Хадис

Күнә іске қатысты нәзір

Кутуб ситтә, 12-том, 924-тарау · 7 хадис · № 5744–5750

НӘЗІР БӨЛІМІ

Хадистер

5744
Кутуб ситтә, № 5744 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Айша (р.а.)

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَا نَذْرَ فِي مَعْصِيَةٍ، وَكَفَّارَتُهُ كَفَّارَةُ يَمِينٍ. أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Күнә істе нәзір жоқ. Оның кәффараты – анттың кәффараты”, – деген».1

  1. 1Әбу Дәуіт, Әйман 23 (3292); Тирмизи, Нузур 1 (1524); Нәсәи, Әйман 41, (7, 26).
5745
Кутуб ситтә, № 5745 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Абдулла ибн Амр (р.а.)

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَا نَذْرَ إِلَّا فِيمَا يُبْتَغَى بِهِ وَجْهُ اللَّهِ تَعَالَى، وَلَا يَمِينَ فِي قَطِيعَةِ رَحِمٍ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Алланың разылығы көзделген істе ғана нәзір болады. Туыстық байланысты үзуге ант жүрмейді”, – деген».1

  1. 1Әбу Дәуіт, Әйман 15, (3273, 3274).
5746
Кутуб ситтә, № 5746 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Имран ибн Хусайн (р.а.)

وَعَنْ عِمْرَانَ بْنِ حُصَيْنٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَا نَذْرَ فِي مَعْصِيَةٍ وَلَا فِيمَا لَا يَمْلِكُ ابْنُ آدَمَ. أَخْرَجَهُ النَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Имран ибн Хусайн (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Күнә істе де, адамның иелігінде жоқ нәрседе де нәзір болмайды”, – деген».1

Түсіндірме

Риуаяттардан шығатын үкімдерге тоқталайық.

1) Күнә іс нәзір етілмейді. Мысалы, «Ісім оңалса, арақ ішемін» деген сөз нәзір болмайды.

2) Адам өз иелігінде жоқ нәрсені нәзір ете алмайды. Мысалы, «Ауруымнан айықсам, пәленшенің құлын азат етемін» деу жарамсыз, өйткені ол құл өзінікі емес. «Құнын төлеп, сатып алып, азат етемін» десе, нәзір жарамды болады.

3) Осы екі түрлі нәзірдің бірін айтып қойып, тыйым салынғаны үшін орындамаған кісі анттың кәффаратын өтейді. Бұл туралы №5738 хадистің түсіндірмесінде айтылды.

4) Ибн Амр ибн әл-Астың риуаятында нәзір Алланың разылығы көзделген іске ғана қатысты екені айтылды. Оның түсіндірмесі №5743 риуаятта берілген.

  1. 1Нәсәи, Әйман 14, (7, 28); Мүслим, Нәзр 8 (1641); Әбу Дәуіт, Әйман 28 (3316).
5747
Кутуб ситтә, № 5747 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ يَحْيَى بْنِ سَعِيدٍ قَالَ: سَمِعْتُ الْقَاسِمَ بْنَ مُحَمَّدٍ يَقُولُ: أَتَتِ امْرَأَةٌ إِلَى ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فَقَالَتْ: إِنِّي نَذَرْتُ أَنْ أَنْحَرَ ابْنِي. قَالَ: لَا تَنْحَرِي ابْنَكِ، وَكَفِّرِي عَنْ يَمِينِكِ. فَقَالَ شَيْخٌ: كَيْفَ يَكُونُ فِي هَذَا كَفَّارَةٌ؟ فَقَالَ ابْنُ عَبَّاسٍ: إِنَّ اللَّهَ تَعَالَى قَالَ: ﴿الَّذِينَ يُظَاهِرُونَ مِنْكُمْ مِنْ نِسَائِهِمْ﴾. ثُمَّ جَعَلَ فِيهِ مِنَ الْكَفَّارَةِ مَا رَأَيْتَ. أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағид былай деген: «Қасым ибн Мұхаммедтің мына сөзін естідім: “Ибн Аббасқа (р.а.) бір әйел келіп: ‘Ұлымды құрбандыққа шалуды нәзір еттім’, – деді. Ибн Аббас оған: ‘Оны құрбандыққа шалма. Анттың кәффаратын өте’, – деп жауап берді. Сонда бір қария: ‘Мұндай нәзірге қалай кәффарат жүреді?’ – деді. Ибн Аббас: ‘Алла Тағала Құранда ﴿ٱلَّذِينَ يُظَٰهِرُونَ مِنكُم مِّن نِّسَآئِهِمْ﴾ «Араларыңнан әйелдеріне зиһар айтқандар…»1 деген. Содан кейін зиһар айтқандарға кәффарат тағайындағанын көріп тұрсың’, – деп түсіндірді”».2

Түсіндірме

Ибн Аббас (р.а.) баласын құрбандыққа шалуды нәзір еткен әйелге анттың кәффаратын өтеуге пәтуа берген. Қасындағы бір кісі мұны құптамай, күнә іске қатысты жарамсыз нәзірге қалайша анттың кәффараты жүреді деп қарсылық білдірген. Өйткені кей риуаяттарда күнә істі нәзір ету жарамсыз делінген.

