عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: لَمَّا دَخَلَتِ ابْنَةُ الْجَوْنِ عَلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ قَالَتْ: أَعُوذُ بِاللَّهِ مِنْكَ، فَقَالَ لَهَا: لَقَدْ عُذْتِ بِعَظِيمٍ، الْحَقِي بِأَهْلِكِ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.
Айша (р.а.) былай дейді: «Ибнәт әл-Жаун Алла елшісінің (с.а.с.) қасына кіргенде: “Сенен Аллаға сиынамын!” – деді. Алла елшісі оған: “Аса Ұлыққа сиындың. Үй-ішіңе қайт”, – деді».1
Түсіндірме
Сира мен хадис кітаптарындағы түрлі риуаятта кей әйелдердің үйленген түні Алла елшісіне: «Сенен Аллаға сиынамын», – дегені не осыған ұқсас сөз айтқаны баяндалады. Бұлар бөлек оқиғалар ма, әлде бір оқиғаның әр нұсқасы ма – белгісіз. Шарх ғалымдары кесімді тұжырым айтпаған. Ибн Сағдтың бір риуаятында килабиялық әйелдің есімі туралы талас бары айтылады. Фатима бинт әд-Даххак ибн Суфиян, Амра бинт Язид ибн Убайд, Сәнә бинт Суфиян ибн Ауф немесе әл-Алия бинт Зыбян ибн Амр ибн Ауф деген есімдер аталған.
Әйелдің Килаб тайпасынан ба, Кинда тайпасынан ба екені жөнінде де пікір әртүрлі. Ибн Хажар мұнда кемінде екі бөлек оқиға бар деп есептейді. Әбу Усәйдтің риуаятындағы әйел – Үмәйма, Сәһлдің риуаятындағы әйел – Әсма. Бұл даудың егжей-тегжейін тарқатуды қажет деп таппадық.
Әйелді немесе кейбір әйелдерді үйленген түні осындай сөз айтуға не итермелеген? Бірқатар риуаятта мұны мүміндердің аналарының кейбірі ойлап тапқан амалмен түсіндіреді. Жаңа түскен әйелдің көркіне қарап, оның Алла елшісінің ықыласына өздерінен артық бөленетінінен қауіптенген. Сондықтан оған: «Алла елшісі жаныңа келгенде: “Сенен Аллаға сиынамын”, – десең, осы сөзің оған ұнайды», – депті. Әйел аңғалдықпен сеніп, сол сөзді айтқанда, Алла елшісі: «Үй-ішіңе қайт», – деп жауап берген. Басына түскен осы істен кейін Фатима бинт әд-Даххак әл-Килабия тезек теріп жүріп: «Мен бақытсызбын», – дейтін болған. Осы риуаят бойынша, оған бұлай дегендер – Айша мен Хафса. Әйелдің шашын тарап, қына жағып әзірлеп жатқанда: «Алла елшісі үйленген түні әйелінің “Сенен Аллаға сиынамын” дегенін ұнатады», – деген.
Әбу Усәйдтің риуаятында әйелді отбасына қайтарғаны айтылады. Үй-іші оны жақтырмай: «Сен берекесіз әйелсің», – деп дауыстасқан. Әйел қатты қайғырып, алданғанын айтқан да, сол қайғыдан дүние салған.
Өзге риуаятта ол Мұһажир ибн Әбу Умәйяға тұрмысқа шыққан делінеді. Омар оны жазаламақ болғанда: «Маған бүркенуді бұйырған жоқ, мені мүміндердің анасы деп те атаған жоқ», – деп, Алла елшісінің жұбайы болмағанын айтып, өзін қорғаған. Омар оны жазаламаған. Әйел һижреттің алпысыншы жылы дүние салған.
- 1Бұхари, «Талақ», 3. Нәсәи, «Талақ», 14 (6/150).