Хадис

Намазға қатысты нәзір

Кутуб ситтә, 12-том, 920-тарау · 2 хадис · № 5730–5731

НӘЗІР БӨЛІМІ

Хадистер

5730
Кутуб ситтә, № 5730 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

عَنْ اِبْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَنَّ امْرَأَةً اشْتَكَتْ شَكْوَى، فَقَالَتْ: إِنْ شَفَانِي اللَّهُ تَعَالَى لَأُخْرُجَنَّ وَلَأُصَلِّيَنَّ فِي بَيْتِ الْمَقْدِسِ. فَبَرَأَتْ فَتَجَهَّزَتْ لِلْخُرُوجِ، فَجَاءَتْ مَيْمُونَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا تُسَلِّمُ عَلَيْهَا، فَأَخْبَرَتْهَا بِذَلِكَ، فَقَالَتْ لَهَا: اجْلِسِي فَكُلِي مِمَّا صَنَعْتِ وَصَلِّي فِي مَسْجِدِ الرَّسُولِ ﷺ فَإِنِّي سَمِعْتُهُ يَقُولُ: صَلَاةٌ فِيهِ أَفْضَلُ مِنْ أَلْفِ صَلَاةٍ فِيمَا سِوَاهُ مِنَ الْمَسَاجِدِ إِلَّا مَسْجِدَ الْكَعْبَةِ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай деген: «Бір әйел сырқаттанып: “Алла маған шипа берсе, жолға шығып, Ақса мешітінде намаз оқимын”, – деп нәзір етті. Жазылған соң Ақсаға баруға жиналып, Мәймунаға (р.а.) сәлем беріп, шешімін айтты. Мәймуна оған: “Әуелі осында отырып, жолға әзірлеген азығыңды же де, Алла елшісінің (с.а.с.) мешітінде намаз оқы. Өйткені оның: ‘Мына мешітімде оқылған намаз Харам мешітінен басқа мешіттерде оқылған мың намаздан қайырлы’, – дегенін естідім”, – деді».1

  1. 1Мүслим, Хажж 510 (1396).
5731
Кутуб ситтә, № 5731 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَامَ رَجُلٌ يَوْمَ الْفَتْحِ فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ إِنِّي نَذَرْتُ لِلَّهِ عَزَّ وَجَلَّ إِنْ فَتَحَ عَلَيْكَ مَكَّةَ أَنْ أُصَلِّيَ رَكْعَتَيْنِ فِي بَيْتِ الْمَقْدِسِ فَقَالَ: صَلِّ هَهُنَا. ثُمَّ أَعَادَ عَلَيْهِ فَقَالَ: صَلِّ هَهُنَا. ثُمَّ أَعَادَ عَلَيْهِ فَقَالَ: فَشَأْنُكَ إِذًا. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Жабир (р.а.) жеткізген риуаятта Мекке азат етілген күні бір кісі: «Уа, Алла елшісі! Алла Меккені азат етуге жәрдем берсе, Бәйтул-Мақдиске барып екі рәкат намаз оқуды нәзір еткен едім», – дейді. Алла елшісі (с.а.с.): «Осында оқы!» – дейді. Әлгі кісі сөзін қайталағанда, ол тағы да «Осында оқы!» дейді. Кісі тағы да өтінішін айтқан соң, «Онда өзің біл», – деп жауап береді.1

Түсіндірме

Бұл екі хадисте нәзірді орындау үшін сапарға шығудың қажет еместігі айтылған. Намаз оқуды немесе садақа беруді нәзір еткен кісі оны тұрғылықты жерінде де орындай алады. Ал нәзір еткен жер тұрған жерінен абзал болса, сол жерге барып орындағаны жөн. Ақса, Пайғамбар және Харам мешіттері секілді жерлерде құлшылықтың сауабы мол.

  1. 1Әбу Дәуіт, Әйман 24 (3305).