Хадис

Сафия (р.а.)

Кутуб ситтә, 12-том, 900-тарау · 1 хадис · № 5617

НЕКЕ БӨЛІМІ

Хадистер

5617
Кутуб ситтә, № 5617 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَدِمَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ خَيْبَرَ. فَلَمَّا فَتَحَ اللَّهُ عَلَيْهِ الْحِصْنَ ذُكِرَ لَهُ جَمَالُ صَفِيَّةَ بِنْتِ حُيَيِّ بْنِ أَخْطَبَ وَقَدْ قُتِلَ زَوْجُهَا وَكَانَتْ عَرُوسًا فَاصْطَفَاهَا النَّبِيُّ ﷺ مِنَ الْمَغْنَمِ وَخَرَجَ بِهَا حَتَّى بَلَغَ الرَّوْحَاءَ فَبَنَى بِهَا. ثُمَّ صَنَعَ حَيْسًا فِي نِطْعٍ صَغِيرٍ. ثُمَّ قَالَ لِي: آذِنْ مَنْ حَوْلَكَ. فَكَانَتْ تِلْكَ وَلِيمَةَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ عَلَى صَفِيَّةَ. ثُمَّ خَرَجْنَا إِلَى الْمَدِينَةِ فَكَانَ ﷺ يُحَوِّي لَهَا وَرَاءَهُ بِعَبَاءَةٍ. ثُمَّ يَجْلِسُ عِنْدَ بَعِيرِهِ فَيَضَعُ رُكْبَتَهُ، فَتَضَعُ صَفِيَّةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا رِجْلَهَا عَلَى رُكْبَتِهِ حَتَّى تَرْكَبَ. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Хайбарға келді. Алла оған қамалды алуды нәсіп еткенде, Алла елшісіне Сафия бинт Хуяй ибн Ахтабтың көркі жайында айтылды. Жаңа ғана тұрмыс құрған Сафияның күйеуі шайқаста қаза тапқан еді. Алла елшісі олжа үлесінен Сафияны таңдап алды. Екеуі жолға шығып, Рауха деген жерге жеткенде, сол жерде бірге болды. Содан кейін шағын тері төсенішке құрма, май мен кепкен ірімшіктен “хайс” деген ас әзірледі де, маған: “Маңайыңдағы жұртты шақыр”, – деді. Бұл – Алла елшісінің Сафияға үйленгенде берген той асы еді. Одан әрі Мәдинаға бет алдық. Алла елшісі түйесінің артына Сафия үшін жабу төсейтін. Сосын түйенің жанына отырып, тізесін тосты. Сафия (р.а.) оның тізесіне аяғын тіреп, түйеге мінді».1

Түсіндірме

Сафия бинт Хуяй – Хайбар яһудилерінен шыққан, мүміндердің анасы атанған абыройлы әйел. Басқа риуаятта Дихия ибн Халифа Алла елшісіне: «Тұтқындардың арасынан маған бір күң беріңіз», – деген. Алла елшісі: «Барып, қалағаныңды таңда», – дегенде, ол Сафияны таңдады. Сонда жұрт: «Уа, Алланың елшісі, ол – Құрайза мен Надир тайпаларының ардақты әйелі. Ол сізге ғана лайық», – деді. Бәлкім, Пайғамбарымыз мұсылмандар мен яһудилер арасындағы өшпенділік пен шиеленісті бәсеңдетіп, татулық орнату үшін осы екі қауымға ықпалы бар әйелге үйленуді жөн көрген болар. Дихияны шақырып, басқа күң таңдауын айтты. Сафияны азат етіп, бүркенуін бұйырды да, некелесті. Бүркенуі – оның жұбайы болғанының белгісі. Егер күң күйінде қалдырса, бұлай бұйырмас еді. Сафия (р.а.) ақылды әйел еді. Ол яһуди туыстарына жұрттың назарын аударып, кейбірінің наразылығын туғызатындай жақындық танытқан. Алла елшісінің шаңырағында солардың өкілі іспетті болды. Мұның себебін сұрағанда: «Олардың арасында туыстарым бар. Туыстық қатынасымды сақтап жүрмін», – деген.

Алла елшісі Сафияның бетіндегі көгерген ізді көріп, себебін сұрады. Сафия былай деп жауап берді: «Түсімде көктегі Ай құшағыма түсті. Ертеңіне әкеме айттым. Ол: “Араб патшасына әйел боласың екен”, – деп ашуланып, шапалақпен ұрды. Мынау – сол соққының ізі». Басқа бір риуаятта қойнына Күн түскені, түсін күйеуіне айтқаны айтылады. Анасына айтқан деген дерек те бар. Сафияның сол кезде тұрмыста болғанын ескерсек, түсін күйеуіне айтып, содан таяқ жегені қисынға жақынырақ.

Алла елшісінің (с.а.с.) кей жұбайлары Сафияны «яһудидің қызы» деп кемсітетін. Айша мен Хафса: «Алла елшісінің қасында біз сенен қадірлірекпіз. Біз оның жұбайларымыз әрі туыстарымыз», – деп, оның көңіліне тиетін. Сафия бұл сөздерді Алла елшісіне айтып шағынды. Сонда ол Сафияны былай жұбатты: «Оларға: “Сендер менен қалай артық боласыңдар? Күйеуім – Мұхаммед, әкем – Һарун, көкем – Мұса”, – демедің бе?» Бір сапарда Сафияның түйесі ауырып қалды. Зейнеп бинт Жахштың артық түйесі бар еді. Алла елшісі одан бір түйесін Сафияға беруін сұрады. Зейнеп: «Мына яһуди қызына түйемді бермекпін бе?» – деп, беруден бас тартты. Бұл сөзге ренжіген Алла елшісі үш айдай Зейнепке түн кезегін бөлмей, онымен сөйлеспеді.

Мәдинаға жеткенде, ансар әйелдері мен Айша Сафияны көруге келді. Алла елшісі Айшадан: «Жұбайымды қалай таптың?» – деп сұрағанда, ол жақтырмай: «Бір яһуди әйел екен», – деді. Алла елшісі: «Олай деме. Ол Исламды қабылдады әрі мұсылмандығына адал», – деді.

Сафияның (р.а.) қайтыс болған жылы жөнінде түрлі дерек бар. Һижреттің 37 және 52-жылдары арасындағы бірнеше жыл аталады. Алла оны рақымына бөлесін.

  1. 1Бұхари, «Салат», 12. «Азан», 6. «Салат әл-хауф», 6. «Жиһад», 102, 130. «Мәнәқиб», 27. «Мағази», 38. Мүслим, «Неке», 464 (1367). Әбу Дәуіт, «Хараж уәл-имара», 21 (2996–2998). Нәсәи, «Неке», 79 (6/131–134).