Хадис

Кутуб ситтә, № 5768

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
928. Тынығудың уақыты мен орны
Нөмірі
№ 5768 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
5768
Кутуб ситтә, № 5768 · тараудағы реті: 4

وَعَنِ ابْنِ أَبِي مُلَيْكَةَ قَالَ: أَدْرَكْتُ ثَلَاثِينَ مِنْ أَصْحَابِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ مِمَّنْ شَهِدَ بَدْرًا، كُلُّهُمْ يَخَافُ النِّفَاقَ عَلَى نَفْسِهِ، وَلَا يَأْمَنُ الْمَكْرَ عَلَى دِينِهِ، مَا مِنْهُمْ أَحَدٌ يَقُولُ: إِنَّهُ عَلَى إِيمَانِ جِبْرِيلَ وَمِيكَائِيلَ عَلَيْهِمَا السَّلَامُ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ فِي تَرْجَمَةٍ.

Қазақша аудармасы

Ибн Әбу Муләйка былай деген: «Алла елшісінің (с.а.с.) Бәдір шайқасына қатысқан отыз сахабасының көзін көрдім. Бәрі өзінің нифаққа түсуінен қорқатын, дінін қатерден аман санамайтын. Олардың ешқайсысы иманым Жәбірейіл мен Микаилдің (а.с.) иманындай демейтін».1

Түсіндірме

1. Хадисте мүміннің ақырғы деміне дейін иманы үшін алаңдап, ниетін жаңартып, өзіне есеп беріп жүруі керектігі айтылады. Мүміннің Алланың рақымынан үміт етіп, жазасынан қорқып жүруі осыған саяды.

Ибн Баттал: «Олар иманы үшін қатты қорыққан. Ұзақ ғұмырында күтпеген өзгерістерге куә болды, олардың алдын алуға шамалары жетпеді. Үндемей қалғаны үшін күнә арқалап, өздеріне нифақтың белгісі жұға ма деп қауіптенді», – деген.

2. Ибн Әбу Муләйка сахабалардың ешқайсысы өз иманын Жәбірейіл мен Микаилдің иманындай санауға батылы жетпегенін айтқан. Бұл – үлкен сахабалардың да үміт пен қорқыныш арасында өмір сүргенінің белгісі.

3. Бұхари осы риуаяттан кейін Хасан Басридың сөзін келтірген: «Нифақтан мүмін ғана қорқады, одан өзін мұнафық қана аман санайды». Құранда: ﴿وَلِمَنْ خَافَ مَقَامَ رَبِّهِۦ جَنَّتَانِ﴾ «Раббысының құзырында тұрудан қорыққан жанға екі бірдей жаннат бар»2, – делінген. Басқа аятта: ﴿أَفَأَمِنُوا۟ مَكْرَ ٱللَّهِ فَلَا يَأْمَنُ مَكْرَ ٱللَّهِ إِلَّا ٱلْقَوْمُ ٱلْخَٰسِرُونَ﴾ «Әлде олар Алланың өздерін тосыннан жазаламайтынына сенімді болды ма? Расында, соңында оңбай зиян шегіп, сорлап қалатын қауым ғана Алла өздерін аяқ астынан жазаламайды деп сенеді»3, – делінген.

  1. 1Бұхари, Иман 36.
  2. 2«Рахман» 46.
  3. 3«Ағраф» 99.