НАСИХАТ ЖӘНЕ АҚЫЛДАСУ БӨЛІМІ
Хадистер
Ислам бос уақытты зая өткізбеуге үндеп, тынығуға да орын береді. Құранда ұйқының тынықтыратыны, қай жерде, қай уақытта және қандай жолмен демалған жөн екені айтылады. Түнгі ұйқымен бірге қайлула деп аталатын күндізгі ұйқы да Құран мен хадисте сөз болады. Ұйқының мезгілі, ұзақтығы және әдебі хадистерде кеңірек баяндалады. Адамдар шаршағанын ойын-сауықпен, еліткіш не есеңгіреткіш заттармен басамын деп, денесін одан әрі қажытатын заманда ұйқының тынықтыратын қасиетіне көңіл бөліп, оның пайдасын арттыру жолдарын зерттеу қажет. Бұл тарауда осы мәселе жоғарыда келтірілген сегіз хадистен де кең қарастырылатынына назар аударамыз.
Тынығу құралы – ұйқы
Құранда тынығудың ең пәрменді құралы ретінде ұйқы аталады: ﴿وَهُوَ ٱلَّذِى جَعَلَ لَكُمُ ٱلَّيْلَ لِبَاسًا وَٱلنَّوْمَ سُبَاتًا وَجَعَلَ ٱلنَّهَارَ نُشُورًا﴾ «Ол Алла сендер үшін түнді жамылғы, ұйқыны тынығу, ал күндізді ұйқыдан оянып әрі жан-жаққа тарап, тіршілік ететін уақыт қылды» («Фұрқан», 47-аят; «Нәбә», 9-аят).
Құран адамның тәнін тынықтыратын жол ретінде алдымен ұйқыны атайды. Демек, адамның өмір сүріп, қоғамда өз орнын табуы, міндетін ойдағыдай атқаруы үшін ұйқының маңызы зор.
Түнгі және күндізгі ұйқы
Алдыңғы аяттарда ұйқының тынықтыратыны айтылған. Құран күндізді тіршілік уақыты деп атайды. Ұйқыны тек түнмен шектемей: ﴿وَمِنْ ءَايَٰتِهِۦ مَنَامُكُم بِٱلَّيْلِ وَٱلنَّهَارِ وَٱبْتِغَآؤُكُم مِّن فَضْلِهِۦٓ إِنَّ فِى ذَٰلِكَ لَـَٔايَٰتٍ لِّقَوْمٍ يَسْمَعُونَ﴾ «Түнгі және күндізгі ұйқыларың әрі Оның кеңшілігінен ризық-несібелеріңді табуларың да Оның дәлелдердің бірі. Міне, осыларда өзінде құлақ асатын қауым үшін айқын белгілер мен талай ғибрат бар!»1, – дейді.
Бұл аят күндіз де ұйықтауға, түнде де несібе іздеуге болатынын көрсетеді.
Түсте көз шырымын алудың адамға күш-қуат беретінін қазіргі зерттеулер де көрсетіп жүр. Түскі ұйқы дінімізде қайлула деп аталады.
