وَعَنْ يَحْيَى بْنِ سَعِيدٍ قَالَ: سَمِعْتُ الْقَاسِمَ بْنَ مُحَمَّدٍ يَقُولُ: أَتَتِ امْرَأَةٌ إِلَى ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فَقَالَتْ: إِنِّي نَذَرْتُ أَنْ أَنْحَرَ ابْنِي. قَالَ: لَا تَنْحَرِي ابْنَكِ، وَكَفِّرِي عَنْ يَمِينِكِ. فَقَالَ شَيْخٌ: كَيْفَ يَكُونُ فِي هَذَا كَفَّارَةٌ؟ فَقَالَ ابْنُ عَبَّاسٍ: إِنَّ اللَّهَ تَعَالَى قَالَ: ﴿الَّذِينَ يُظَاهِرُونَ مِنْكُمْ مِنْ نِسَائِهِمْ﴾. ثُمَّ جَعَلَ فِيهِ مِنَ الْكَفَّارَةِ مَا رَأَيْتَ. أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.
Яхия ибн Сағид былай деген: «Қасым ибн Мұхаммедтің мына сөзін естідім: “Ибн Аббасқа (р.а.) бір әйел келіп: ‘Ұлымды құрбандыққа шалуды нәзір еттім’, – деді. Ибн Аббас оған: ‘Оны құрбандыққа шалма. Анттың кәффаратын өте’, – деп жауап берді. Сонда бір қария: ‘Мұндай нәзірге қалай кәффарат жүреді?’ – деді. Ибн Аббас: ‘Алла Тағала Құранда ﴿ٱلَّذِينَ يُظَٰهِرُونَ مِنكُم مِّن نِّسَآئِهِمْ﴾ «Араларыңнан әйелдеріне зиһар айтқандар…»1 деген. Содан кейін зиһар айтқандарға кәффарат тағайындағанын көріп тұрсың’, – деп түсіндірді”».2
Түсіндірме
Ибн Аббас (р.а.) баласын құрбандыққа шалуды нәзір еткен әйелге анттың кәффаратын өтеуге пәтуа берген. Қасындағы бір кісі мұны құптамай, күнә іске қатысты жарамсыз нәзірге қалайша анттың кәффараты жүреді деп қарсылық білдірген. Өйткені кей риуаяттарда күнә істі нәзір ету жарамсыз делінген.
Ибн Аббас Құраннан мысал келтірді. Аятта зиһар, яғни әйелін анасына не әпке-қарындасына теңеп, өзіне харам санау, жағымсыз әрі жалған сөз ретінде сипатталған. Жалғасында ﴿وَٱلَّذِينَ يُظَٰهِرُونَ مِن نِّسَآئِهِمْ ثُمَّ يَعُودُونَ لِمَا قَالُوا۟ فَتَحْرِيرُ رَقَبَةٍ مِّن قَبْلِ أَن يَتَمَآسَّا ذَٰلِكُمْ تُوعَظُونَ بِهِۦ وَٱللَّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ خَبِيرٌ﴾ «Әйелдеріне біржолата талақ ету ниетімен зиһар айтып, кейін айтқан сөздерінен айнып, райынан қайтқандар зиһар айтқан әйелдерімен жақындаспай тұрып, бір құлды азат етуі тиіс. Сендерге бұйырылған нәрсе, міне, сол. Алла сендердің не істеп жүргендеріңнен толық хабардар!» деп, кәффарат белгіленген. Демек, Ибн Аббастың пайымынша, хадисте күнә іске қатысты нәзір жарамсыз саналғанымен, анттың кәффараты өтеледі. Ибн Абдулбәрр зиһардың өзі антқа жатпайтынын айтып, Ибн Аббастың осы салыстыруын әлсіз санаған. Күнә іске қатысты нәзір туралы Пайғамбарымыздан (с.а.с.) тікелей жеткен риуаяттардың кейбірі жоғарыда берілді.