Хадис

Кутуб ситтә, № 70

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
9. Амалдағы тепе-теңдік
Нөмірі
№ 70 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
70
Кутуб ситтә, № 70 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسِ بْنِ مَالِكٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «جَاءَ ثَلَاثَةُ رَهْطٍ إِلَى بُيُوتِ أَزْوَاجِ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَسْأَلُونَ عَنْ عِبَادَتِهِ، فَلَمَّا أُخْبِرُوا كَأَنَّهُمْ تَقَالُّوهَا، فَقَالُوا: أَيْنَ نَحْنُ مِنْ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَقَدْ غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ وَمَا تَأَخَّرَ؟ قَالَ أَحَدُهُمْ: أَمَّا أَنَا فَأُصَلِّي اللَّيْلَ أَبَدًا. وَقَالَ الْآخَرُ: وَأَنَا أَصُومُ الدَّهْرَ وَلَا أُفْطِرُ. وَقَالَ آخَرُ: أَنَا أَعْتَزِلُ النِّسَاءَ وَلَا أَتَزَوَّجُ أَبَدًا. فَجَاءَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِلَيْهِمْ فَقَالَ: أَنْتُمُ الَّذِينَ قُلْتُمْ كَذَا وَكَذَا؟ أَمَا وَاللَّهِ إِنِّي لَأَخْشَاكُمْ لِلَّهِ وَأَتْقَاكُمْ لَهُ، لَكِنِّي أَصُومُ وَأُفْطِرُ، وَأُصَلِّي وَأَرْقُدُ، وَأَتَزَوَّجُ النِّسَاءَ، فَمَنْ رَغِبَ عَنْ سُنَّتِي فَلَيْسَ مِنِّي». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс ибн Мәлик (р.а.) былай дейді: «Бірде үш кісі Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жұбайларының үйлеріне барып, оның қалай құлшылық ететінін сұрады. Жауабын естігенде, сол құлшылық өздеріне аз көрінгендей: “Пайғамбарымызбен (с.а.с.) бізді қалай салыстыруға болады? Оның бұрынғы да, кейінгі де күнәлары кешірілген ғой”, – десті. Біреуі: “Мен бұдан былай әр түнді намазбен өткіземін”, – деді. Екіншісі: “Мен ұдайы ораза ұстаймын, оразасыз күн өткізбеймін”, – деді. Үшіншісі: “Мен әйелдерден аулақ жүремін, ешқашан үйленбеймін”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.) оларға келіп: “Солай айтқан сендерсіңдер ме? Алламен ант етемін, араларыңда Алладан ең көп қорқатын да, ең тақуа да – менмін. Сөйте тұра, кей күні ораза ұстаймын, кей күні ұстамаймын. Намаз да оқимын, ұйықтаймын да. Үйленемін де. Кім сүннетімнен бет бұрса, ол менен емес”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Ибн Хажар келтірген бір хабарда Алла елшісінің (с.а.с.) ақырет туралы жүрек тебірентер насихатынан кейін Әбу Бәкір, Омар, Әли, Ибн Мәсғуд, Әбу Зәр, Әбу Хузайфаның азат еткен құлы Сәлим, әл-Миқдад, Салман, Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас және Мағқил ибн Муқарриннің (Алла оларға разы болсын) Осман ибн Мазғунның (р.а.) үйіне жиналғаны айтылады. Олар ақыреттің ауыртпалығынан аман қалудың жолдарын талқылап, күндіз ораза ұстауға, түнде намаз оқуға, төсекке жатпауға, ет жемеуге, әйелдерге жақындамауға, тіпті өздерін піштіріп тастауға уағдаласқан.

Ибн Хажардың түсіндіруінше, сахабалар өздерінің кешірілгеніне кепілдік болмағандықтан, құлшылықты көбейтіп, Алланың кешіріміне ие болғысы келген. Ал Алла елшісінің (с.а.с.) бұрынғы және кейінгі күнәларының кешірілгені «Фәтх» сүресінің 2-аятында сүйіншіленген еді. Олар Пайғамбарымыз құлшылықта өзіне сол себепті ауырлық салмайды деп ойлаған. Алайда оның құлшылығына, тәубесі мен кешірім тілеуіне ешкім тең келмейтін. Күнәлары кешірілгеніне қарамастан неліктен сонша құлшылық ететінін сұрағандарға ол: «Шүкір етуші құл болмайын ба?» – деп жауап берген. Ғибадат – кешірім тілеумен қатар Аллаға құлдық пен шүкіршіліктің де көрінісі.

Алла елшісі (с.а.с.) «Араларыңда Алладан ең көп қорқатын да, ең тақуа да – менмін» деп, кешірімге ие болған адамның құлшылығы кемиді деген ойды сейілтті. Алладан қорқу мен тақуалық ғибадатта шектен шығып, күнделікті міндеттерден бас тартуды талап етпейді. Адам өзіне шамадан тыс ауырлық салса, қажып, жалығады. Ақырында бастаған амалын тастап кетуі мүмкін. Шамасына сай құлшылық еткен адам оны жалғастыра алады. Амалдың ең абзалы – үздіксіз жасалғаны.

