НИЕТ ПЕН ЫҚЫЛАС БӨЛІМІ
Хадистер
Ислам айрықша мән беретін ұғымдардың бірі – ниет. Адамның ісі Алланың алдында да, адамдардың алдында да ниетіне қарай бағаланады. Бір істі жасаған екі адам ниеттерінің әртүрлі болуына қарай бір-біріне қарама-қарсы нәтиже көруі мүмкін. Сондықтан Құран мен хадисте ниетке айрықша мән берілген. Мына аятта адамдардың ішкі ниетіне қарай есепке тартылатыны айтылады: ﴿لِّلَّهِ مَا فِى ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَمَا فِى ٱلْأَرْضِ وَإِن تُبْدُوا۟ مَا فِىٓ أَنفُسِكُمْ أَوْ تُخْفُوهُ يُحَاسِبْكُم بِهِ ٱللَّهُ فَيَغْفِرُ لِمَن يَشَآءُ وَيُعَذِّبُ مَن يَشَآءُ وَٱللَّهُ عَلَىٰ كُلِّ شَىْءٍ قَدِيرٌ﴾ «Күллі аспан әлеміндегі және жердегі барлық нәрсе бір Аллаға тиесілі. Іштеріңдегі жаман пиғылдарыңды жария етсеңдер де, жасырсаңдар да, Алла сендерді сол үшін жауапқа тартады. Содан кейін қалаған пендесін кешіреді, қалағанын азаптайды. Шүбәсіз, Алла барлық нәрсеге толық құдіретті!»1. Құранда «ниет» сөзі ашық аталмағанымен, ғалымдар бірқатар аяттың ниетке қатысты екенін көрсеткен. Солардың бірі: ﴿وَمَآ أُمِرُوٓا۟ إِلَّا لِيَعْبُدُوا۟ ٱللَّهَ مُخْلِصِينَ لَهُ ٱلدِّينَ حُنَفَآءَ وَيُقِيمُوا۟ ٱلصَّلَوٰةَ وَيُؤْتُوا۟ ٱلزَّكَوٰةَ وَذَٰلِكَ دِينُ ٱلْقَيِّمَةِ﴾ «Әйтпесе оларға да хақ дінді шын көңілден толық қабылдап, “таухид” сенімімен бір Аллаға риясыз құлшылық ету, намазды кемеліне келтіріп оқу және зекеттерін толық өтеу бұйырылған еді. Нағыз тура, мінсіз дін, міне, осы!»2. Сонымен қатар «Алла: ﴿أَنْ أَقِيمُوا۟ ٱلدِّينَ وَلَا تَتَفَرَّقُوا۟ فِيهِ﴾ “Дінді дұрыс түсініп, дұрыстап ұстаңдар һәм дінде жік-жікке бөлінбеңдер”3, – деп, Нұхқа шегелеп тапсырған негізгі ұстанымдарды, өзіңе уахи еткенімізді һәм Ибраһимге, Мұсаға әрі Исаға шегелеп тапсырған негізгі ұстанымдарымызды сендер үшін де дін (міндетті шариғат) етіп бекітті...». Ғалымдар бұл аятта пайғамбарларға құлшылықта ықыласты болу бұйырылғанын айтады. Ықылас ниет арқылы жүзеге асады, яғни амалды Алланың разылығы үшін істеу деген сөз.
Бұл бөлімнің алғашқы хадисінде Алла елшісі (с.а.с.) амалдың ниетке қарай бағаланатынын айтады. Кей ғалымдар бұл хадис исламның үштен бірін, кейбірі төрттен бірін қамтиды деген. Бұл хадиске «Алла елшісінің (с.а.с.) хадистері арасында үкімі бұдан кең, мағынасы бұдан бай, пайдасы бұдан көп хадис жоқ» деп баға берілген.
Абдуррахман ибн Мәһдидің айтуынша, бұл хадис отыз түрлі мәселеге қатысты. Имам Шафиғи оның жетпіс түрлі мәселені қамтитынын айтқан.
