وَعَنْ سَهْلِ بْنِ أَبِي أُمَامَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّهُ دَخَلَ هُوَ وَأَبُوهُ عَلَى أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ تَعَالَى عَنْهُ، فَإِذَا هُوَ يُصَلِّي صَلَاةً خَفِيفَةً كَأَنَّهَا صَلَاةُ مُسَافِرٍ. فَلَمَّا سَلَّمَ قَالَ أَبِي: «يَرْحَمُكَ اللَّهُ، أَرَأَيْتَ هَذِهِ الصَّلَاةَ الْمَكْتُوبَةَ أَوْ شَيْءٌ تَنَفَّلْتَهُ؟» قَالَ: «إِنَّهَا لَلْمَكْتُوبَةُ، وَإِنَّهَا لَصَلَاةُ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، مَا أَخْطَأْتُ إِلَّا شَيْئًا سَهَوْتُ عَنْهُ». ثُمَّ قَالَ: «إِنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: لَا تُشَدِّدُوا عَلَى أَنْفُسِكُمْ فَيُشَدَّدَ عَلَيْكُمْ، فَإِنَّ قَوْمًا شَدَّدُوا عَلَى أَنْفُسِهِمْ فَشَدَّدَ اللَّهُ عَلَيْهِمْ، فَتِلْكَ بَقَايَاهُمْ فِي الصَّوَامِعِ وَالدِّيَارِ. ﴿وَرَهْبَانِيَّةً ابْتَدَعُوهَا مَا كَتَبْنَاهَا عَلَيْهِمْ﴾». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Сәһл ибн Әбу Умама (р.а.) былай дейді: «Әкем екеуміз Әнәске (р.а.) бардық. Ол жолаушының намазындай қысқа намаз оқып жатыр екен. Сәлем беріп болғанда, әкем: “Алла сені мейіріміне бөлесін! Бұл оқығаның парыз намаз ба, әлде нәпіл ме?” – деп сұрады. Әнәс: “Бұл – парыз намаз. Алла елшісі (с.а.с.) намазды осылай оқитын. Байқамай жаңылған бір тұсым болмаса, одан ауытқымадым”, – деді. Содан соң Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізді: “Өздеріңе ауырлық артпаңдар. Әйтпесе міндеттерің ауырлай түседі. Бір қауым өздеріне ауырлық артты, сонда Алла олардың міндетін ауырлатты. Солардың жұрнағы ғибадатханалар мен мекендерде қалған”. Содан кейін “Ал өздері ойлап тапқан рухбандыққа келсек, Біз оны оларға парыз қылмаған едік”1 деген аятты келтірді»2.
Түсіндірме
Әнәстің бұл ісі алдыңғы хадистердегі өсиеттің сахабалар өмірінде қалай орындалғанын көрсетеді. Ғибадатты адам жалығып, жерінетіндей ауырлатып алмау керек.
Әнәс (р.а.) намазды жеңіл оқығанда оның әдебі мен сүннеттерін сақтап, жеткілікті мөлшермен шектелген. Мысалы, қысқа сүре оқып, намаз қимылдарын байыппен орындаған (тағдил әл-әркан), рүкүғ пен сәждеде үш реттен тәсбих айтып, намазды созбаған деп түсінуге болады.
Түсіндірмеде Әнәс (р.а.) сол намазды жамағатқа оқытқан деп пайымдалады. Алла елшісі (с.а.с.) имамдарға: «Араларыңнан кім жамағатқа намаз оқытса, намазды жеңіл оқытсын», – деп өсиет еткен. Осы пайымға сай, Әнәс Пайғамбарымыздың өсиетін орындап, намаздың шарттарын сақтаған.
Әбу Умама «Бұл намаз парыз ба, әлде нәпіл ме?» деп сұрағанда, намазды жеңіл оқыту жөніндегі хадис есіне түспеген немесе ол өсиет басқа намазға қатысты деп ойлаған болуы мүмкін.
Ибн әл-Қайым риуаяттағы үйлеспейтін тұс жеткізушілер тізбегінің (сәнәдтің) әлсіздігінен болуы мүмкін екенін айтады. Оның пікірінше, риуаят сахих деп танылса, ондағы қысқа оқу таң, ақшам, құптан намаздарының сүннеттері мен мешітке сәлем намазы (тахият әл-мәсжид) тәрізді кейбір нәпілдерге қатысты. Ибн әл-Қайым Алла елшісінің (с.а.с.) таң намазының сүннетін, сапар намазын және сәби жылағанда жамағат намазын қысқа оқығанын айтады. Пайғамбарымыз кейде ұзақ оқыған, көбіне орташа мөлшерді ұстанған. Ибн әл-Қайымның түсіндіруінше, Әнәс (р.а.) қажет кезінде де жеңілдікті қолданбай, өзіне қиындық туғызған адамның ісін құптамаған. Барлық намазды бірдей қысқа оқу Алла елшісінің (с.а.с.) сүннетіне сай келмейді.