عَنْ تَمِيمِ الدَّارِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: اَلدِّينُ النَّصِيحَةُ. قُلْنَا يَا رَسُولَ اللَّهِ! لِمَنْ؟ قَالَ: لِلَّهِ وَلِكَتَابِهِ، وَلِرَسُولِهِ، وَلِأَئِمَةِ الْمُسْلِمِينَ، وَعَامَّتِهِمْ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِي.
Тәмим әд-Дари (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Дін – насихат”, – деді. Біз: “Уа, Алла елшісі, кімге қатысты насихат?” – деп сұрадық. Ол: “Аллаға, Оның кітабына, Оның елшісіне, мұсылмандардың басшыларына және жалпы мұсылмандарға қатысты”, – деп жауап берді».1
Түсіндірме
Хадисте дін насихат деп сипатталған. Кейбір түсіндірушілер арабша мәтінде «насихат» сөзінің белгілі түрде келуіне сүйеніп, бұл тіркесті «Дін – нағыз насихат» деген ерекше екпінмен түсіндірген. Осылайша насихаттың діндегі орны айқындалады.
«Ән-Ниһаяда» «нұсх» сөзінің тілдік мағынасы «таза, қоспасыз болу» делінген. Мысалы, نَصَحْتُ الْعَسَلَ – «Балды сүзіп, балауызынан арылттым». Кейбіреулер оны نَصَحَ الرَّجُلُ ثَوْبَهُ – «Кісі киімін тікті» дегендегі «тігу» мағынасына тірейді. Діни ұғым ретінде насихат біреуге жақсылық тілеп, оған пайдалы істі айтып, еске салуды білдіреді. «Өсиет» сөзі мағынасы жағынан жақын, дегенмен ол насихаттың бар мәнін әрдайым қамти бермейді. Бұл сөздің мәнін «нұсух» ұғымы аша түседі. Алла елшісінен (с.а.с.) Құрандағы «тәубе-и нұсух» жайында сұрағанда, ол: «Бұл – таза ықыласпен жасалған, содан кейін адам күнәсына қайтып оралмайтын тәубе», – деп түсіндірген.
2. Хадисте «Дін – насихат» делінген соң, насихаттың кімге қатысты екені сұралады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Алланы, Оның кітабы мен елшісін, мұсылман басшылары мен барша мұсылманды атап өтеді. Ибн әл-Әсир мұны қысқаша былай түсіндіреді.
• Аллаға қатысты насихат – Алланың бірлігіне дұрыс сену және Оған құлшылықта ниетті таза ұстау.
• Алланың кітабына қатысты насихат – оған иман келтіріп, ондағы әмірлерді орындау.
• Алла елшісіне (с.а.с.) қатысты насихат – оның пайғамбарлығын растау, бұйрығын орындап, тыйғанынан тыйылу.
• Мұсылман басшыларына қатысты насихат – хақ істе оларға бағыну, зұлымдық жасағанда оларға қарсы бүлік көтермеу. • Барша мұсылманға қатысты насихат – олардың игілігіне сай жол көрсету.
Ғалымдар «Дін – насихат» деген сөздің насихаттың діндегі орнын айқындайтынын айтқан. Мысалы, «Қажылық – Арафат» деген хадис Арафатта тұрудың қажылықтың өзге рәсімдері арасындағы маңызын көрсетеді. Сол сияқты бұл хадис те насихаттың маңызын білдіреді. Хадистің жалғасында діннің негізгі ұғымдарының бәрі насихат аясына кіреді. Кейбір ғалымдар оны исламды түйіндейтін төрт хадистің бірі санаған. Нәуәуи болса: «Бұл хадистің өзі – исламның тірегі», – деген. Мұнауидің айтуынша, алғашқы буынның үлкендері осыған қарап насихат айтуды өсиеттің ең үлкені санаған. Бір ғариф: «Саған иесіне берік иттің адалдығындай адалдықты өсиет етемін. Иесі оны аш қалдырса да, сыртқа қуып шықса да, ол иесінің маңынан кетпейді, оны қорғаудан таймайды», – деген. Хадистің сыртқы мағынасына қарағанда, адам айтқан сөзі қарсы жаққа пайда бермейді деп білсе де, насихат айтуға міндетті. Бір ғариф: «Нисах – жіп, минсаха – ине. Насихат айтушыны тігіншіге теңеуге болады. Тігінші мата қиындыларын қосып, киім тіккенде, жұрт сол еңбектің игілігін көреді. Діндегі насихатшы да Алланың құлдарын ақырет бақытына жеткізетін істермен қауыштырып, құлдардың арасын жақындастырады», – деген. Әл-Қади дін сөзінің бастапқы мағынасы бойсұну мен қарымта екенін, бұл хадисте шариғат меңзелгенін айтқан. Өйткені шариғат та мойынсұнуға негізделеді.
- 1Мүслим, Иман 95, (55); Әбу Дәуіт, Әдәб 67 (4944); Нәсәи, Байғат 31, (7, 156).