Бәйхақи бұл хадисті ілімнің үштен бірі деп бағалап, себебін былай түсіндірген: «Пенде не тапса, жүрегімен, тілімен немесе дене мүшелерімен табады. Ниет – осы үш амалдың бірі әрі ең абзалы. Өйткені ниеттің өзі кейде ғибадат, ал басқа амалдардың ғибадат болуы ниетке байланысты. Сол себепті Алла елшісі (с.а.с.): “Мүміннің ниеті амалынан қайырлы”, – деген. Ниетке зер салсаң, оның осы екі істің, яғни ниет пен амалдың қайырлысы екенін түсінесің».
Ахмад ибн Ханбал ниетті ілімнің үштен бірі дегенде, діни үкімдер негізделетін үш тіректің бірін меңзеген. Оның пікірінше, қалған екі тіректің бірі – «Біздің әмірімізге сай жасалмаған іс қабыл болмайды» деген хадис, екіншісі – «Халал анық, харам да анық» деп басталатын хадис.
Бәдиуззаман ниетті күнделікті әдетті ғибадатқа айналдыратын нәрсе деп бағалаған. Ол қырық жыл ғұмырында, отыз жыл ізденісінде үйренген төрт ақиқаттың бірі ниет екенін айтқан: «Қырық жыл өмірімде, отыз жыл оқуымда төрт сөз бен төрт тұжырым үйрендім. Төрт сөз – мағына-и харфи, мағына-и исми, ниет және назар. Назар мен ниет заттың мәнін өзгертеді. Күнәні сауапқа, сауапты күнәға айналдырады. Расында, ниет қарапайым әрекетті ғибадатқа, ал жұрт көрсін деп жасалған ғибадатты күнәға айналдырады. Материалдық дүниеге себептер тұрғысынан ғана қарау – надандық. Оған Алламен байланысын ескеріп қарау – Алланы тану».
Алла елшісі (с.а.с.) майданда қаза болғандардың шейіттік сауабы ниеттеріне байланысты екенін бірнеше хадисінде айтқан. «Кім Алла жолында күрескен болады?» деген сұраққа: «Алланың сөзі үстем болсын деп күрескен адам Алла жолында», – деп жауап берген. Өзге бір хадисте: «Өзара шайқасқан екі жақта да қаза тапқандар көп. Олардың шын ниетін Алла ғана біледі», – делінген. Тағы бір хадисте тек олжа көздеп соғысқан адамға өзінің ниет еткені ғана берілетіні айтылған.
Сахих хадистерде келген Құзман оқиғасы осыған айқын мысал. Құзман мұсылмандар жағында жұрттың назары ауатындай ерлікпен шайқасып, көптеген мүшрікті өлтірген. Бірақ оның мақсаты Алланың сөзін үстем ету болмаған. Алла елшісі (с.а.с.) оның ақырын алдын ала хабарлаған, шайқастағылар да оның өмірінің қалай аяқталғанын көрген. Осы оқиғадан кейін Алла елшісі (с.а.с.): «Кейбір адам жұрттың көзіне жұмақ иелеріне лайық іс істегендей көрінеді. Алайда ішкі ниетіне қарай ол тозақ иелерінен болады», – деген.
عَنْ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «إِنَّمَا الْأَعْمَالُ بِالنِّيَّاتِ، وَإِنَّمَا لِكُلِّ امْرِئٍ مَا نَوَى، فَمَنْ كَانَتْ هِجْرَتُهُ إِلَى اللَّهِ وَرَسُولِهِ فَهِجْرَتُهُ إِلَى اللَّهِ وَرَسُولِهِ، وَمَنْ كَانَتْ هِجْرَتُهُ إِلَى دُنْيَا يُصِيبُهَا أَوِ امْرَأَةٍ يَنْكِحُهَا فَهِجْرَتُهُ إِلَى مَا هَاجَرَ إِلَيْهِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.
