وَعَنْ مُحَمَّدِ بْنِ الْمُنْتَشِرِ: أَنَّ رَجُلًا نَذَرَ أَنْ يَنْحَرَ نَفْسَهُ إِنْ أَنْجَاهُ اللَّهُ مِنْ عَدُوِّهِ. فَسَأَلَ ابْنَ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، فَقَالَ: سَلْ مَسْرُوقًا خَادِمَهُ، فَسَأَلَهُ فَقَالَ:لَا تَنْحَرْ نَفْسَكَ، فَإِنَّكَ إِنْ كُنْتَ مُؤْمِنًا قَتَلْتَ نَفْسًا مُؤْمِنَةً، وَإِنْ كُنْتَ كَافِرًا تَعَجَّلْتَ إِلَى النَّارِ، وَاشْتَرِ كَبْشًا فَاذْبَحْهُ لِلْمُسْلِمِينَ، فَإِنَّ إِسْحَاقَ عَليْهِ السَّلَامُ خَيْرٌ مِنْكَ، وَفُدِيَ بِكَبْشٍ. فَأَخْبَرَ ابْنَ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ. فَقَالَ: هَكَذَا أَرَدْتُ أَنْ أُفْتِيَكَ. أَخْرَجَهُ رَزِينُ.
Мұхаммед ибн әл-Мунтәшир былай деген: «Бір кісі “Алла мені дұшпанымнан құтқарса, өзімді құрбан етемін” деп нәзір етті. Бұл жайында Ибн Аббастан (р.а.) сұрағанда, ол қызметшісі Мәсруқтан сұрауын айтты. Мәсруқ: “Өзіңді құрбан етпе. Мүмін болсаң, өзіңді өлтіргенің – мүмінді өлтіргенің. Кәпір күйде өзіңді өлтірсең, тозаққа баруға асыққан боласың. Бір қошқар сатып алып, оны мұсылмандар үшін сой. Өйткені Исхақ (а.с.) сенен қайырлы еді, оның орнына да бір қошқар құрбандыққа шалынған”, – деді. Кісі бұл жауапты Ибн Аббасқа жеткізгенде, ол: “Мен де осы пәтуаны берер едім”, – деді».
Түсіндірме
1. Дінімізде адамның өз өміріне қастық жасауына тыйым салынған, бұл үкімді еш нәрсе өзгерте алмайды. Автор Алла жолындағы жиһадта заңды мақсат үшін өлім қатерін мойынға алуды өз өміріне қастық жасаудан бөлек қарастырады. Ал өзін Алла жолында құрбан етуді нәзір еткен кісі оны орындамай, құрбандық шалу арқылы өтейді. Осы риуаятта Ибн Аббас бұған Ибраһимнің (а.с.) ұлы Исхақтың оқиғасын дәлел еткен. Ибраһим (а.с.) ұлын Алла үшін құрбандыққа шалмақ болғанда, Алла ұлының орнына пидия ретінде қошқар жіберген. Бала орнына қошқар құрбандыққа шалынған.
2. Ибраһимнің (а.с.) құрбандыққа шалмақ болған ұлын мұсылман ғалымдарының көбі Исмайыл (а.с.) деп білген. Кей деректе Исхақтың (а.с.) аты аталады. Бұл жайында мұсылмандар мен яһудилердің пікірі әртүрлі. Яһудилер құрбандыққа арналған ұлды өздері тараған Исхақ деп, көктен жіберілген тоқтыны да соның пидиясы деп санаған. Ислам ғалымдарының көбі құрбандыққа арналған ұл Исмайыл болған деген пікірді құптаған.