Құранда былай делінген: ﴿يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ لِيَسْتَـْٔذِنكُمُ ٱلَّذِينَ مَلَكَتْ أَيْمَٰنُكُمْ وَٱلَّذِينَ لَمْ يَبْلُغُوا۟ ٱلْحُلُمَ مِنكُمْ ثَلَٰثَ مَرَّٰتٍ مِّن قَبْلِ صَلَوٰةِ ٱلْفَجْرِ وَحِينَ تَضَعُونَ ثِيَابَكُم مِّنَ ٱلظَّهِيرَةِ وَمِنۢ بَعْدِ صَلَوٰةِ ٱلْعِشَآءِ ثَلَٰثُ عَوْرَٰتٍ لَّكُمْ لَيْسَ عَلَيْكُمْ وَلَا عَلَيْهِمْ جُنَاحٌۢ بَعْدَهُنَّ طَوَّٰفُونَ عَلَيْكُم بَعْضُكُمْ عَلَىٰ بَعْضٍ كَذَٰلِكَ يُبَيِّنُ ٱللَّهُ لَكُمُ ٱلْـَٔايَٰتِ وَٱللَّهُ عَلِيمٌ حَكِيمٌ﴾ «Уа, иман келтіргендер! Қол астыларыңдағы құлдарың мен қызметшілерің һәм араларыңдағы балиғатқа толмаған жас балалар мына үш мезгілде жеке бөлмелеріңе кіру үшін рұқсат сұрасын: таң намазының алдында, түскі уақытта тынығып алу үшін киімдеріңді шешкендеріңде және құптан намазынан кейін. Міне, осы үш мезгіл сендердің ұятты шақтарың. Ал бұдан өзге уақыттарда сендер үшін де, олар үшін де бір-біріңе рұқсатсыз кіріп-шығудың айыбы жоқ. Өйткені олар сендерді айналсоқтап жүреді және біріңе-бірің кіріп-шықпауларың мүмкін емес. Міне, Алла сендерге аяттарын осылайша баяндайды. Алла – бәрін білуші, асқан даналық иесі»2.
Аятта түстегі ыстықта киім шешіп тынығатын уақыт аталады. Араб даласының ыстығын ескерсек, түсте демалудың мәні түсінікті. Осы мезгілдегі ұйқы қайлула деп аталады. Алла елшісі (с.а.с.) оған түнгі құлшылыққа тұруға сеп болатыны үшін мән берген. Әдетте бесін намазынан кейін, күн қатты ысығанда бесінге дейін мызғып алатын. Жұма күні жұма намазынан кейін тынығатын.
Осы аяттар мен риуаяттардан бірнеше тұжырым шығады.
• Күндізгі ұйқы түнгі құлшылыққа күш жинауға көмектеседі. Қайлула әсіресе ыстық күндері пайдалы. Ол уақытты ұтымды пайдалануға да сеп болады.
• Күндізгі тынығудың уақыты – түс, орны – үй, тәсілі – ұйқы. Автор «Нұр» сүресінде аталған үш мезгілден өзге уақытты бос өткізбей, пайдалы іске жұмсауды ұсынады.
Тыныштық пен тынығудың уақыты – түн
Тынығудың ең қолайлы мезгілі ретінде түн аталады: ﴿هُوَ ٱلَّذِى جَعَلَ لَكُمُ ٱلَّيْلَ لِتَسْكُنُوا۟ فِيهِ وَٱلنَّهَارَ مُبْصِرًا إِنَّ فِى ذَٰلِكَ لَـَٔايَٰتٍ لِّقَوْمٍ يَسْمَعُونَ﴾ «Тынығып дамылдауларың үшін түнді, тіршілік етулерің үшін күндізді жарық қылып жаратқан – Алла. Әлбетте, мұнда құлақ асатын қауым үшін көптеген дәлелдер бар».3
﴿وَمِن رَّحْمَتِهِۦ جَعَلَ لَكُمُ ٱلَّيْلَ وَٱلنَّهَارَ لِتَسْكُنُوا۟ فِيهِ وَلِتَبْتَغُوا۟ مِن فَضْلِهِۦ وَلَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ﴾ «Ол сендерге деген шексіз рақымымен бірінде дамылдап, тынығуларың, енді бірінде тіршілік етіп, Өзінің кеңшілігінен несібелеріңді табуларың үшін һәм Өзіне әрдайым шүкіршілік етерсіңдер деп түн мен күндізді жаратты»4.