Ибн Аббас Құраннан мысал келтірді. Аятта зиһар, яғни әйелін анасына не әпке-қарындасына теңеп, өзіне харам санау, жағымсыз әрі жалған сөз ретінде сипатталған. Жалғасында ﴿وَٱلَّذِينَ يُظَٰهِرُونَ مِن نِّسَآئِهِمْ ثُمَّ يَعُودُونَ لِمَا قَالُوا۟ فَتَحْرِيرُ رَقَبَةٍ مِّن قَبْلِ أَن يَتَمَآسَّا ذَٰلِكُمْ تُوعَظُونَ بِهِۦ وَٱللَّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ خَبِيرٌ﴾ «Әйелдеріне біржолата талақ ету ниетімен зиһар айтып, кейін айтқан сөздерінен айнып, райынан қайтқандар зиһар айтқан әйелдерімен жақындаспай тұрып, бір құлды азат етуі тиіс. Сендерге бұйырылған нәрсе, міне, сол. Алла сендердің не істеп жүргендеріңнен толық хабардар!» деп, кәффарат белгіленген. Демек, Ибн Аббастың пайымынша, хадисте күнә іске қатысты нәзір жарамсыз саналғанымен, анттың кәффараты өтеледі. Ибн Абдулбәрр зиһардың өзі антқа жатпайтынын айтып, Ибн Аббастың осы салыстыруын әлсіз санаған. Күнә іске қатысты нәзір туралы Пайғамбарымыздан (с.а.с.) тікелей жеткен риуаяттардың кейбірі жоғарыда берілді.

  1. 1«Мүжәдәлә» сүресі, 2-аят.
  2. 2Муатта, Нузур 7, (2, 476).
5748
Кутуб ситтә, № 5748 · тараудағы реті: 5

وَعَنْ مُحَمَّدِ بْنِ الْمُنْتَشِرِ: أَنَّ رَجُلًا نَذَرَ أَنْ يَنْحَرَ نَفْسَهُ إِنْ أَنْجَاهُ اللَّهُ مِنْ عَدُوِّهِ. فَسَأَلَ ابْنَ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، فَقَالَ: سَلْ مَسْرُوقًا خَادِمَهُ، فَسَأَلَهُ فَقَالَ:لَا تَنْحَرْ نَفْسَكَ، فَإِنَّكَ إِنْ كُنْتَ مُؤْمِنًا قَتَلْتَ نَفْسًا مُؤْمِنَةً، وَإِنْ كُنْتَ كَافِرًا تَعَجَّلْتَ إِلَى النَّارِ، وَاشْتَرِ كَبْشًا فَاذْبَحْهُ لِلْمُسْلِمِينَ، فَإِنَّ إِسْحَاقَ عَليْهِ السَّلَامُ خَيْرٌ مِنْكَ، وَفُدِيَ بِكَبْشٍ. فَأَخْبَرَ ابْنَ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ. فَقَالَ: هَكَذَا أَرَدْتُ أَنْ أُفْتِيَكَ. أَخْرَجَهُ رَزِينُ.

Қазақша аудармасы

Мұхаммед ибн әл-Мунтәшир былай деген: «Бір кісі “Алла мені дұшпанымнан құтқарса, өзімді құрбан етемін” деп нәзір етті. Бұл жайында Ибн Аббастан (р.а.) сұрағанда, ол қызметшісі Мәсруқтан сұрауын айтты. Мәсруқ: “Өзіңді құрбан етпе. Мүмін болсаң, өзіңді өлтіргенің – мүмінді өлтіргенің. Кәпір күйде өзіңді өлтірсең, тозаққа баруға асыққан боласың. Бір қошқар сатып алып, оны мұсылмандар үшін сой. Өйткені Исхақ (а.с.) сенен қайырлы еді, оның орнына да бір қошқар құрбандыққа шалынған”, – деді. Кісі бұл жауапты Ибн Аббасқа жеткізгенде, ол: “Мен де осы пәтуаны берер едім”, – деді».

Түсіндірме

1. Дінімізде адамның өз өміріне қастық жасауына тыйым салынған, бұл үкімді еш нәрсе өзгерте алмайды. Автор Алла жолындағы жиһадта заңды мақсат үшін өлім қатерін мойынға алуды өз өміріне қастық жасаудан бөлек қарастырады. Ал өзін Алла жолында құрбан етуді нәзір еткен кісі оны орындамай, құрбандық шалу арқылы өтейді. Осы риуаятта Ибн Аббас бұған Ибраһимнің (а.с.) ұлы Исхақтың оқиғасын дәлел еткен. Ибраһим (а.с.) ұлын Алла үшін құрбандыққа шалмақ болғанда, Алла ұлының орнына пидия ретінде қошқар жіберген. Бала орнына қошқар құрбандыққа шалынған.