Қазақша аудармасы
Мұсылмандардың әміршісі Омар ибн Хаттаб (р.а.) былай деген: «Алла елшісінің (с.а.с.) “Амалдар ниетке қарай бағаланады. Әркімге ниет еткені тиеді. Кім Алла мен Оның елшісі үшін қоныс аударса, оның һижреті Алла мен Оның елшісі үшін жасалған болады. Ал кім дүниелік пайда табу немесе бір әйелге үйлену үшін қоныс аударса, оның һижреті сол көздеген мақсаты үшін жасалған болады”, – дегенін естідім».1
Түсіндірме
1. Бұл хадис «Муаттадан» өзге беделді хадис жинақтарының бәрінде кездеседі. Кейбір зерттеушілер оның «Муаттаның» имам Мұхаммед әш-Шайбани жеткізген нұсқасында бар екенін айтқан.
2. Ниет туралы хадистер көп. Бұл хадис сенімді бір ғана иснадпен жеткенімен, кейін ғалымдар арасында кеңінен тараған. Ғалымдар оның үкіміне соншалық мән берген: Ахмад ибн Ханбал оны діннің үш негізінің бірі деп санаған. Амалдың қадірі ниетке қарай айқындалатындықтан, мұсылман авторлар еңбектерін осы хадиспен бастауды дәстүрге айналдырған.
3. Кейбір дереккөздерде хадистің айтылу себебіне қатысты мынадай оқиға баяндалады. Алла елшісі (с.а.с.) Мәдинаға қоныс аударған соң, мұсылмандар да Меккеден көшеді. Солардың арасында Үммі Қайыс есімді әйел болған. Оған үйленгісі келген бір кісіге Үммі Қайыс: «Мәдинаға һижрет етсең ғана саған тұрмысқа шығамын», – деп шарт қояды. Әлгі кісі үйлену үшін Мәдинаға көшіп, екеуі сонда отау құрады. Басқалар Алла мен Оның елшісінің разылығы үшін қоныс аударғанда, бұл кісінің не үшін көшкенін жұрт білгендіктен, оған «Үммі Қайыстың мұһажирі» (مُهَاجِرُ أُمِّ قَيْسٍ) деген лақап ат берген. Пайғамбарымыз (с.а.с.) ниет туралы осы хадисті дәл сол оқиғаға орай айтты дейтін анық риуаят жоқ. Алайда хадистің сөздері мен осы оқиғаның арасында байланыс бар деп пайымдалған.
4. Ғалымдар һижретте ниеттің таза болуына мән берген. Сонымен бірге бір адамның бойында һижрет ниеті мен үйлену секілді дүниелік мақсат қатар жүруі мүмкін екенін айтқан. Алла үшін ғана қоныс аударған адамның ниеті кемел, екеуін қатар көздеген адамның амалы жарамды болғанымен, ықыласы әлсіздеу. Үйленудің өзі шариғатта рұқсат етілген амал және оның мәні ниетке қарай өзгереді. Бірінші адамның сауабы, әрине, жоғары. Тек үйленуді көздеген кісі де арын сақтау немесе Алла елшісінің (с.а.с.) «Көбейіңдер» деген өсиетін орындау ниетімен үйленсе, сауап алады. Ислам тарихында бұған мысал бар. Әбу Талха Үммі Сүлейімге үйленгісі келген. Үммі Сүлейім бұған дейін исламды қабылдаған еді. Ол Әбу Талхаға мұсылман болғанда ғана тұрмысқа шығатынын айтады. Сөйтіп, Әбу Талха мұсылман болады. Үйлену оның исламды қабылдауына түрткі болды. Құлшылықты да, диета ұстауды да көздеп ораза тұтқан адамның жағдайы осыған ұқсас. Тек диета үшін ораза тұтқан адам сауап алмайды. Екеуін де көздеген кісі ниетінің дәрежесіне қарай сауап алады. Имам Ғаззалидің пікірінше, диета ұстау мақсаты басым болса, ол оразаға сауап жазылмайды. Өзге амалдар да солай. Діни ниет басым болса, сауап беріледі. Ибн Жәрир әт-Табари дүниелік мақсат араласқан амалдың бастапқы ниетіне қарай бағаланатынын алғашқы ғалымдардың көпшілігінен жеткізеді. Кісі істі әуелде Алланың разылығы үшін бастаған болса, кейін қосылған өзге мақсаттар оған нұқсан келтірмейді. 5. Кейбір ғалымдар осы хадиске сүйеніп, үкімін білмеген амалды бастамау керек деген. Хадисте амалдың құны ниетке байланысты екені айтылған. Амалдың үкімі беймәлім болса, оған дұрыс ниет ету де мүмкін емес. Сондай-ақ олар бұл хадистен ниеттенбеген адамға міндет жүктелмейді деген қорытынды шығарған. Өйткені ниет ету үшін көздеген істі білу қажет. 6. Хадиске қатысты кейбір түсініктерді жалпы түсіндірмеде келтірдік. Сол жерден қарауға болады.