Демалыс орны – үй
﴿وَٱللَّهُ جَعَلَ لَكُم مِّنۢ بُيُوتِكُمْ سَكَنًا وَجَعَلَ لَكُم مِّن جُلُودِ ٱلْأَنْعَٰمِ بُيُوتًا تَسْتَخِفُّونَهَا يَوْمَ ظَعْنِكُمْ وَيَوْمَ إِقَامَتِكُمْ وَمِنْ أَصْوَافِهَا وَأَوْبَارِهَا وَأَشْعَارِهَآ أَثَٰثًا وَمَتَٰعًا إِلَىٰ حِينٍ﴾ «Алла сендерге тұратын үйлер салуды нәсіп етті. Әрі төрт түлік малдың терісінен көшіп-қонған күндеріңде алып жүруге жеңіл үйлер, жасап алуды әрі олардың жүнінен киім-кешек, төсеніш сынды бұйымдарды және саудаға салатын заттарды жасауды нәсіп етті».5
Құранда үй «мәскән» деп те аталады. Бұл сөз «тыныштық табатын жер» дегенді білдіреді. «Бәйт» те үй деген сөз. Қағбаның да «Бәйт» аталуы содан.
Демек, Құран тынығып, көз шырымын алатын орын ретінде үйді көрсетеді. Үй – адамның тынығып, жай табатын мекені.
НИФАҚ БӨЛІМІ
عَنْ اِبْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: أَرْبَعٌ مَنْ كُنَّ فِيهِ كَانَ مُنَافِقًا خَالِصًا. وَمَنْ كَانَتْ فِيهِ خَصْلَةٌ مِنْهُنَّ كَانَتْ فِيهِ خَصْلَةٌ مِنَ النِّفَاقِ حَتَّى يَدَعَهَا: إِذَا أُؤْتِمِنَ خَانَ، وَإِذَا حَدَّثَ كَذَبَ، وَإِذَا عَاهَدَ غَدَرَ، وَإِذَا خَاصَمَ فَجَرَ. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.
Қазақша аудармасы
Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Төрт қасиет кімнің бойында түгел болса, ол – нағыз екіжүзді. Кімде солардың бірі болса, одан арылғанша бойында екіжүзділіктің бір белгісі қалады. Аманат тапсырылса, қиянат жасайды. Сөйлесе, өтірік айтады. Уағдаласса, сертін бұзады. Дауласса, шектен шығады».1
Түсіндірме
Нифақ – адамның ішіндегісін жасырып, сыртқа басқаша көрінуі. Ол сенімге қатысты болса, «нифақ әл-куфр», ал іске қатысты болса, «нифақ әл-амал» деп аталады. Амалдағы нифақ бір істі істеуден де, тастап кетуден де көрінуі мүмкін. Нифақтың дәрежелері әртүрлі. Бұл хадисте оның барлық сипаты түгел тізілмей, негізгі белгілеріне назар аударылған.
- 1Бұхари, Иман 24, Мазалим 17, Жизия 17; Мүслим, Иман 106, (58); Әбу Дәуіт, Сүннет 16 (4688); Тирмизи, Иман 14 (2634); Нәсәи, Иман 20, (8, 116).
وَعَنْ حُذَيْفَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: إِنَّمَا كَانَ النِّفَاقُ عَلَى عَهْدِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ، فَأَمَّا الْيَوْمَ فَإِنَّمَا هُوَ الْكُفْرُ بَعْدَ الْإِيمَانِ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.
Қазақша аудармасы
Хузайфа (р.а.) былай деген: «Нифақ Алла елшісінің (с.а.с.) дәуірінде болатын. Ал қазір бұл – иманнан кейін күпірлікке түсу».1
Түсіндірме
Хузайфаның (р.а.) бұл сөзін ғалымдар бірнеше түрде түсіндірген.
• Ибн Тиннің айтуынша, Алла елшісінің (с.а.с.) дәуірінде мұнафықтар тілмен иман келтіргенін айтса да, жүрегімен сенбейтін. Ал кейінгілер мұсылман ортада ислам болмысымен дүниеге келді. Солардың арасынан күпірлікке түскен кісі діннен шыққан саналады. Сондықтан мұнафық пен діннен шыққан адамға қатысты үкім бірдей емес.
