Хадис

Оразаға қатысты нәзір

Кутуб ситтә, 12-том, 921-тарау · 3 хадис · № 5732–5734

НӘЗІР БӨЛІМІ

Хадистер

5732
Кутуб ситтә, № 5732 · тараудағы реті: 1

عَنْ حَكِيمِ بْنِ أَبِي حُرَّةَ الْأَسْلَمِيِّ: أَنَّهُ سَمِعَ رَجُلًا يَسْأَلُ ابْنَ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا عَنْ رَجُلٍ نَذَرَ أَنْ لَا يَأْتِيَ عَلَيْهِ يَوْمٌ سَمَّاهُ إِلَّا صَامَهُ. فَوَافَقَ يَوْمَ أَضْحَى أَوْ فِطْرٍ فَقَالَ: لَقَدْ كَانَ لَكُمْ فِي رَسُولِ اللَّهِ أُسْوَةٌ حَسَنَةٌ. لَمْ يَكُنْ يَصُومُ يَوْمَ أَضْحَى وَلَا فِطْرٍ وَلَا يَرَى صِيَامَهُمَا، فَأَعَادَ عَلَيْهِ، فَقَالَ: أَمَرَ النَّبِيُّ ﷺ بِوَفَاءِ النَّذْرِ وَنَهَى عَنْ صِيَامِ يَوْمِ الْعِيدَيْنِ، فَأَعَادَ عَلَيْهِ فَلَمْ يَزِدْ عَلَى هَذَا. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Хәкім ибн Әбу Хурра әл-Әсләми былай деген: «Бір кісі Ибн Омарға келіп: “Белгілі күндері ораза ұстауды нәзір еттім. Сол күн Құрбан айтқа немесе Ораза айтқа түссе, ораза ұстайын ба?” – деп сұрады. Ибн Омар: “Алла елшісінің (с.а.с.) өмірінде сендерге көркем үлгі бар. Ол Құрбан айт пен Ораза айтта ораза ұстамаған әрі бұл күндері ораза ұстауға тыйым салған”, – деді. Әлгі кісі сұрағын қайталағанда, Ибн Омар: “Алла елшісі (с.а.с.) нәзірді орындауға бұйырды және екі айтта ораза ұстауға тыйым салды”, – деп жауап берді. Кісі тағы сұрағанда да, сол жауапты естіді».1

Түсіндірме

Бұхари нұсқасында Зияд ибн Жубәйр былай деген: «Ибн Омардың жанында едім. Бір кісі келіп: “Әр сейсенбі немесе сәрсенбі сайын ораза ұстауды нәзір еттім. Сол күн Құрбан айтқа түсіп отыр. Не істеймін?” – деді. Ибн Омар: “Алла нәзірді орындауды бұйырған, ал Құрбан айтта ораза ұстауға тыйым салынған”, – деп жауап берді. Әлгі кісі сұрағын қайталағанда, Ибн Омар бұрынғы жауабын қайталады».

Сұрақ ораза ұстауды нәзір еткен күн Құрбан айтқа түссе, не істеу керектігі туралы. Ол кісі сол күні ораза ұстауға, кейін қазасын өтеуге немесе кәффарат беруге міндетті ме?

Ғалымдар мұндай кісінің айт күні ораза ұстамайтынына келіскен. Құрбан айт пен Ораза айтта қаза да, нәпіл де, өзге ораза да ұсталмайды. Көпшілік ғалым дәл сол күндері ораза ұстауды нәзір еткен кісінің нәзірі жарамсыз дейді. Ханбалилер оның қазасы өтеледі деген. Әбу Ханифаның пікірінше, ол күні ораза ұстап қойған адам нәзірін орындаған болып саналады.