- 1Бұхари, Бәдул-Уахи 1, Итқ 6, Манақибул-Ансар 45, Никах 5, Әйман 23, Хиял 1; Мүслим, Имарат 155 (1907); Әбу Дәуіт, Талақ 11 (2201); Тирмизи, Фәдәилул-Жиһад 16 (1647); Нәсәи, Таһарат 60, (1, 59, 60).
وَعَنْ اِبْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِذَا أَنْزَلَ اللَّهُ بِقَوْمٍ عَذَابًا أَصَابَ الْعَذَابُ مَنْ كَانَ فِيهِمْ ثُمَّ بُعِثُوا عَلَى نِيَّاتِهِمْ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.
Қазақша аудармасы
Ибн Омар (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Алла бір қауымға азап жібергенде, ол азап солардың арасында жүргендердің бәріне тиеді. Содан кейін олар (қиямет күні) ниеттеріне қарай қайта тірілтіледі”, – деді».1
Түсіндірме
Алла елшісі (с.а.с.) бұл хадисте бір қауымға жасаған жамандығы үшін жаза келсе, олардың арасындағы ізгі кісілер де дүниедегі азапқа ұшырайтынын айтады. Ақыретте ізгі жандар дүниедегі ниеті мен амалына лайық күйде тірілтіледі, жақсылығы зая кетпейді.
Кейбір риуаятта «ниеттеріне қарай», кейбірінде «амалдарына қарай» делінген. «Амалдары мен ниеттеріне қарай» деп, екеуін қатар атайтын риуаят та бар.
Ізгі кісілерге тиген азап олардың күнәларына кәффарат болып, дәрежесінің көтерілуіне себеп болады. Бәйхақидің «Шуғаб әл-иман» еңбегіндегі риуаят бұл жайды тереңірек ашады: «Алла елшісі (с.а.с.): “Жер бетінде жамандық жайылғанда, Алла сол жұртқа бәле жібереді”, – деді. “Араларында құлшылық ететін кісілер болса да ма?” – деп сұрағанда: “Иә. Кейін олар Алланың рақымына сай қайта тірілтіледі”, – деп жауап берді».
Зейнеп бинт Жахш жеткізген риуаятта да жамандық жайылып, жұрт оны ашық жасай бастағанда, Алланың жазасы келетіні айтылады. Ол: «Уа, Алла елшісі! Арамызда ізгі кісілер бола тұра, біз құримыз ба?» – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): «Иә, жамандық көбейсе, солай болады», – деп жауап берді.
