Хадис

Кутуб ситтә, № 5732

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
921. Оразаға қатысты нәзір
Нөмірі
№ 5732 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
5732
Кутуб ситтә, № 5732 · тараудағы реті: 1

عَنْ حَكِيمِ بْنِ أَبِي حُرَّةَ الْأَسْلَمِيِّ: أَنَّهُ سَمِعَ رَجُلًا يَسْأَلُ ابْنَ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا عَنْ رَجُلٍ نَذَرَ أَنْ لَا يَأْتِيَ عَلَيْهِ يَوْمٌ سَمَّاهُ إِلَّا صَامَهُ. فَوَافَقَ يَوْمَ أَضْحَى أَوْ فِطْرٍ فَقَالَ: لَقَدْ كَانَ لَكُمْ فِي رَسُولِ اللَّهِ أُسْوَةٌ حَسَنَةٌ. لَمْ يَكُنْ يَصُومُ يَوْمَ أَضْحَى وَلَا فِطْرٍ وَلَا يَرَى صِيَامَهُمَا، فَأَعَادَ عَلَيْهِ، فَقَالَ: أَمَرَ النَّبِيُّ ﷺ بِوَفَاءِ النَّذْرِ وَنَهَى عَنْ صِيَامِ يَوْمِ الْعِيدَيْنِ، فَأَعَادَ عَلَيْهِ فَلَمْ يَزِدْ عَلَى هَذَا. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Хәкім ибн Әбу Хурра әл-Әсләми былай деген: «Бір кісі Ибн Омарға келіп: “Белгілі күндері ораза ұстауды нәзір еттім. Сол күн Құрбан айтқа немесе Ораза айтқа түссе, ораза ұстайын ба?” – деп сұрады. Ибн Омар: “Алла елшісінің (с.а.с.) өмірінде сендерге көркем үлгі бар. Ол Құрбан айт пен Ораза айтта ораза ұстамаған әрі бұл күндері ораза ұстауға тыйым салған”, – деді. Әлгі кісі сұрағын қайталағанда, Ибн Омар: “Алла елшісі (с.а.с.) нәзірді орындауға бұйырды және екі айтта ораза ұстауға тыйым салды”, – деп жауап берді. Кісі тағы сұрағанда да, сол жауапты естіді».1

Түсіндірме

Бұхари нұсқасында Зияд ибн Жубәйр былай деген: «Ибн Омардың жанында едім. Бір кісі келіп: “Әр сейсенбі немесе сәрсенбі сайын ораза ұстауды нәзір еттім. Сол күн Құрбан айтқа түсіп отыр. Не істеймін?” – деді. Ибн Омар: “Алла нәзірді орындауды бұйырған, ал Құрбан айтта ораза ұстауға тыйым салынған”, – деп жауап берді. Әлгі кісі сұрағын қайталағанда, Ибн Омар бұрынғы жауабын қайталады».

Сұрақ ораза ұстауды нәзір еткен күн Құрбан айтқа түссе, не істеу керектігі туралы. Ол кісі сол күні ораза ұстауға, кейін қазасын өтеуге немесе кәффарат беруге міндетті ме?

Ғалымдар мұндай кісінің айт күні ораза ұстамайтынына келіскен. Құрбан айт пен Ораза айтта қаза да, нәпіл де, өзге ораза да ұсталмайды. Көпшілік ғалым дәл сол күндері ораза ұстауды нәзір еткен кісінің нәзірі жарамсыз дейді. Ханбалилер оның қазасы өтеледі деген. Әбу Ханифаның пікірінше, ол күні ораза ұстап қойған адам нәзірін орындаған болып саналады.

  1. 1Бұхари, Әйман 32, Саум 67; Мүслим, Сиям 142 (1139).