей риуаятта неке Хабашстанда, һижреттің алтыншы жылы қиылған делінеді. Өзге риуаяттарда Алла елшісі Амр ибн Умәйя әд-Дамриді Нәжашиге жіберіп, Үммі Хабибаны өзіне некелеп, өзінің атынан төрт жүз динар мәһір беруді сұрағаны айтылады. Нәжаши өтінішті орындап, Үммі Хабибаны Шурахбил ибн Хасанамен бірге Мәдинаға жіберген.

Риуаятқа қарағанда, Алла елшісінің өтініші жеткенде, Нәжаши Әбраһа есімді күңін Үммі Хабибаға жіберді. Әбраһа: «Патша саған: “Алла елшісі (с.а.с.) маған хат жазып, сені өзіне некелеп беруімді сұрады”, – деп хабарлайды», – деді. Үммі Хабиба Халид ибн Сағид ибн әл-Асқа хабар беріп, неке кезінде өз атынан өкіл етті. Алла елшісіне жұбай болатынын естіп қуанған ол осы хабарды жеткізген Әбраһаға екі білезік пен күміс жүзік сыйлады. Кешке Нәжаши мұсылмандардың өкілі Жағфар ибн Әбу Талиб пен өзге мұсылмандарды шақырып, олардың алдында дұға оқып, некені қиды. Мәһірді Халид ибн Сағид ибн әл-Асқа тапсырды. Жұрт тарай бергенде: «Отырыңдар. Некеден кейін ас беру – пайғамбарлардың сүннеті», – деді. Ас әкелінді. Жұрт тамақтанып болған соң тарады.

Кейбір риуаятта бұл оқиға һижреттің жетінші жылы болған делінеді. Үммі Хабибаның өкілі Халид – оның әкесінің көкесінің немересі. Неке қиылғанда, Әбу Суфиян әлі мүшрік еді әрі Алла елшісімен соғысып жүрген. Бұл неке Хабашстаннан оралғаннан кейін Мәдинада қиылды деген дерек те бар. Дегенмен кең тараған риуаят – алғашқысы.

Үммі Хабиба (р.а.) һижреттің 44-жылы дүние салды. Алла анамызды бізге шапағатшы етсін.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Неке», 29 (2107, 2108). Нәсәи, «Неке», 66 (6/119).