Жамандықты көре тұра оны түзетуге ұмтылмаған адамның да ақыры қайырлы болмайды. Бұл жөнінде көптеген риуаят жеткен. Алла елшісі (с.а.с.) айтқандай, мұсылман жамандықты қолымен не тілімен тоқтатуға тиіс. Екеуіне де шамасы жетпесе, жамандықты жүрегімен жек көріп, оны жасағандарға қосылмайтынын ниетімен білдіреді. Әбу Бәкір әс-Сыддық (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін естіген: «Адамдар жамандықты көріп, оны түзетуге кіріспесе, Алланың бәрін бірдей қамтитын жаза жіберуі жақын». Мүслим жеткізген риуаятта Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген: «Ғажап! Үмбетімнің бір бөлігі Қағбаны паналаған бір құрайыштықты іздеп, Қағбаға қарай аттанады. Шөлге жеткенде оларды жер жұтады». Айша (р.а.) жол үстінде әртүрлі адамдар кездесетінін ескерткенде, ол: «Иә, олардың арасында әдейі барған да, мәжбүрленген де, жолаушы да бар. Бәрі бірге қаза табады, бірақ әртүрлі жерден шығады. Алла әрқайсысын ниетіне қарай тірілтеді», – деді. Ғалымдар осы хадистерден адамдардың бірге қаза табуы олардың сауабы мен жазасы да бірдей болады деген сөз еместігін, Алланың қаһарына ұшыраған қауымның арасында ізгі кісілер де болуы мүмкін екенін айтқан. Ибн Әбу Жәмра ізгілерге де бәле тиюін олардың жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыюға құлықсыздық танытуымен байланыстырады. Ол: «Жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыйғандар – шынайы мүміндер. Алла оларға азап жібермейді, қайта солардың себебімен азапты қайтарады», – дейді. Ол бұл пікіріне ﴿وَمَا كُنَّا مُهْلِكِى ٱلْقُرَىٰٓ إِلَّا وَأَهْلُهَا ظَٰلِمُونَ﴾ «Біз халқы зұлымдықта шектен шыққан залымдарға айналмайынша ешбір мекенді жоймаймыз» («Қасас», 59) және ﴿وَمَا كَانَ ٱللَّهُ لِيُعَذِّبَهُمْ وَأَنتَ فِيهِمْ وَمَا كَانَ ٱللَّهُ مُعَذِّبَهُمْ وَهُمْ يَسْتَغْفِرُونَ﴾ «Алайда Сен олардың арасында болғанда, Алла оларды азаптамайды. Әрі олар кешірім тілеген жағдайда, Алла оларды азаптамайды» («Әнфәл», 33) деген аяттарды дәлел етеді. Жамандықтан тыймағандарға да азап жететінін қуаттайтын аят бар: ﴿أَنْ إِذَا سَمِعْتُمْ ءَايَٰتِ ٱللَّهِ يُكْفَرُ بِهَا وَيُسْتَهْزَأُ بِهَا فَلَا تَقْعُدُوا۟ مَعَهُمْ حَتَّىٰ يَخُوضُوا۟ فِى حَدِيثٍ غَيْرِهِۦٓ﴾ «Егер Алланың аяттарын жалғанға шығарылғанын және мазаққа айналдырылғанын естісеңдер, олар басқа әңгімеге көшпейінше, қастарында отырмаңдар» («Ниса», 140). Мұндай адамдармен бірге отыру өзіңді қатерге тігу болғандықтан, олардың ортасынан кету шариғатқа сай саналған. Бұл бұйрық олардың сөзі мен ісін іштей құптамайтындарға қатысты. Оларға жәрдемдесіп, істегеніне риза болған адам солардың қатарына қосылады. Хадис жамандыққа қарап тұрып, тыймағандарға ескерту жасайды. Ал жеке пайымына, негізсіз жорамалға не дүниелік есебіне еріп, залымдарға жағынған, олардың жамандығын бүркемелеп, оған разы болып, тіпті қол ұшын бергендердің халі не болмақ? Алла мүміндерді осындай бүліктен сақтасын!
- 1Бұхари, Фитән 19; Мүслим, Сифатул-Жанна 84 (2879).