  1. 1Бұхари, Әйман 32, Саум 67; Мүслим, Сиям 142 (1139).
5733
Кутуб ситтә, № 5733 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنْ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: بَيْنَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَخْطُبُ إِذَا هُوَ بِرَجُلٍ قَائِمٍ فِي الشَّمْسِ، فَسَأَلَ عَنْهُ، فَقَالُوا: هَذَا أَبُو إِسْرَائِيلَ نَذَرَ أَنْ يَقُومَ فِي الشَّمْسِ وَيَصُومَ وَلَا يُفْطِرَ وَلَا يَسْتَظِلَّ وَلَا يَتَكَّلَمَ. فَقَالَ: مُرُوهُ فَلْيَسْتَظِلَّ وَلْيَتَكَلَّمْ وَلْيُتِمَّ صَوْمَهُ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَمَالِكٌ وَأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай деген: «Алла елшісі (с.а.с.) құтпа айтып тұрып, күннің астында түрегеп тұрған бір кісіні көріп, ол туралы сұрады. Жұрт: “Ол – Әбу Исраил. Күннің астында тік тұруды, ораза ұстап, ауыз ашпауды, көлеңкеге бармауды және сөйлемеуді нәзір еткен”, – деді. Пайғамбарымыз (с.а.с.): “Оған айтыңдар, көлеңкеге барсын, сөйлесін және оразасын аяқтасын”, – деді».1

Түсіндірме

Хадис шариғатта ғибадат саналмайтын, адамды босқа қинайтын істі нәзір етуге болмайтынын аңғартады. Мысалы, ішіп-жеу немесе күн астында тұру нәзірге негіз болмайды. Алла елшісі (с.а.с.) Әбу Исраилге нәзірінің ғибадатқа жататын бөлігін, яғни оразасын аяқтауды бұйырып, қалған әрекеттерін тоқтаттырған. Егер нәзірінің бәрі шариғатқа сай болса, олай бұйырмас еді.

Құртуби Әбу Исраилдің оқиғасы күнә істі немесе адамның шамасы жетпейтін істі нәзір етіп, оны орындамағаны үшін кәффарат қажет еместігіне дәлел болғанын айтқан.

Хаттаби Әбу Исраил нәзірінің дұрыс бөлігі ораза екенін, сондықтан Алла елшісі (с.а.с.) оған оразасын аяқтауды бұйырғанын айтады. Күн астында тұру мен сөйлемеу адамның тақуалығын арттырмай, өзіне зиян келтіреді. Мұндай нәзір бұрынғы қауымдарда жарамды саналғанның өзінде, біздің шариғатта жарамсыз, тіпті күнәға апаруы мүмкін. Күнә істі нәзір етуге болмайды.

  1. 1Бұхари, Әйман 31. Муатта, Әйман 6 (2, 475). Әбу Дәуіт, Әйман 23 (3300).
5734
Кутуб ситтә, № 5734 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنْ اِبْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَنَّ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ إِنِّي نَذَرْتُ فِي الْجَاهِلِيَّةِ أَنْ أَعْتَكِفَ يَوْمًا. وَفِي رِوَايَةٍ: لَيْلَةً فِي الْمَسْجِدِ الْحَرَامِ قَالَ: أَوْفِ بِنَذْرِكَ. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай деген: «Әкем Омар (р.а.): “Уа, Алла елшісі! Жаһилият кезінде бір күн иғтикаф жасауды нәзір еткен едім”, – деді. Бір нұсқада “Харам мешітінде бір түн” делінген. Алла елшісі (с.а.с.): “Нәзіріңді орында!” – деді».1

Түсіндірме

Хадистен адамның исламды қабылдамай тұрып жасаған, шариғатқа сай нәзірін кейін де орындауы керек деген пікір туындайды. Кей шафиғи ғалымдары осы пікірді ұстанған. Ханафилер, мәликилер және шафиғилердің көпшілігі мұндай нәзірдің міндет жүктемейтінін айтқан. Олар Алла елшісі (с.а.с.) Омарға нәзірді уәжіп ретінде емес, сөзде тұрудың жақсы іс екенін көрсету үшін орындауды ұсынған деп түсіндіреді. Оның нәзір еткен ісі де жақсы амал еді.

  1. 1Бұхари, Итикаф 5, 15, 16, хумус 19, Мағази 54, Әйман 29; Мүслим, Әйман 27 (1656); Әбу Дәуіт, Әйман 32 (3325); Тирмизи, Әйман 11 (1539); Нәсәи, Әйман 36, (7, 21 22).