وَزَادَ رَزِينُ: قَالَتْ يَا رَسُولَ اللَّهِ! إِنِّي نَذَرْتُ إِذَا انْصَرَفْتَ مِنْ غَزْوَتِكَ سَالِمًا غَانِمًا أَنْ أَضْرِبَ عَلَيْكَ بِالدُّفِّ. قَالَ: إِنْ كُنْتِ نَذَرْتِ فَأَوْفِ بِنَذْرِكِ وَإِلَّا فَلَا.
Рәзин мына қосымшаны келтірген: «Әйел: “Уа, Алла елшісі! Осы жорығыңыздан аман-есен, олжамен оралсаңыз, даңғыра қағамын деп нәзір еткен едім”, – деді. Ол: “Нәзір еткен болсаң, орында. Нәзір етпеген болсаң, олай істеме”, – деді».1
Түсіндірме
1. Соңғы екі хадистің біріншісі Әбу Дәуітте де келтірілген. Рәзин қосымша келтірген екінші нұсқа Ибн Хиббанның «Сахихында» бар. Абдулла ибн Бүрәйда әкесінен мына хабарды жеткізген: «Алла елшісі (с.а.с.) бір жорықтан оралғанда алдынан қара нәсілді күң шығып: “Уа, Алла елшісі! Алла Сізді аман қайтарса, даңғыра қағамын деп нәзір еткен едім”, – деді. Ол: “Нәзір етсең, орында. Нәзір етпесең, істеме”, – деді. “Иә, нәзір еттім”, – деген соң, Алла елшісі (с.а.с.) оған рұқсат берді».
2. Осы хадистерден даңғыра қағуға рұқсат етілгені аңғарылады. Хаттаби даңғыра қағу өздігінен нәзір етілетін ғибадат емес, мүбах іс екенін айтқан. Бұл оқиғада Алла елшісінің (с.а.с.) аман оралуына және Алланың берген жеңісіне қуану көзделген.
Үйлену тойында даңғыра қағу да осыған ұқсайды. Ондағы мақсат – Алланың әмірі мен Пайғамбардың сүннетіне сай қиылған некені көпшілікке жариялау.
- 1Рәзиннің қосымша мәліметі ибн Хиббанның Сахихында берілген (6, 286, 287).