وَعَنْ اِبْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ أَخْلَصَ لِلَّهِ أَرْبَعِينَ صَبَاحًا ظَهَرَتْ يَنَابِيعُ الْحِكْمَةِ مِنْ قَلْبِهِ عَلَى لِسَانِهِ. أَخْرَجَهُ رَزِينُ.
Қазақша аудармасы
Ибн Аббас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Кім қырық таң бойы Аллаға ықылас танытса, жүрегінен тіліне хикмет бұлақтары ағады».1
Түсіндірме
1. «Жамиғ әс-сағирдегі» нұсқада «Кім қырық күн бойы Аллаға ықылас танытса» делінген. Мұнауи мұны «Кім қырық күн бойы Аллаға ықыласпен құлшылық етсе» деп түсіндіреді. Оның айтуынша, ықылас дегеніміз – денені ластықтан тазарту, сыртқы және ішкі сезім мүшелерін қажетсіз нәрседен сақтау, дене мүшелерін ақыл мен шариғат белгілеген орынды шектен шығармай, пайғамбардың өсиеті мен даналық ескертулеріне сай қолдану. Әсіресе, тіл мен қиялды бұрыс сенімнен, жалған жолдан, төмен ойдан, бос үміт пен құр қиялдан қорғау, сананы теріс ой мен іске аспайтын қиялдан аулақ ұстау қажет. Мұнауи рухани тазарудың өзге де жолдарын атап, «хикметтің жүректен тілге ағуын» былай түсіндірген: «Рухани тазалықты сақтап, нәпсімен күресті үзбеу адамды мұшаһадаға жеткізеді. Алла Тағала: ﴿وَمِنَ ٱلَّيْلِ فَتَهَجَّدْ بِهِۦ نَافِلَةً لَّكَ عَسَىٰٓ أَن يَبْعَثَكَ رَبُّكَ مَقَامًا مَّحْمُودًا﴾ “Түн ішінде тұрып, Құран оқып, өзіңе бекітілген тәһәжжуд намазын өте. Сонда Раббыңның сені ‘Мақам Махмудқа’ шығаратындығынан үміт ете аласың”2, – деген. Жаратылыстың асыл мұраты болған Алла елшісінің (с.а.с.) өзі Мақам Махмудқа рукуғ пен сәжде арқылы ғана жетсе, ешбір амал істемеген кісі сол дәрежеге жетуді қалай үміт етеді? Сондықтан ұлылар “Жігерлен, сонда ақиқатты көресің” деген».
2. Хадисте «қырық күн» деп шектеудің мәні былай түсіндірілген: «Адам бір істі қырық күн бойы үзбей жасаса, ол бойына сіңіп, табиғи әдетіне айналады». Сопылардың бір тобы осы риуаятқа сүйеніп, мүридтің оңаша құлшылықта өткізетін мерзімін қырық күн деп белгілеген. 3. Мұхаддистер бұл хадистің әлсіз екенін ескерткен. Тасаууф өкілдері оны хадис ғылымында қолданылмайтын әдіспен тексеріп, сахих деп таныған. Мұнауидің жеткізуінше, Абдулхақ «Шарх әл-ахкам» еңбегінде: «Бұл хадистің иснады сахих болмаса да, Алланың сыйы мен жәрдеміне бөленгендерге тән рухани түйсік оның сахих екенін аңғарады. Мұны рухани сырлар ашылғанда берілетін ілім иесінен өзге адам түсіне бермейді. Бұл ілімге Мұхаммедке (с.а.с.) тән ықылас арқылы келетін Раббани шарапатпен жетеді», – деген.
- 1Рәзин тахриж жасаған. Хадис Хилиятул-әулияда Әбу Әйюб әл-Ансариден марфуғ ретінде берілген. (5, 189); сондай-ақ хадисті Жамиғус-сағирда да көруге болады (Файзул-Қадир 6, 43).
- 2«Исра» 79.