• Ибн Хажардың пікірінше, Хузайфа Пайғамбар (с.а.с.) дәуіріндегі мұнафық пен кейінгі мұнафыққа қатысты үкімнің өзгергенін айтқан. Адам ішінен сенбей, сырттай иманды болып кез келген заманда көрінуі мүмкін. Алла елшісі (с.а.с.) мұнафықтардың ішкі сенімін біле тұра, олармен сырттай мұсылмандарға жасағандай мәміле жасасқан. Кейін дінге дұшпандығы ашылып, мұсылмандарға зиян келтірген адамға тиісті жаза белгіленген.
• Кейбір ғалымдар Хузайфа жамағаттың басшысына бағынудан бас тартуды жаһилиятқа тән іс деп санаған дейді. Оның пікірінше, басшыға қарсы шығып, тартысу ﴿وَلَا تَنَٰزَعُوا۟﴾ «таласып-тартыспаңдар» деген аятқа қайшы. Сондықтан дінге қарсылығын ашық көрсеткен адам мұнафықтардың жасырын санатына кірмейді.
- 1Бұхари, Фитән 21.
وَعَنْ الْأَسْوَدِ قَالَ: كُنَّا فِي حَلْقَةِ عَبْدِ اللَّهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فَجَاءَ حُذَيْفَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ حَتَّى قَامَ عَلَيْنَا، فَسَلَّمَ، ثُمَّ قَالَ: لَقَدْ أُنْزِلَ النِّفَاقُ عَلَى قَوْمٍ خَيْرٍ مِنْكُمْ. قَالَ الْأَسْوَدُ: سُبْحَانَ اللَّهِ إِنَّ اللَّهَ عَزَّ وَجَلَّ يَقُولُ: إِنَّ الْمُنَافِقِينَ فِي الْدَّرْكِ الْأَسْفَلِ مِنَ النَّارِ. فَتَبَسَّمَ عَبْدُ اللَّهِ، وَجَلَسَ حُذَيْفَةُ فِي نَاحِيَةِ الْمَسْجِدِ. فَقَامَ عَبْدُ اللَّهِ فَتَفَرَّقَ أَصْحَابُهُ فَرَمَانِي بِالْحَصْبَاءِ، فَأَتَيْتُهُ. فَقَالَ حُذَيْفَةُ: عَجِبْتُ مِنْ ضَحِكِهِ، وَقَدْ عَرَفَ مَا قُلْتُ، لَقَدْ أُنْزِلَ النِّفَاقُ عَلَى قَوْمٍ كَانُوا خَيْرًا مِنْكُمْ، ثُمَّ تَابُوا، فَتَابَ اللَّهُ عَلَيْهِمْ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.
Қазақша аудармасы
Әсуәд былай деген: «Абдулла ибн Мәсғудтың (р.а.) мәжілісінде отырған едік. Хузайфа (р.а.) келіп, сәлем берген соң: “Нифақ сендерден қайырлы бір қауымға түскен”, – деді. Мен: “Сұбханалла! Алла Тағала ﴿إِنَّ ٱلْمُنَٰفِقِينَ فِى ٱلدَّرْكِ ٱلْأَسْفَلِ مِنَ ٱلنَّارِ﴾ ‘Шүбәсіз, екіжүзділер тозақтың ең төменгі қабатында’1 деген ғой”, – дедім. Абдулла жымиды, Хузайфа мешіттің бір шетіне барып отырды. Абдулла орнынан тұрып, қасындағылар тарады. Хузайфа маған ұсақ тас лақтырып шақырды. Қасына барғанда: “Оның күлгеніне таңғалдым. Ол сөзімнің мәнін білді. Нифақ сендерден қайырлы қауымға түскен. Кейін олар тәубе етті, Алла олардың тәубесін қабыл алды”, – деді».2
Түсіндірме
1. Ғалымдар осы аятқа сүйеніп, мұнафықтардың азабы кәпірлерден ауыр екенін, өйткені олардың дінге тигізер зияны көбірек екенін айтқан.