2. Ибраһимнің (а.с.) құрбандыққа шалмақ болған ұлын мұсылман ғалымдарының көбі Исмайыл (а.с.) деп білген. Кей деректе Исхақтың (а.с.) аты аталады. Бұл жайында мұсылмандар мен яһудилердің пікірі әртүрлі. Яһудилер құрбандыққа арналған ұлды өздері тараған Исхақ деп, көктен жіберілген тоқтыны да соның пидиясы деп санаған. Ислам ғалымдарының көбі құрбандыққа арналған ұл Исмайыл болған деген пікірді құптаған.

5749
Кутуб ситтә, № 5749 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Уқба ибн Амир (р.а.)

وَعَنْ عُقْبَةَ بْنِ عَامِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: كَفَّارَةُ النَّذْرِ إِذَا لَمْ يُسَمِّ شَيْئًا كَفَّارَةُ يَمِينٍ. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا الْبُخَارِيَّ.

Қазақша аудармасы

Уқба ибн Әмір (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Нәзірдің не нәрсеге қатысты екені аталмаса, оның кәффараты – анттың кәффараты”, – деген».1

Түсіндірме

Мұнда адамның «Алла үшін мойныма нәзір алдым» деп, қандай амал істейтінін атамаған жағдайы сөз болып отыр. Мұндай нәзірдің кәффараты анттың кәффараты сияқты өтеледі. Нәуәуидің айтуынша, ғалымдар хадистің мәнін әртүрлі түсіндірген. Шафиғилердің көпшілігі оны «нәзір ләжжаж», яғни қасарысу не өз-өзін тежеу мақсатымен жасалған нәзір деп түсінген. Мысалы, бір кісі Зәйдтің атын атағысы келмей: «Зәйдтің аты аузымнан шықса, Алла үшін қажылық жасау мойныма міндет болсын», – дейді. Кейін оның атын айтып қойса, нәзірін орындау мен анттың кәффаратын өтеудің бірін таңдай алады. Шафиғи мәзһабындағы негізгі үкім осы. Имам Мәлик пен өзге біраз ғалым мұны нақты амалы көрсетілмеген нәзірге ұқсатқан. Ахмад ибн Ханбал мен кей шафиғи ғалымдары оны арақ ішуді нәзір еткен кісінің нәзіріндей, яғни күнә іске қатысты нәзір деп түсінген. Хадис ғалымдарының бір тобы бұл үкімді нәзірдің барлық түріне қолданып, адам нәзірін орындау мен анттың кәффаратын өтеудің бірін таңдай алады деген.

Имам Ағзамның бұл мәселедегі соңғы пікірі бойынша, адам нәзірін өзі болуын қаламайтын шартқа байласа, сол шарт орындалғанда анттың кәффаратын өтеуі жеткілікті. Нәзірін орындаса да, міндетінен құтылады. Мәселен, «Пәленше кісімен сөйлессем, бір жыл ораза ұстау мойныма міндет болсын» деген адам сол кісімен сөйлесіп қойса, қалауы бойынша анттың кәффаратын өтейді немесе бір жыл ораза ұстайды. Ал өзі болуын тілеген шартқа байласа, мысалы, «Науқасым жазылса, бір жыл ораза ұстау мойныма міндет болсын» десе, шарт орындалғанда нәзірін міндетті түрде атқарады. Имам Мұхаммед те осылай үкім берген. Бұл жағдай жиі кездесетіндіктен, кей ханафи фақиһтары осы пікірмен пәтуа берген.

  1. 1Мүслим, Нузур 13 (1645); Әбу Дәуіт, Әйман 31 (3323); Тирмизи, Нузур 4 (1528).
5750
Кутуб ситтә, № 5750 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Имран ибн Хусайн (р.а.)

وَعَنْ عِمْرَانَ بْنِ حُصَيْنِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: اَلنَّذْرُ نَذْرَانِ، فَمَنْ كَانَ نَذْرُهُ فِي طَاعَةِ اللَّهِ فَذَلِكَ لِلَّهِ، وَفِيهِ الْوَفَاءُ، وَمَنْ كَانَ نَذْرُهُ فِي مَعْصِيَةِ اللَّهِ فَذَلِكَ لِلْشَّيْطَانِ وَلَا وَفَاءَ فِيهِ، وَيُكَفِّرُهُ بِمَا يُكَفِّرُ الْيَمِينَ. أَخْرَجَهُ النَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Имран ибн Хусайн (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Нәзір екі түрлі. Кім Аллаға бойсұнуды нәзір етсе, ол нәзір Алла үшін жасалған, оны орындау керек. Кім Аллаға қарсы келуді нәзір етсе, ол нәзір шайтан үшін жасалған, оны орындауға болмайды. Мұндай кісі анттың кәффаратындай кәффарат өтейді”, – деген».1

Түсіндірме

Түсіндірме: Аллаға бойсұну мен Оған қарсы келуге қатысты нәзір жоғарыда түсіндірілді. №5729 және №5743 хадистердің түсіндірмелерін қараңыз.2

  1. 1Нәсәи, Әйман 41, (7, 28, 29).
  2. 2№5729, 5743-ші риуаяттар.