2. «Кім сүннетімнен бет бұрса, ол менен емес» деген сөз Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жолынан асып түсетін діндарлық үлгісін іздеудің орынсыз екенін білдіреді. Бұл өмір бойы бойдақ қалып, бар ғұмырын тек ғибадатқа бағыштауды көздейтін рухбандыққа да қатысты. Исламда ғибадат үшін дүниеден оқшауланатын арнайы діни топ жоқ. Жасына, ұлтына, жынысына, кәсібі мен мансабына қарамастан, барша мұсылман құлшылықта тең. Құлшылығын көбейткісі келген адам Алла елшісінің (с.а.с.) сүннетіндегі өлшемді ұстанады. Оның жолы – «әл-ханифия әс-самха», яғни жеңілдік пен кеңшілікке негізделген Ибраһим пайғамбардың жолы. Оразаға күш жинау үшін ішіп-жейміз, түнгі намазға сергек тұру үшін тынығамыз, нәпсіні тежеп, арды сақтау және ұрпақ өрбіту үшін үйленеміз.

Ибн Хажар «ол менен емес» деген ескертуді адамның ұстанымына қарай түсіндіреді. Сүннеттің мәнін қате ұққан кісі Пайғамбарымыздың жолынан ауытқуы мүмкін, бірақ осының өзінен діннен шықты деген үкім тумайды. Ал өз жолын Пайғамбарымыздың жолынан жоғары санау сенімге нұқсан келтіретін ұстаным.

Хадистен алынатын пайдалар:

- Ғибадатта ұстамдылық танытып, орта жолды ұстану қажет.

- Хадис сахабалардың ізгі қасиетін, парыздан бөлек нәпіл құлшылығын көбейтуге деген шынайы ынтасын көрсетеді.

- Хадис үйленуге, ақ некемен шаңырақ көтеруге үндейді.

- Өмір бойы күн сайын ораза ұстау құпталмайды. Басқа хадистерде Алла елшісі (с.а.с.) нәпіл оразаның ең абзалы Дәуіт пайғамбардың (а.с.) оразасы екенін айтқан. Ол бір күн ораза ұстап, бір күн ұстамаған.

- Түнгі намазда да шектен шықпаған жөн. Таһажжүд – сауабы мол нәпіл құлшылық. Алайда адамның күші мен төзімі әртүрлі. Түні бойы ұйықтамай намаз оқыған кісі күндіз қалжырап, парызын өтеуге, ілім алуға немесе отбасын асырауға шамасы жетпей қалуы мүмкін. Нәпіл құлшылықты шамасына қарай атқарған адам оны үзбей жалғастыра алады. Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Расында, дін – жеңіл. Дінді өзіне ауырлатқан адам ақырында оған төтеп бере алмайды. Ендеше, туралықты көздеңдер, соған жақындауға тырысыңдар және жақсылықтан үміттеніңдер…», – деген2. Әнәс (р.а.) жеткізген риуаятта Пайғамбарымыз (с.а.с.) мешіттегі екі бағанаға керілген арқанды көріп: «Бұл не арқан?» – деп сұрайды. Жұрт: «Бұл – Зейнептің арқаны. Намаз оқып тұрып шаршағанда соған сүйенеді», – дейді. Сонда ол: «Арқанды шешіңдер. Әркім сергек кезінде намаз оқысын. Шаршаса, отырсын», – деген3.

- Аллаға жақындау мен құлшылықта орта жолды ұстанудың үлгісі – Алла елшісінің (с.а.с.) сүннеті.

- Дінге шариғи негізі жоқ жаңалық енгізу бидғат саналады. Кейбір ғалымдар дінде негізі бар амалды алып тастауды да бидғатқа жатқызған.

Кейбір үкімдер:

Ибн Хажар хадистен мынадай үкімдер шығарады:

1) Хадисте некенің артықшылығы айтылып, отбасын құруға үндейді.

2) Өнегелі жандардың істерін зерделеп, өз өмірінде үлгі тұтқан жөн.

3) Олардың өздерінен сұрауға мүмкіндік болмаса, жұбайларынан сұрап білуге болады.

4) Ізгі амалды жариялауға қажеттілік туса және оны риясыз істейтініне сенімді болса, адам ниетін жұртқа айта алады.

5) Діни міндет жүктелген адамдарға шариғат үкімдерін үйрету қажет.

6) Мұжтаһидтердің күмәнін сейілту қажет.

7) Мүбах амал ниетке қарай мұстахап немесе мәкруһ болуы мүмкін.

8) Табаридің пікірінше, хадис адал ас пен киімнен өзін тыйып, тек қатқыл киім киюді, жұпыны ас ішуді жөн көргендердің ұстанымына жауап береді. Қади Ияд бұл мәселеде алғашқы буын ғалымдарының пікірі әртүрлі болғанын айтады. Бір бөлігі Табаридің пікірін ұстанған. Енді бір бөлігі мына аятты дәлел еткен: «Күпірлікте табандағандар жаппай тозаққа тосылатын күні: “Өздеріңе берілген бар игілікті дүниедегі тіршіліктеріңде ішіп-жеп, түгел тауыстыңдар және қызығын әбден көрдіңдер. Ал енді бүгін жер бетінде орынсыз көкірек керіп тәкаппарланғандарың және асылық қылғандарың үшін қорлық азаппен жазаланасыңдар!” – деп айтылады»4. Қади Ияд: «Аят кәпірлерге қатысты. Ал Пайғамбарымыз (с.а.с.) жағдайға қарай екі түрлі амал еткен», – дейді.

  1. 1Бұхари, «Никах», 1 (5063); Мүслим, «Никах», 5 (1401); Нәсәи, «Никах», 4 (6/60, №3217).
  2. 2Бұхари, «Иман», 29 (39).
  3. 3Бұхари, «Таһажжүд», 18 (1150); Мүслим, «Салатул-мусафирин», 219 (784).
  4. 4«Ахқаф» сүресі, 20-аят.