Хадис

Кутуб ситтә, № 772

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
90. «Зүмәр» сүресі
Нөмірі
№ 772 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 5
772
Кутуб ситтә, № 772 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: يَطْوِي اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ السَّمَاوَاتِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ ثُمَّ يَأْخُذُهُنَّ بِيَدِهِ الْيُمْنَى. ثُمَّ يَقُولُ: أَنَا الْمَلِكُ. أَيْنَ الْجَبَّارُونَ؟ أَيْنَ الْمُتَكَبِّرُونَ؟ ثُمَّ يَطْوِي الْأَرْضَ بِشِمَالِهِ. ثُمَّ يَقُولُ: أَنَا الْمَلِكُ. أَيْنَ الْجَبَّارُونَ؟ أَيْنَ الْمُتَكَبِّرُونَ؟». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَأَبُو دَاوُدَ، وَهَذَا لَفْظُ مُسْلِمٍ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: “Алла Тағала қиямет күні көктерді бүктеп, оң қолына алады да: ‘Мен – Патшамын! Озбырлар қайда? Тәкаппарлар қайда?’ – дейді. Содан кейін жерді сол қолымен бүктеп: ‘Мен – Патшамын! Озбырлар қайда? Тәкаппарлар қайда?’ – дейді”».1

Түсіндірме

Осындай аят-хадистерде кездесетін «екі қол» сөзі жайлы мұсылмандар арасында пікірталастар болған. Өйткені Құранда Алла لَيْسَ كَمِثْلِهِ شَىْءٌ «Оның ешбір ұқсасы жоқ»2 деп сипатталған. Аллаға екі қол телу басқа мүшелерінің де бар екенін ойға түсіреді, нәтижеде, Алла жаратылыстарға, адамға ұқсатылады. Тіпті кезінде Мушаббиһа деген ағым пайда болған. Кейбіреулері (Муғтазила секілді) теңеуден қашу үшін Аллаға сипат беруді жоққа шығарады, олар Муаттила деп аталады.

Әһл-сүннет уәл-жамағаттың кейінгі кезеңдердегі ғалымдары осындай сипаттарды тәуил етуді негізге алған. Олар «екі қол» сөзі «құдірет» деген мағынада қолданылған дейді. Өйткені адамдар күш-құдіретке қатысты істерді қолдарымен жасайды. Қол – құдіреттің белгісі. Біз көрмейтін һәм көре алмайтын илаһи ақиқаттарды біздің түсінігімізге сәйкес түсіндіру үшін Алла Тағала осындай жолды таңдаған. Имам Нәуәуидің Мүслимнің хадис жинағына жасаған түсіндірмесінде жазылғандай, «оң қол», «сол қол» теңеулері мысалды толықтыру үшін айтылған. Өйткені біз өзіміз құнды санайтын нәрселерді оң қолмен, басқаларын сол қолмен ұстаймыз. Сондай-ақ біз үшін оң қолдың күші көп. Көк жүзі жерден үлкен болғандықтан оны оң қолға, ал көктерден кішкентай болған жерді сол қолға теңеп, метафораны өте түсінікті етіп берген. Ақиқатында, бір нәрсенің Аллаға ауыр не жеңіл келетінін айта алмаймыз. Оның құдіретінің қасында барлық жаратылыс бірдей. Бұл – тек біздің түсінуімізді жеңілдету үшін қолданылған теңеу түрі. Қади Ияд риуаятта кездесетін «түру, уыстау, алу» секілді сөздердің «жинау» деген мағынаны білдіретінін айтады: «Мұндай риуаяттарда кездесетін «екі қол» секілді ауыспалы мағынадағы сөздердің тура мағынасын Алла біледі. Біз Алла Тағалаға және Оның сипаттарына иман келтіреміз, Оған ешбір нәрсені ұқсатпаймыз, Оны да ешбір нәрсеге ұқсатпаймыз. Оның ешбір ұқсасы жоқ. Бүкіл нәрсені толығымен еститін де, көретін де бір Алла. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) не айтса да ақиқат, шындық. Бір нәрсені түсінсек те, оны Алланың нәсіп етуімен түсіндік. Түсінбегендерімізге иман етіп, ілімін Алла Тағалаға тапсырамыз».

  1. 1Бұхари, Тәухид 19; Мүслим, Сипатул-мунафиқин 24, (2788); Әбу Дәуіт, Суннәт 21, (4736).
  2. 2«Шура» сүресі, 11-аят