2. Хузайфа сахабалар табиғиндерден қайырлы болғанымен, олардың дәуірінде де мұнафықтар болғанын айтқан.
Ибн Мәсғудтың (р.а.) жымиғаны сөзге келіспеудің белгісі сияқты көрінген. Хузайфа бұған таңғалғанын Әсуәдке айтып, Ибн Мәсғудтың өзі де оның сөзінің мәнін түсінгенін ескерткен.
- 1«Ниса» 145.
- 2Бұхари, Тәпсір, Ниса 25.
وَعَنِ ابْنِ أَبِي مُلَيْكَةَ قَالَ: أَدْرَكْتُ ثَلَاثِينَ مِنْ أَصْحَابِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ مِمَّنْ شَهِدَ بَدْرًا، كُلُّهُمْ يَخَافُ النِّفَاقَ عَلَى نَفْسِهِ، وَلَا يَأْمَنُ الْمَكْرَ عَلَى دِينِهِ، مَا مِنْهُمْ أَحَدٌ يَقُولُ: إِنَّهُ عَلَى إِيمَانِ جِبْرِيلَ وَمِيكَائِيلَ عَلَيْهِمَا السَّلَامُ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ فِي تَرْجَمَةٍ.
Қазақша аудармасы
Ибн Әбу Муләйка былай деген: «Алла елшісінің (с.а.с.) Бәдір шайқасына қатысқан отыз сахабасының көзін көрдім. Бәрі өзінің нифаққа түсуінен қорқатын, дінін қатерден аман санамайтын. Олардың ешқайсысы иманым Жәбірейіл мен Микаилдің (а.с.) иманындай демейтін».1
Түсіндірме
1. Хадисте мүміннің ақырғы деміне дейін иманы үшін алаңдап, ниетін жаңартып, өзіне есеп беріп жүруі керектігі айтылады. Мүміннің Алланың рақымынан үміт етіп, жазасынан қорқып жүруі осыған саяды.
Ибн Баттал: «Олар иманы үшін қатты қорыққан. Ұзақ ғұмырында күтпеген өзгерістерге куә болды, олардың алдын алуға шамалары жетпеді. Үндемей қалғаны үшін күнә арқалап, өздеріне нифақтың белгісі жұға ма деп қауіптенді», – деген.
2. Ибн Әбу Муләйка сахабалардың ешқайсысы өз иманын Жәбірейіл мен Микаилдің иманындай санауға батылы жетпегенін айтқан. Бұл – үлкен сахабалардың да үміт пен қорқыныш арасында өмір сүргенінің белгісі.
3. Бұхари осы риуаяттан кейін Хасан Басридың сөзін келтірген: «Нифақтан мүмін ғана қорқады, одан өзін мұнафық қана аман санайды». Құранда: ﴿وَلِمَنْ خَافَ مَقَامَ رَبِّهِۦ جَنَّتَانِ﴾ «Раббысының құзырында тұрудан қорыққан жанға екі бірдей жаннат бар»2, – делінген. Басқа аятта: ﴿أَفَأَمِنُوا۟ مَكْرَ ٱللَّهِ فَلَا يَأْمَنُ مَكْرَ ٱللَّهِ إِلَّا ٱلْقَوْمُ ٱلْخَٰسِرُونَ﴾ «Әлде олар Алланың өздерін тосыннан жазаламайтынына сенімді болды ма? Расында, соңында оңбай зиян шегіп, сорлап қалатын қауым ғана Алла өздерін аяқ астынан жазаламайды деп сенеді»3, – делінген.
- 1Бұхари, Иман 36.
- 2«Рахман» 46.
- 3«Ағраф» 99.